Денсаулық

Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі: тиімділігі қайсы?

Өткен бейсенбіде Батыс Қазақстан аймағына енетін төрт облыстың денсаулық сақтау саласына жауапты қызметкерлері Ақтөбеге жиналды. Бұл күні облыстық әкімдік ғимаратында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу мәселелеріне байланысты аймақтық семинар өтті.

Осы мәселеге орай ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, елімізде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп отыр, мысалы, 2004 жылы 131 миллиард теңге бөлінген болса, 2009 жылға көзделген қаржы  –  473 миллиард теңге. Емханалар мен ауруханаларға қазіргі заманғы құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы өсті. Емханалар мен ауруханаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жер-жерлерде жаңа емдеу мекемелері ашылып отыр. Әйткенмен, осының бәрі негізгі көрсеткіштердің – ана мен бала өлімі, т.б.  жақсаруына әсер ете алмаған. Неге? Бұл сауалға жауап іздегенде әңгіме қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерге тіреліпті.

Жүйе дейтіндей бізде ортақ жүйе жоқ. Он төрт облыс және Астана мен Алматы қалаларының әрқайсысында бөлек-бөлек, яғни еліміз бойынша 16 денсаулық сақтау моделі қалыптасып отыр, – дейді министр.

Елімізде науқастарды емдеуге кететін шығын да әр өңірде әр түрлі: мысалы, Астана қаласында амбулаториялық жағдайда емдеу үшін әр науқасқа жұмсалатын шығын орта есеппен – 19, 5 мың теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш 9 мың теңгені құрайды. Ал стационарлық жағдайда емдеу үшін Қарағанды облысында бір науқасқа орта есеппен – 89 мың теңге қаржы жұмсалса, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 41 мың теңге болып отыр.

Жалпы, бүгінгі жүйенің басты кемшілігі – соңғы нәтижеге ешкім жауап бермейді. Науқасқа ем жүргізілді, ал содан кейінгі тағдыры не болды: айықты ма немесе ауруы асқынып, мүгедек болып қалды ма – бұл есепке алынып жатқан жоқ.

Өткен жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласында денсаулық сақтау мәселелеріне арналған республикалық кеңес өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында Үкімет пен әкімдер алдына бірнеше міндеттер қойған еді.

Осыған орай алдағы жылдан бастап, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйені енгізу бағдарламасы екі кезеңмен он жылға жоспарланған.

Бұл жүйе жеке адамдарға не береді?

Біріншіден, науқастарға таңдау еркі беріледі. Бұрынғыдай қаласаңыз да, қаламасаңыз да бір дәрігерге, бір емдеу мекемесіне байланып қалмайсыз. Тіпті, айталық, дәрігерді Ақтөбеден емес, Қостанай облыстық ауруханасынан таңдаймын десеңіз де – еркіңіз, ол жақта да таңдаған дәрігеріңіз Сізге тегін көмек көрсетуі тиіс. Бұл жағдайда, әрине, науқастар көңілінен шығатын емдеу орындарында кезек көбейеді, ал сапасыз қызмет көрсететін емханалар бос қалады. Ал кейін жабылып қалмау үшін, бас дәрігерлер, дәрігерлер өз жұмыстарына жауаптырақ қарауға мәжбүр болады.

Екіншіден, енді қаржыландыру мәселесінде соңғы нәтиже есепке алынбақ. Науқасқа дұрыс ем жүргізілді ме, жоқ па – ақша соған байланысты төленеді.

Алдағы жылдан бастап енгізілетін жаңалықтар, негізінен, стационарлық көмек мәселесіне қатысты болмақ. Стационарлық көмек шығындарын жабуға жұмсалатын мемлекеттік бюджет орталықтандырылатын болады. Елімізде медициналық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі комитет құрылады. Медициналық мекемелер осы комитетпен келісім-шартқа отырып, оларға сол құжатта көрсетілген жұмыс көлеміне сай қаржы бөлінеді. Алайда, жұмыс көрсетілген көлемде орындалмаған жағдайда, ақша бюджетке қайтарылады.

Сондай-ақ, кеңесте дәрігерлерге науқастар тарапынан заңсыз түрде ұсынылатын ақша жөнінде де сөз болды.

Осы мәселеге байланысты министр:

– Бізде де Германиядағы секілді ауруханалық кассалар ашқан дұрыс болар? – деді.

Мұның мәні: егер өзіңізді емдеп-жазған дәрігерге ризашылық ретінде ақша ұсынғыңыз келсе, қолына емес, оның адресіне ауруханалық кассаға саласыз. Сіз ұсынған «сыйақы» қалаған адамыңыздың қолына тиісті салық ұсталғаннан соң тиетін болады. Сонда ғана бұл дәрігер үшін көлденең табыс емес, заңды табыс болып есептелмек.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button