Басты жаңалықтар

Ағалардың алақаны

1965 жылы Шалқардағы білімнің қара шаңырағы атанған №1 орта мектептің он бірінші класын бітіргеннен кейін, аудандық баспаханаға әріп теруші болып жұмысқа орналастым. Мектеп қабырғасында жүргенде ұсақ-түйек жазған-сызғандарым аудандық газет бетінде жарияланып тұратын. Баспахана  меңгерушісі байырғы полиграфист, соғыс ардагері Жұмағали Тағанов сөзге келместен арызыма қол қойды да, сол күні жұмысқа қабылдады. Мені баспаханаға тартқан нендей күш?

Шалқардағы журналистер Аманбай Көздібаев, Батырхан Мейірханов, Ұзақбай Төлебаев, Жұбатқан Тұрлыбекова осы Жөкеңнің, Жұмағали Тағановтың «шекпенінен» шыққандар еді. Сондағы ойым, мен де баспаханада жұмыс істесем солардай болар ма екенмін деген арман еді. Ол кезде баспахана мен редакция бір аулада орналасқан, әрі бір-бірімен өте тығыз байланысты болатын. Қолым қалт еткенде редактордың тапсырмасымен әр жер-әр жерге барып, материалдар жазып әкелемін. Қайсыбіреулерін облыстық газетке жіберіп жатамын. Көбінесе  өлеңдер жолдайтынмын. Алғашқы өлеңім 1967 жылы «Коммунизм жолының» («Ақтөбе») бетіне жарық көргендегі қуанышым әлі күнге естен кетпейді. Аптасына бес рет шығатын облыстық газеттің әр нөмірін қалт жібермеймін. С.Мұқашев, М.Нұртаев, Д.Мұқаев, М.Құрманалин, К.Бекмағанбетов, М.Мырзағұлов, Ә.Оралбаев секілді танымал журналистердің мақалалары дүркін-дүркін шығып жатады.

– Осы Нұрқайыр аға неге мақала жазбайды? – деп сұраймын Әбдіқани Айтмағанбетовтен, – Әлде редакторлар жазбай, жазғандарды түзетумен отыра ма?

– «Н.Әділетұлы» деп қол қойған мақаланы оқыдың ба? – дейді ол.

– Е-е, оқып жүрміз.

– Ендеше сол Нұрқайыр ағаңның әдеби псевдонимі.

Кейін білдім, журналистік этика бойынша редакторлар өз газеттеріне мақаланы бүркеншік атпен жазады екен. Ол кездегі тәртіп те солай болатын.

Ендігі арманым сол ағаларды көру болатын. Оның да сәті түсті. 1968 жылы Орталық партия Комитетінің аудандық газеттер жөніндегі қаулысына орай бүкіл аудандық газет қызметкерлері Ақтөбеге жиналдық. Бұл уақыт менің газетте ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезім еді. Жиналысты сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.И.Журин өзі ашып, өзі басқарып отырды. Екінші хатшы И.К.Женалаев баяндама жасады. Көптеген редакторлар шығып сөйледі. Мұндай үлкен жиынға бірінші қатысуым еді, әсері әлі күнге дейін естен кетпейді.

Ертесіне облыстық газет редакциясына бардық. Менің жолбасшым – Әбдіқани. Ол кезде редакция Фрунзе көшесі, №24 үйде орналасқан  болатын. Терезесі ауласына қараған, күңгірттеу бөлмеге кірдік. Төрде шашын оң жағына қарай қайырған әдемі жігіт, оның алдында шашын кейін қайырған қазақы қара жігіт отыр. Төрдегісі белгілі ақын Мұхтар Құрманалин де, қасындағысы прозаик Құрал Тоқмырзин екен.

– Мұха, мынау Шалқардағы ақын інің, – деп Әбдіқани мені таныстырып жатыр.

Өмірімде тірі ақынды бірінші көруім еді. Мұхаңның әрбір сөзін мұқият тыңдап, жүріс-тұрысы мен қимылынан, қолына қалам ұстауынан көз алмаймын. Мұхаңның сырт келбеті қандай – келісті-ақ жігіт. Сол кезде Мұхаңды 40 жаста дегенде нанған жоқпын. Өте жас көрінетін.

Жетпісінші жылдардан бастап ұлы күйші Қазанғаптың өмірінен деректі әңгімелер жаза бастадым. Бір кездескенде Мұхаң, бұл кезде ол Жазушылар одағының облыстағы әдеби кеңесшісі болатын.

– Маған сенің өлеңіңнен гөрі осы деректі әңгімелерің ұнайды, – деді. Содан кейін өлеңді  тастадым. Кейін білдім, өзімді өзім бекер қинап жүр екенмін. Мұхаңмен көп жыл сапарлас, дәмдес болдық, әлі күнге дейін сәлеміміз түзу.

