БілімЖаңалықтар

«Мostratec»-тің үздіктері

Ақтөбе облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары Бразилияның Ново-Гамбург қаласында өткен «МOSTRATEC» халықаралық ғылыми жобалар байқауында топ жарып, «Ең үздік жоба» атағын иеленді.
Сайысқа математика секциясы бойынша лицей-интернаттың 11-сынып оқушылары Ерасыл Жәнібек, Айқын Әбілғазы, Әділжан Нұрмағамбетов, биология секциясы бойынша Темірлан Ақшолақов қатысып, өз жұмыстарын ағылшын тілінде қорғады. Нәтижесінде 25 елден келген 400-ден астам жоба ішінде ақтөбелік оқушылардың жобалары үздік деп танылды.
Білім бәсекесінде үш оқушыдан құралған топ (Ерасыл Жәнібек, Айқын Әбілғазы, Әділжан Нұрмағамбетов) математика пәнінен «Хэмминг әдісі бойынша кодтау», Темірлан Ақшолақов биологиядан «Көкөністер мен жеміс-жидектегі уытты,
зиянды заттардың деңгейін анықтау» тақырыбында өз жобаларын қорғап, меңгерген терең білімдерін көрсете білді.
— Оқушылар үш күн бойы ағылшын тілінде жоба қорғап, дайындаған слайдтары мен баннерлер арқылы өз еңбектерін жан-жақты көрсете алды. Екі жылдан бері жоба бойынша жүргізген зерттеулерін ұсынды. Нәтижесінде оқушыларымыз алтын медальға ие болды. Сондай-ақ, байқаудың ережесі бойынша Қазақстаннан барған оқушылардың арасында біздің балаларымыздың жобалары үздік деп танылып, арнайы кубокты иеленді. Бұл біз үшін үлкен жетістік, — дейді математика пәнінің мұғалімі, жоба жетекшісі Бауыржан Бисекенов.
Оның айтуынша, Қазақстаннан барған отызға жуық жобаның 7-еуі алтын, 7-еуі күміс, 8-і қола медальға ие болған.
— Біз байқау барысында өзіміздің білімімізді ғана емес, өнерімізді көрсеттік. Ашылу салтанатында «Қара жорға» биін билеп, ұлттық аспабымыз домбырамен «Адай» күйін орындадық. Ұлттық өнерімізге тәнті болған өзге мемлекеттерден келген қатысушылар біздің еліміз жайлы көп сауалдарын қойып жатты. Бір байқағанымыз, бразилиялықтар ағылшын тілін көп түсінбейді екен. Мемлекеттік тілі — португал тілінде сөйлейді, — дейді 11-сынып оқушысы Ерасыл Жәнібек.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button