БілімБасты жаңалықтар

Мүгедектер массаж жасауды үйренеді

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Ақтөбе медициналық колледжінде 2014 жылдан бері зағип жандарды массажшы-медбике ретінде даярлау ісі қолға алынған. Бұл жөнінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аталмыш оқу орны ұжымымен кездесуінде айтылды. Облыс басшысы басқа да оқу орындарында мүгедектікке ұшыраған жандардың өз мүмкіндіктеріне орай түрлі мамандықтарды игеруіне жол ашылуы керек деп есептейді.
Сейсенбі күні Ақтөбе медициналық колледжінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен өткен кездесуге оқытушылар, студенттер мен ата-аналар қатысты.
Жиында облыс әкімі:
— Денсаулық — адамның басты байлығы. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын жылдармен салыстырғанда, қазір еліміздегі медициналық мекемелердегі жағдай мүлде басқа. Мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлініп, заманауи құрал-жабдықтар, ең озық диагностикалық құрылғылар сатып алынып, бірінен соң бірі жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Бірақ, түптеп келгенде, бұл істердің бәрінің нәтиже беруі мамандарға байланысты болмақ. Соның ішінде, орта буын медицина қызметкерлері — мейірбикелерге зор жауапкершілік жүктелген: олар науқасты қарсы алып, бірінші болып тілдеседі, дәрігер тағайындаған емді жүргізеді. Мейірбикелердің біліктілігі, өз ісіне жауаптылығы, науқасқа деген оң пейілі мен жылы қабағының арқасында ғана ем нәтиже береді. Сондықтан сіздердің оқу орындарыңыздың сапалы мамандар даярлауы — халық үшін, еліміз үшін өте маңызды іс, — деп атап өтті.
Медициналық колледж директоры Мәжит Қозбақовтың келтірген деректеріне сай, колледж қабырғасында 7 мамандық бойынша мамандар даярланады. Оқу орны бүгінге дейін 20 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Қазір 1,5 мың жас оқып жүр. Олардың жартысы — ақылы, жартысы мемлекет есебінен тегін білім алады.
Осы орайда облыс әкімі:
— Ақылы оқытудан түскен қаржы материалдық-техникалық базаны нығайтуға, сондай-ақ, жалақыға қосымша төлем түрінде қарапайым оқытушылардың игілігіне жұмсалуы керек, — деді.
Болашақ мамандар кәсіби машықтану үшін Ақтөбедегі мүгедектер мен қарттар үйіне, колледж жанындағы массаж орталығы мен стоматологиялық клиникаға барып жүр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы емханалар мен ауруханаларда тәжірибеден өтеді. Дуальдық жүйе бойынша білім алып жатқандар саны — 197. Тәжірибе алмасу мақсатында Ресейдің Орск қаласындағы медициналық колледжбен байланыс орнатылған.
Колледждің бір мұң-мұқтажы — спорт залының жоқтығы. Дене шынықтыру сабағы әр жерлерде өтіп жүр. Ұжымды толғандырып отырған тағы бір мәселе — колледжге Мәншүк Мәметованың атын беру туралы бастаманың аяқсыз қалуы. Бұл жөнінде жиында осы колледжде отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаз Есет Өтешов айтты.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында колледждің 4-курсында оқып жүрген Жәния Аяубаева — көпбалалы ана әрі І топ мүгедегі.
— Елбасы бастамасымен қолға алынған қамқорлық аясында бізге массажшы мамандығын игеруге мүмкіндік беріліп отыр. Әрине, еліміз тарапынан жасалып жатқан бұл қамқорлыққа ризамыз. Енді Ақтөбе қаласынан массаж орталығы ашылса, құба-құп болар еді. Бұл біздің ешкімге масыл болмай, табыс табу үшін, жұмысқа орналасуымызды жеңілдетер еді. Массаж да — емнің бір түрі, жұртшылық оны жақсы біледі, — дейді Жәния Аяубаева.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.
— Қазір — дағдарыс уақыты. Дегенмен, елімізде қандай қиын кезеңде де медицина саласына қолдау көрсетіліп келе жатқанын өздеріңіз білесіздер. Осы жиында көтерілген мәселелер де біздің назарымызда болады. Колледжге Мәншүк Мәметованың атын беру туралы бастаманың аяқсыз қалу жайы анықталады. Бүгінде Ақтөбеде Батыс өңір бойынша медицина кластерін құруды қолға алдық. Ондағы мақсатымыз — науқастар сапалы ем, мықты дәрігер іздеп, шетел аспай, іздегенін өз ішімізден тапса дейміз. Сіздер де осы іске үлес қосуды ойлап, болашақ мамандар даярлауға үлкен жауапкершілікпен қарауларыңыз керек, — деді Бердібек Машбекұлы.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button