Басты жаңалықтар

Мәслихат депутаттығына үміткерлер тізімі мақұлданды

11 ақпанда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХ конференциясы өтті.
Конференцияға 133 делегат қатысты. Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев төрағалық етті. Делегаттар қатарында партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партияның белсенді мүшелері болды.
Белгіленген күн тәртібіне сай, алдымен партияның «Қазақстан — 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.
Бұл орайда партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбек Сағиев хабарлама жасады.
Бұл сайлауалды бағдарлама 29 қаңтарда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен партияның кезектен тыс XVII съезінде қабылданған еді.
Құжатта елдегі жетекші саяси күш — «Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл 17 жыл толатыны, «Нұр Отанның» осы 17 жылы — «жұмылу жылдары, біздің еліміздің, ел Президентінің жоспарларына сәйкес, серпінді даму жылдары» болғаны атап көрсетілген.
Осы жылдардың ішінде еліміздің экономикасы — 21 есе, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші 17 есе өсіпті. Халықтың табысы — 12 есеге, орташа айлық зейнетақы 10 есеге артқан.
Елімізде экономиканы әртараптандыру мақсатында қуатты негіз жасалды. 2010-2014 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіптің
28 жаңа секторы пайда болды.
— Осы жетістіктер — еліміздегі бірлік пен келісімнің жемісі. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге көпұлтты халықтың одан әрі дамуына және бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал етуді көздейді, — деді Айбек Сағиев.
Алдағы бес жыл мерзімге белгіленген міндеттерді қамтитын сайлауалды бағдарламаны талқылау барысында партияның Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Асылжан Бүркіталин сөз сөйледі. Соңында осы мәселеге орай қаулы қабылданды.
Жиында, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлер тізімі де талқыға салынды. Облыстық мәслихат депутаттығына 31 үміткер ұсынылып отыр. Ал кандидаттар ұсыну мақсатында өткізілген праймеризге 16 мыңнан астам адам қатысқан.
Делегаттар үміткерлер тізімін бірауыздан мақұлдады.
Жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үміткерлердің сайлаушылармен кездесулері кезінде партияның алға қойып отырған жоспарлары, жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтылуы керектігін еске салды.
— Әлемдік экономикалық дағдарыс қай елге де оңайға соқпайды. Мұнай бағасының құлдырауынан, өндіріс көлемінің төмендеуінен жоғалтып отырған қаржының орны Ұлттық қордан толтырылады. Дағдарысқа қарсы мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан қыруар істердің, бағдарламалардың бәрі де экономикалық қиындықтар халықтың жағдайына, әл-ауқатына кері әсер етпеуі үшін жасалып жатыр, — деді облыс басшысы.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button