Басты жаңалықтар

Біздің ағалар

Лұқпан

Газетте жауапты хатшының бар құралы қайшы мен сызғыш деген бұрыннан қалған әңгіме бар. Неге олай екенін газетте жасаған адам ғана біледі. Мен көргенде қайшыны бір қолына, сызғышты екінші қолына ұстап газет номерін құрғандардың соңы Лұқпан Жұмабаев, Дербісәлі Ниязбаев ағаларымыз болар. Солардың қазіргі ізбасарларының қайшысы  да, сызғышы да – компьютер.

Секретариат – газеттің штабы, күні бойғы жасаған жұмысың, жазған-сызғаныңның барлығы машбюроны, бөлімді, редакторды жағалап келіп, осы арада жауапты хатшының алдында шоғырланады.  Сосын материалым не болды екен деп тың-тыңдап, сәлем берген боп, кіріп-шығып жүргенің. Бір жағынан жиі сәлем беруге, көзге түсе беруге де болмайды. Әйтпесе, Лұқпан ағаң тап сізді іздеп отырған адамдай «әй, бала, мында кел, мына бір хабарды тым жақсы етіп даярлай қойшы» деп кезектен тыс «салық» салып жіберуі мүмкін.

Жауапты хатшының атқаратын қызметін айтып жеткізу үшін, орысша айтқанда, редакцияның бүкіл «кухнясын» ашып беру керек. Ол өте ұзақ әңгіме. Себебі жұмысқа келгеніңнен кеткеніңе дейін секретариатпен байланыстысың. Содан-ақ осы міндетті он жыл емес, жиырма жыл емес, ұзақ атқарған Лұқаңның үлес салмағы қандай екенін аңғару қиын болмас.

Бұл кісі қаншама тығыз, аласапыран жұмыстың арасында адамның тілін тапқыш, әркімнің ыңғайын білетін байқампаз адам. Анау-мынаудың арасында «осыны тап сендей етіп ешкім жасай алмайды» деп бір тапсырманы елеусіздеу етіп бере салғанда, мақтау қағаз алғандай болып қаласың. Бұл сен үшін ынталандыру, жігерлендіру. Солай деп кетті ғой, ұят болмасын деп тырысасың. Шынында барыңды салып орындайсың. Өзі ілкіде облыстық мәдениет басқармасын басқарған көрінеді. Жұмысты ұйымдастыру, адамдармен қарым-қатынас мәселесін сол жақтан шешіп келген болуы да керек. Әйтеуір қай жағына да сақадай-сай.

Бірде облыстық партия комитетінің тапсырмасы бойынша газеттің сол күні шығатын номеріне насихатшылар мен үгітшілерге көмек ретінде даярланған материал басылуға тиіс болды. Оны бізге беретін облыстық саяси-ағарту үйінің сол кездегі меңгерушісі Н.Ан. Мәтін, әрине, орыс тілінде болады. Оны әзірлеу маған тапсырылған. Жұмыс уақыты аяқталғанша материал қолға түсіп болмады. Идеология хатшысы әрі қол қоймаған. Сөйтіп өте кешігіп келді. Алдында бұл жөнінде редактордың  орынбасары келесі номерге берілер дегенді айтып кеткен. Бірақ Лұқаң  басқаша шешті: «Путь к коммунизму» номерге салып жатыр екен, солардан қалмайық, ой, оны қазір екеуміз қатырып тастаймыз» деді. Лұқаңның  өзі де аударысады екен деп ойладым. Әйтпесе, бір сағат, бір жарым сағатта бітетін шаруа емес. Даярлауға кірісіп кеттім. Лұқаң өз бөлмесінде. Анда-санда келіп, «Әне, болып қалыпсың ғой» деп кетеді. Қайдағы… тағы бір соғып «қазір… машинаны дайындап қойдым, қайтамыз» деп кетеді.

Кейін ойлаймын, әне, жұмыс деген. Бір жағынан Лұқаңның тәрбиелегені – жауапкершілікке дағдыландырғаны. Тәжірибе дегенді осындай ағалардан там-тұмдап үйрендік қой.

Негізі Лұқаң газет жұмысымен біте қайнасып кеткен адам. Былайша айтқанда, екі сөзінің бірі «газет» болып кеткен. Ол кезде  «Коммунизм жолы» аптасына бес рет шығады.  Секретариатта күнде майдан. Жауапты хатшы: «ана бетке пәлен жол материал жетпей жатыр, ана материалдан пәлен жол қысқарту керек, ананың суреті оңбай жатыр» деп жүргені. Жол, жол… Сол жол әбден миға сіңіп қалған ғой. Бірде  еңбек демалысынан оралып, жігіттерге мынадай әңгіме айтыпты: «Алматыға баратын болып, поездың купесіне орналастым. Купеде өзім қатарлы тағы екі азамат бар екен, әңгіме айтып отыр. Біреуі Орал жағынан көрінеді. Сол Орал жағындағысы әңгіме арасында анаған 200 қойым бар деді. Алаңсыз отырған мен: «ол екі жүз жолды не қыласың?» деппін ғой». Лұқаңда бұндай-бұндайдың талайы болған.

Шежіреге айналған жылдар ішінде газетке әркімнің-ақ еңбегі сіңді. Әркімнің өзіндік орны, ерекшелігі, қалдырған ізі бар. Соның ішінде, секретариаттағы макет ұстағандардың маңдай тері мол екенін әріптестердің барлығы мойындайды. Бір жағынан алғанда, газет те өз тұтынушысы бар тауар. Сондықтан оның бет-бейнесі, етек-жеңі жинақы болғаны дұрыс. Әр материалдың құны оның мазмұнымен қатар газетте орналасуына, безендірілуіне, тіпті қаріп формасына да байланысты. Соның бәрін үйлестіретін де секретариат. Ана бір мақаланы елеусіздеу етіп бере қойыпсыңдар, ананы олай етіпсіңдер деген де содан шығады.