Бірер сөз Нұрқайыр аға жөнінде. Ол кезде  аудандық газетке Орталық партия Комитеті айрықша көңіл бөлетін. Бас-аяғы он бес жылда (1968-1984) аудандық газеттер жөнінде үш-төрт қаулы алынды. Сондай бір қаулыдан кейін, 1970 жылдың күз айларының бірінде Ақтөбеде аудандық газет жауапты хатшыларының облыстық семинары өтті. Ол кезде біздің Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» («Шалқар») газеті мазмұны мен полиграфиялық безендірілуі жағынан облыста тұрақты түрде бірінші орын алып жүр еді. Семинарда  баяндамашылардың қатарында мен де бар  екенмін. Бөлім меңгерушілігінен жауапты хатшылыққа ауысқаныма бір-ақ жыл. Қатты қиналдым. Бірақ баспаханада әріп теруші, газет басушы болып істегенімнің пайдасы тиген болуы керек, 15 минуттық қазақша баяндама жасадым. Ол кезде мұндай жерде қазақша сөйлеу, тіпті әбестік саналатын. Алайда, Нұрекең сол бойда іліп әкетіп, менің пікірлерім мен ұсыныстарымды орысшаға аударып, отырғандар зердесіне жеткізді.

Ол кезде марапаттаулар жиі болып тұратын. Қазір ғой, әрі кеткенде Ақтөбеден төмен түспейді. Және де «бармақ басты, көз қысты» дегендер болмайтын. Сол бір албырт жастық шақта Мәскеуден «Баспасөз үздігі» деген атақ алсам, КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының неше  дүркін Құрмет грамоталарымен, дипломдарымен марапатталсам, мұның бәрі де сол кезде облыс журналистер ұйымын басқарып отырған Нұрекеңнің төменнен барған ұсынысқа еш кедергісіз жолдама беруінен деп есептеймін.

Мен білетін Нұрекең – күлгенде көмекейі көрінетін, адамға еш жамандық ойламайтын, ақ жарқын азамат, екі тілде бірдей сөйлей де, жаза да алатын шебер журналист. Әрине, пенде болған соң, біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Бірақ, өз басым Нұрекеңмен 30 жыл шығармашылық байланыста болғанымда, ағалық ақылын айтып, жасағанынан басқа ешнәрсе көргенім жоқ. Нұрекеңнің кейінгі толқын жас журналистерді  тәрбиелеудегі ізгі қасиеттерінің бірі осындай еді.

Нұрекеңнің орынбасары болған Таңатар Шаңбатыров ағамыз бала сияқты адам еді. Кей-кейде өзімнің жақындығымды сездіретіндей бірдеңені бастасам, «шырақтарым, мен Арал жақтың адамымын» дейтін. Оған жастар жағы ду күлісетін. 1974 жылы маусым айында газеттің 50 жылдығы аталып өтілген тойына да қатыстым. Тәкең сол күні «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ алды. Жігіттер кеу-кеулемей ме, баяғы. Аңқылдақ Тәкең бір уақытта торқалтасын толтырып келіп тұр. Дүкенге өзі барған.

Мұрат Нұртаев ағамыздың ертеңгілік бөлімдерді аралап, «Әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлеріне сәлем» деп кететін жақсы бір әдеті болатын. Төлеміс Меңдіғалиев ағамыз амандық-саулықтан кейін көп әңгімеге араласа қоймай, газет бетін сүзгілесе, Төребек Досқалиев ағамыз сөзі де шапшаң, жүріс-тұрысы да шапшаң, лезде-ақ пәленбай әңгіменің ілгегін ағытып тастайтын. Сағымбай Сембаев ағамыз жасы үлкендігіне  қарамай, орнынан тұрып, өзі келіп амандасатын. Ойы отыз тұтам, бойы бір тұтам Зейнолла  Құлжанов ағамызбен кәдімгі құрдастарша қалжыңдасып жүрдік. «Зеке, Зеке» дегенді көп айтып қоямыз-ау деймін, ондайда «Зекесіз  қал» деп «зекіп» тастайды.

Бірде бір бөлімде Кәдірбай Бекмағанбетов ағамызбен ұзағырақ әңгімелесіп қалдық. Кабинетіне барса, құлақшыны жоқ. Бәріміз де  ошарылып қалдық. Қорғасындай салмақты Кәдекең ағамыз сонда да  сасқан жоқ әй. Сексенбай, Аманғос сияқты жігіттер жік-жапар боп, қажетті жерлерге телефон соғып жатты. Ақыры жігіттер Кәдекеңе  су жаңа  құлақшын кигізіпті.

Редакциядағы шебер журналистердің бірі Идош Асқаров ағамыз болатын. Әсіресе, өзекті проблемаларға арналған етектей мақалалары республикалық газет-журналдарда жиі басылып жататын. Ол кісі ерінбейді, керек десе бір мақаланы жазу үшін бір жылдай ізденеді. Үйіндегі  кітапханасы да өте бай. Идақаң кейде көзімен бір атып жібергенде жасқанып қалатынбыз. Өз басым ол кісінің «көл» мінезін де, «шөл» мінезін де көрдім. Бірақ «ища» дескеміз жоқ, әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамыз.

Ол кезде қай бөлімде  болмасын, оқырман, тілші хаттары бума-бума болып жататын. Несін жасырайын, содан келгенде менің жазғандарым қай бөлімге түспесін, көп кідірмей жарыққа шығып жататын. Мұның  бәрі  де сол ағалардың анау-мынау деп бөліп-жармай, жас журналиске деген қамқорлығы, әрі кімнің кім екенін тани білетін қасиеттері еді.

«Ақтөбе» газеті – облыс журналистері жиі бас қосатын орталық штабы болды. Жоғарыда аталған ағалардың алақандарының ыстық табын әлі  күнге дейін сезініп жүрмін.

Мұқамбетәли ЕСМАҒАНБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button