БілімЖаңалықтар

Ақтөбеде геодезия мамандығы ашыла ма?

Бейсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің оқытушылары, ата-аналар және оқушылармен кездесті. 84 жыл тарихы бар оқу ордасының ғимаратын аралап, тыныс-тірлігімен танысты.
2007 жылдан бастап колледжде дуальды оқыту әдісін енгізу қолға алынды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Аталған колледждегі 15 мамандықтың
3-еуі ғана жаңа жүйеге көшкен. Облыс әкімінің пікірінше, бұл — аз.
— Колледждің кейбір қондырғылары ескірген, заман талабына сай келмейді. Сол себепті материалдық базаны жаңарту керек. Бұл ретте облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі қажет. Бұл — бір. Екіншіден, ақылы оқу бөлімі арқылы тапқан қаржыны ғимараттың материалдық-теникалық базасын нығайтуға жұмсау керек, — деді облыс басшысы.
Еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін бәсекеге қабілетті маман даярлау — басым бағыттардың бірі. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін сұранысқа сай маман даярлау — басты міндет. Колледж оқушыларының 73 пайызы жұмыспен қамтылған. Аймақ басшысының айтуынша, бұл да аз көрсеткіш.
Елбасы еліміздің барлық облыстары бір-бірімен теміржол, тасжол арқылы байланысуы тиістігін тапсырды. Қазақстан — тасжол мен теміржол салудан әлемдегі алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Соңғы 10-15 жылдың ішінде жалпы көлемі екі мың шақырымнан астам теміржол салынды. Ел экономкасы үшін ерекше маңызға ие «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің 648 шақырымы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді. Биыл Ақтөбе-Атырау- Астрахань тасжолының құрылысы басталады. Келесі жылы «Орталық-Батыс» жобасы бойынша жұмыстар қолға алынады. Ақтөбе-Орск тасжолына күрделі жөндеу жүргізіледі. Облыс әкімі осы жолдар үшін, жол сапасын жақсартуды мақсат еткен ауқымды жұмыстар үшін білікті мамандар керектігін қадап айтты.
Шарада колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова оқу орны туралы баяндама жасады. Колледжде 3092 оқушы білім алып жатыр. Олардың
1333-і өзге облыстардан келген жастар. Колледжге тиесілі екі жатақхана бар. Жиын барысында ата-аналар, оқытушылар мен оқушылар облыс әкіміне сауалдар қойды. Ата-ана Лавақбай Айсанов жұмыс берушілер жас мамандарды жұмысқа алуы үшін екі жылғы жұмыс өтілі керек деген талап қоятынын айтты.
4-курс оқушысы Жұлдыз Нұртас соңғы курс оқушылары студенттері біліктілігін дәлелдеу үшін тест тапсырып, сертификат алатынын, дегенмен сертификаттың жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын кешенді тестілеу кезінде де, жұмысқа орналасу үшін де қажеті болмайтынын, осы сертификаттың тым болмаса, кешенді тестілеу кезінде пайыздық жеңілдік берілуіне септігі тисе екен деген өтінішін жеткізді.
«Қазақавтожол» кәсіпорнының директоры Әкімжан Өтемұратов та облыс әкіміне өз өтінішін білдірді. Ол өз сөзінде аталған оқу орнының базасында геодезия мамандығы ашылса, кәсіпорын тарапынан көмек болатынын жеткізді.
Аймақ басшысы сауалдардың бәрін мұқият тыңдап, тұшымды жауап берді.
Мекеме басшыларының жас мамандардан екі жылғы жұмыс өтілін сұрауы — заңсыз. Мұндай келеңсіздікке жол берілмеу үшін кәсіпорындардың әрекетін тиісті басқармалар бақылауға алатын болады.
Облыс әкімі «Геодезия» мамандығын ашу туралы ұсынысты қолдап, облыстық білім басқармасына тапсырма берді.
— Топ ашу үшін қаржы бөлу керек болса, келесі оқу жылынан бастап бұл мәселені де шешуге болады, — деді ол.
Сертификат мәселесі де жан-жақты зерттеліп, осы оқу жылының аяғына дейін шешілетін болады.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында біраз шаруа қолға алынады. Биыл кем дегенде 10-15 әлеуметтік нысанды салу жоспарланып отыр.
— Бес айда байқағаным, Ақтөбе облысында дағдарыс сезілмейді. Халықтың жағдайы жақсы. Ең негізгісі, бірлігіміз мықты болуы керек, — деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button