Лұқаңның облыстық газетке келер жолы әуелі баспаханадан басталған көрінеді. Ол енді газет шығарудың барлық технологиясын көзіңмен көріп, санаңа сіңіретін орта. Оның пайдасы аз болмаған. Егер баспаханадағы орындаушыларға өзіңнің идеяңды жеткізе алмасаң, полиграфиялық білігің төмен болса, олар да сені жүре тыңдайды.

Лұқаң редакцияға келуі жөнінде:

– Мен әуелі курьерліктен бастаған адаммын, – дейтін. Курьер дегеніңіз – барып кел, алып келдің жұмысы. Содан ол алғашында редакция мен баспахана арасында қағаз тасушы болған ғой. Онда көлік жоқ, жаяуға екі ара біраз жер.

Лұқаң журналистер арасында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқандардың қатарынан.

– Шабуылға бір шығып қайтқанда, тобымыздың жартысынан айырылып қайтатын едік.  Айдалада, өліктердің арасында отырып, тамақтанған кезіміз де болды ғой, – дейтін.

Дербісәлі

Дәкең жайсаң мінездің адамы. Ретсіз әңгіме, бөгде әзіл-қалжыңға әуес емес. Тек жұмысын біледі. Сондықтан оған өзгелердің сәлемі де, сыйластығы да бөлек еді. Газетте әдеби қызметкерден бастап, бөлім меңгерушілігіне дейінгі жолдардан өткен, талай журналисті кәсіпке қанаттандырған адам. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, біраз уақыт секретариаттың бір тұтқасын ұстаған осы кісі. Оның  журналистік жолды 1938 жылдан бастағанын ескерсек, газеттің алғашқы қазығын қаққандардың қатарына  қосылады. Сол уақыттар аралығында талай қаламды тауысып, талай сияны сарқыған ағамыз. Өмір жолы да талай сынақтан тұрғанға ұқсайды. Он жасында ата-анадан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Ес білгеннен кейін, Орынбор қаласында рабфакта оқып білім алған. Қазақтың сол кездегі зиялы қауымының шетін көріп, қалғанын еске алып отыратын. Әуелі сол 1938 жылы «Социалистік жол» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Ол кезде газетте әскери және партия тұрмысы бөлімі болған. Бөлімді Дербісәлі ағамыз басқарған.

Дербісәлі Ниязбаевтың өмірбаянындағы айшықты жолдың бірі – Ұлы Отан соғысы. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, майдан жолын Вена қаласында аяқтайды. Қатардағы жауынгерден капитан дәрежесіне дейін жеткен майдангердің омырауы толған жауынгерлік ордендер мен медальдар болатын. Ол кезде ондай әскери шенге жету, әрине, асқан беделдің белгісі. Ол әскери тәртіпті, тактика мен стратегияны білген, әскери құрамаға жетекшілік ететін адамның ғана қолынан келген.

Күнделікті қызмет барысында әр түрлі жиындар, шағын отырыстар болып жатады. Бәрі де жұмыстың қамы. Дұрыс әңгіме, орынды ұсыныс қажет. Ондайда да Дәкеңнің көңілге қонар пікірлері болып жатады.

Мінезге кең, асып-сасуды білмейтін, әр нәрсеге байыппен қарайтын адам. Соған ұқсауға тырысатынбыз. Ол кісінің мінезге бай болуы, көрген-білгенінің мол болғанынан болса керек. Әңгіме басында өмір жолы талай сынақтан тұрған дегенді айтып едім. Ол естігеніміз, әңгімелерден байқағанымыз ғой. Әттең-ай, сол сынақтың бірі қарттықтың ауылында жүрген Дәкеңе тағы да тап болды. Жетпіс жасқа таяған шағында азамат болған ұлы аяқ астында дүние салды. Ол Дәкеңнің өзінің де денсаулығы сыр беріп жүрген кез еді. Содан ағамыз қатты соққы алды. Көп ұзамай өзі де көз жұмды.

Бүгінде газет өткен жолдарды қалың бір тарих дейтін болсақ, Дәкеңдер соның мазмұнды бір парағы. Дәкең қызметте болған тұстарда Құбаш Қожамұратов, Хасен Наурызбаев, Кәрім Ержанов сияқты аға буынның үлкен бір легі болған көрінеді. Кейінгі келген жастар сол топтан Дәрбісәлі Ниязбаев, Лұқпан Жұмабаев, Ерекеш Бірманов, Смағұл Мұқашев сияқты үлкендердің ғана алдын көріп қалдық. Бірқатар жыл секретариаттың қамытын киіп, Лұқпан Жұмабаев пен Дербісәлі Ниязбаевтан тәжірибе үйренген, сабақ алған Қуаныш Тектіғұлов кейін бас редакторлық дәрежеге дейін көтерілді. Бөлім меңгерушісі болғандардың қай-қайсысы да осы алдыңғы топтың ізбасарлары.

Газет шын мәнінде журналистиканың кәсіптік бір мектебі. Тағдырын онымен шын байланыстырып, алтын уақытын адал арнаған адам редакцияға шәкірт боп келіп, ұстаз боп өтеді деуге болар еді. Соның мысалы біз көрген, көрмесек те аты қалған ардагер қаламгерлер. Лұқпан Жұмабаев пен Дербісәлі Ниязбаевты осы топқа қосар едім.

Амангелді СМАҒҰЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button