БілімЖаңалықтар

Шағын жинақты мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе гуманитарлық колледжіне барып, 90 жылдан астам тарихы бар оқу орнының тірлігімен танысты. Ондағы оқытушы, ата-ана, студенттермен кездесті.
Жиында сөз алған аймақ басшысы сұранысқа сай маман даярлау керектігін нықтап айтты. Ал аталған оқу орны түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткішінің 73 пайыз болуы аздық етеді.
Білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі — шағын жинақты мектептердің тірлігі. Біздің облыстағы 423 мектептің 237-сі (56 пайыз) шағын жинақты мектеп. Оның — 43-і бастауыш мектептер. Бұл мектептер жабылса, ауылдың тіршілігінен мән кетеді, болашағы бұлыңғыр болады. Ондағы маманның сапасы да үлкен мәселе. Екі сыныптың оқушылары бірігіп оқиды. Бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ беруі де білім сапасын төмендетіп жібереді. Ал еліміздегі бекітілген ереже, заңнамаларда оқу орнының екі-үш пәннің мұғалімі мамандығын қатар даярлауына мүмкіндігі жоқ. Облыс басшысының айтуынша, болашақта мұндай шағын мектептер негізгі мектептермен біріктіріліп, қатынап оқитын балалар үшін интернаттар ашылады. Бұл — білім сапасының көтерілуіне сеп. Дегенмен, облыстағы 237 шағын жинақты мектептің бәрін жабуға тағы болмайды. — Сондықтан сол мектептер үшін екі-үш пәннің мұғалімі мамандығын қатар даярлау мәселесін шешуіміз керек. Былтыр Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде түлектерге бірден екі мамандықтың иесі болуы үшін арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, эксперимент басталды.
Шағын жинақты мектептердегі мамандарың мәселесін шешу үшін колледж басшылығы облыстық білім басқармасымен бірлесіп жұмыс істеуі керек, — деді облыс әкімі.
Жиында колледж директоры Ералы Нұрғалиев оқу орны туралы қысқаша баяндама жасады. Мұнда 1740 студент білім алады. 161 оқытушы еңбек етеді. Колледж оқушыларының тәжірибеден өтулері үшін 20 мектеп пен 12 балабақшамен келісім жасалған.
Шара барысында колледж оқытушылары облыс әкіміне оқу орнында спорт, акт залдардың жоқтығын айтып, колледж ғимараты маңындағы жекенің иелігіндегі автотұрақтың орнына қосымша құрылыс салу туралы өтініштерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы кәсіпкер үшін әкімдіктен жер берілетінін айтып, автотұрақ иесімен келісім жасауды колледж директорына тапсырды.
Спорт залы мен акт залы үшін қосымша құрылыс жүргізіліп, екі қабатты ғимарат салынады.
Аймақ басшысы сөзінің қорытындысына ауылдардағы Мәдениет үйіне кәсіби мамандар жетіспейтінін, балабақшадағы педагогтердің балаларға үш тілде білім беруі үшін ағылшын тілін де білуі керектігін, мектеп оқушыларын еңбекке баулу қажеттігін айтты. Ол өз сөзінде колледждерде сырттай оқу бөлімдерінің жұмыс істеуі дұрыс еместігін тілге тиек етті.
— Колледждердегі сырттай оқу бөлімдерінің жұмысын тоқтатуымыз керек. Мәселе — ақшада емес. Білікті маман даярлау — басты міндет. Көптеген жыл мектепте мұғалім болып еңбек етіп, дегенмен оқымай қалған кісілер болса, әңгіме басқа. Ал ақша алу мақсатында топырлатып «оқытқаннан» нәтиже жоқ, — деді
Бердібек Сапарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button