Білім

Балдырған

Адам

Тіршіліктің тірегі

Қан – тірі организмнің бойымен қан тамырлары арқылы үздіксіз жүріп тұратын қызыл түсті сұйық зат. Орта есеппен адам денесінің 6,8 пайызы қан (70 кг салмағы бар денеде 5 литрдей қан болады).

Қанның негізгі құрамды бөліктері – плазма деп аталатын сарғылт сұйық зат пен соның ішінде жүзіп жүрген қызыл және ақ қан түйіршіктері.

Қан плазмасында организмнің тіршілік етуіне керекті әр алуан күрделі және қарапайым заттар – белок, май, углевод, тұз, қышқыл, витамин, т.б. болады.

Қанды қызыл түсті етіп көрсететін нәрсе – оның микроскоппен ғана көруге болатын эритроцит деп аталатын өте ұсақ түйіршіктері. Бұлар қанның ішінде 80-100 күн өмір сүреді де, содан кейін өледі. Әрбір секунд сайын адамның қанында 10 миллионға жуық эритроцит ауыстырылып отырады.

Эритроциттер гемоглобин деп аталатын ерекше затқа толтырулы болады. Гемоглобиннің құрамындағы темір тектес бояғыш зат демді ішке тартқан кезде өкпеге келген ауадағы оттегін оп-оңай ұстап алады. Оттегіне молыққан өкпедегі қан бүкіл денеге тарап, оттегін апарады. Денедегі әрбір клеткаға оттегі қажет, онсыз клетка өледі.

Адамның қанынан микроскоппен қарағанда жыпырлаған эритроциттермен қатар, аздаған ақ түйіршіктерді – лейкоциттерді көруге болды. Лейкоциттер адамға ауру жабыстыратын микробтардан организмді қорғайды. Организмнің ішіне микробтар кіріп кетсе болғаны, қанның ақ түйіршіктері топтанып, жаңағы қауіпті жерге қарай ұмтылады, микробтармен айқасқа түседі, оларды қырғынға ұшыратып, жалмап жеп, бойына сіңіреді.

Қан организмді қоректендіріп тұрады. Дененің клеткалары өседі, өнеді, тозған, өлгендерінің орнына жаңа клеткалар пайда болады. Сол үшін оларға арнаулы «құрылыс материалы» керек, оны беретін – тамақ. Тамақ асқазан мен ішектердің ішінде ұзақ уақыт бойы мұқият сұрыптаудан өтеді. Содан кейін оның барлық нәрін қан тамырлары ішке қарай сорып алады да, ағып өтіп жатқан қанға араластырып қоя береді. Капиллияр тамырларының жыпырлаған ұштары арқылы қан организмдегі барлық клеткаларды оттегімен ғана емес, сумен де, қорек, нәр, тұз, витаминдермен де қамтамасыз етіп тұрады.

Қанда тромбоцит атты ерекше клетка бар. Ол қанды ұйытуға қызмет етеді. Егер қан тамырларының бір жері жарақаттанса, сол жердің қаны қоюланып, әлгі жараның аузын бекітіп тастайды.

Қанатты әлем

Шатырдағы шағын құс

Сендердің өздерің де көбірек көріп жүретін бір құс бар. Ол өзі бұлбұлдың әнінен үзінді айтып бере алады. Бұл құстың аты – қараторғай.

Қараторғай – салмағы 75 грамм, дене тұрқы 23 сантиметрдей болатын шағын құс. Мойны қысқа, тұмсығы ұзындау, түсі металдай жарқылдаған қара, сол қара қауырсындарының арасынан ақ дақтарды кездестіруге болады.

Бұлар Еуропада, Азияда және Африканың солтүстігінде таралған. Өздері – жыл құсы, тек қана оңтүстікте ұялайтындары ғана тұрғылықты болып табылады. Ұялайтын жерлеріне, мәселен, Қазақстан территориясына, наурыз айының басында келе бастайды. Ұясын ағаш пен жартас қуысына, жар қарлығашының ініне, шатырға және басқа жерлерге сала береді.

Мекиені 5-6-ға дейін жұмыртқа туып, оны аталығымен екеуі кезектесіп басып, 13-15 күннен соң балапан шығарады. Балапандары үш аптадан кейін қанаттанады. Бұл кезде мекиені екінші рет жұмыртқалай бастайды да, аталығы біраз уақыт ұшқан балапандарды қоректендіреді. Содан кейін ол ұясына қайта оралып, мекиенін жемдейді, кезектесіп жұмыртқа басады, балапандарға жем тасысады. Бұдан кейін үлкен топ құрып, қыркүйек-қазан айларында қыстайтын жерлеріне қарай қайтады.

Қараторғай зиянды насекомдар мен олардың личинкаларын көптеп жойып, ауыл шаруашылығына елеулі пайда келтіреді.

Атамекен

Біз «Балдәуренге» бардық

Мен өткен жылы 9-сыныпты үздік куәлікпен аяқтадым да, Шортанды қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып қайттым.

«Балдәурен» орталығы 2002 жылы 14 желтоқсанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ашылған. Бұл жерде жылына республиканың 4500-ге жуық үздік оқушылары демалады.

Біз, Шалқар қаласынан жеті бала, яғни әр мектептің бетке ұстар үлгілі оқушылары бірге демалып қайттық. Біз барған маусым «Мен – Қазақстан азаматымын» деп аталады екен. Республиканың 14 облысынан жиналған дарынды балалар бас қосқан орта өте қызықты болды. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Лагерь ғимараты жаңа үлгіге сай, Шортанды көлінің жағасына орналасыпты.

Демалыс барысында лагерьде көптеген сайыстар өткізілді. Бассейнге бардық, Оқжетпес пен Жұмбақтастың әсем табиғатын тамашалап, Бурабайға саяхат жасадық. Қай кезде де бір үйдің баласындай тату, ұйымшыл болып жүрдік.

Балдәурендіктердің өз әнұраны, өз ережесі, өз заңдары болды. Ұйымдастырушы ұстаздар да сегіз қырлы, бір сырлы. Балдәурендегі барлық мерекелер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді. «Балдәуренде» демалған әрбір бала:

Біз сұлумыз, балдаймыз,

«Балдәуренді» таңдаймыз, –

деп мақтанышпен айта алады.

Осындай тамаша республикалық лагерьде демалып қайтуымның басты себебі – менің жақсы оқуым мен үлгілі тәртібім деп білемін.

Мөлдір ӘБДІКОВА,

№6 орта мектептің оқушысы.

Шалқар қаласы.

Тілек

Нұрлы шуақ

Мектеп табалдырығын  алғаш аттаған кезден зердемізге білім, ұлағат нәрін сепкен, сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар ұстайтын ұстаздарымыздың ардақты есімі біз үшін қашанда ерекше.

Ұстаз – бір-бір үйдің еркесіне білім беріп, көз майын тауысып отыратын, өзінің барлық жігерін, білімін, бойындағы барлық бағалы қасиетін шәкірт бойына дарытып, жақсылық пен ізгілікке жол көрсетер аяулы тұлға.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ, бүгінгі күні сан түлегін сан салаға түлеткен №32 мектеп-гимназиямыздың ұстаздары мен шәкірттерінің жеткен жетістіктері аз емес. Бұл ұстаздарымыздың ел ертеңі – білімді азамат тәрбиелеп шығарудағы абыройлы еңбегінің жемісі деп білеміз.

Біздің айналаға нұр шашқан күн сәулесі секілді ұстаздарымыз бен озық көштің бұйдасын ұстап жүрген директор апайымыз Марта Есіркепқызы Малайдарға алғысымыз шексіз. Біз білім жолымен қатар ғылым мен өнерді, спорттың биік белестерін, асқар шыңдарын бағындыруға талмай-танбай жетелей білген барша ұстаздарымызды мақтан тұтамыз. Дәстүрлі мұғалімдер мерекесі қарсаңында барлық шәкірттері атынан ұстаздарымызға мына жыр жолдарын арнаймын:

Ұстаз деген ұлағатты сөз екенін білемін,

Ұстаз десе, дір етеді лүпілдеген жүрегім.

Ұстаздарым, мәңгілікке жарқырасын еңбегің,

Қабылдаңыз шын жүректен шәкірттердің тілегін.

Айдана ШӘКЕНОВА,

11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button