Білім

Жайсаңбайдағы мектеп талапқа сай ма?

«Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылындағы Өтебай Қанахин атындағы орта мектептің мұғалімдері дәретханада жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Мектептегі екінші әжетхана — медбикенің жұмыс орны». Ғаламторда осы мазмұндағы материалдар жарық көрген соң мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен тиісті мекемелерге хабарласқан едік. Олардың уәжі мынадай:

Руслан БЕГІМБЕТОВ, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— Жайсаңбай ауылындағы мектеп 2014 жылы салынды. Сыйымдылығы — 60 орын. Мұнда қазір екі ауысымда 101 бала оқып жатыр. 5 сынып бөлмесі бар.
Мәселенің мәні мынада: бұл шағын жинақты мектеп. Сол себепті мұндай мектептерде кейбір пәндер біріктіріліп оқытылады. Мектеп басшысы екі сыныптың оқушылары негізгі пәндерді біріктіріп оқымауы үшін мұғалімдер бөлмесі мен директордың бөлмесін оқу кабинеті ретінде ашады.
Менің пікірімше, мектеп директорының бұл әрекеті дұрыс. Өйткені, ол ішкі мүмкіндікті тиімді пайдаланғысы келді. Әрі балалардың сапалы білім алуына жағдай жасады. Мұғалімдер мен медбикенің бөлмелері туралы айтар болсам, аты ғана әжетхана. Қазіргі нормативтер бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілгенде міндетті түрде әжетхана салынады. Ал іс жүзінде бұл екі әжетхана да өз мақсатында бірде-бір рет пайдаланылған жоқ. Тап-таза бөлме. Қондырылған жабдықтар да сол күйінде сақталған. Мұғалімдер бөлмесіндегі унитазды қоршап, оның бар-жоғын көрінбейтіндей етіп қояды.
«Мұндай шу шығармау үшін унитазды, қол жуғышты мүлде алып тастауға болмас па еді?» деген сауал туындайды ғой. Жаңадан пайдалануға берілген нысан 3 жыл бойы тексеріледі. Ал құжатта сметалық-жоба бойынша екі унитаздың, қолжуғыштардың салынғаны көрсетілген. Оны алып тастаса, сол әрекеті үшін директор жауап береді. Сол себепті директордың унитазды қоршап қоюдан басқа амалы жоқ.
Бұрын әжетхана ретінде пайдаланылған бөлме болса, әңгіме басқа. Сондықтан бұл жерде шу шығаратындай мәселе жоқ.

Ханбибі ЖҰБАНДЫҚОВА, Ө.Қанахин атындағы орта мектептің директоры:
— Балалар үшін, екі түрлі сыныптың балалары бір оқу бөлмесінде тығылысып отырмауы үшін осылай еткен едік. Директор мен мұғалімдердің бөлмелерін босатып, оқу кабинеттерін жасадық. Директор медбикенің бөлмесіне көшті. Медбике әжетхана ретінде пайдалануға берілген жерде жұмыс істейді. Мектепішілік үйлестірулер ғой. Соның арқасында шағын жинақты мектеп болсақ та, көп пәндер біріктіріліп өткізілмейді. 6, 8-сыныптарда ғана технология, денешынықтыру пәндері біріктіріліп оқытылады.
Мектепте 30 мұғалім бар. Химия пәнінің мұғалімі жетіспейді.

Әжетхана деген аты ғана. Әйтпесе, мүлде пайдаланылған жоқ. Ауылға ауызсу былтыр ғана жүргізілді. Су құбыры тартылғаннан кейін де унитаз қолданылған жоқ.
2014 жылы мектеп ашылғанда-ақ унитазды қоршап тастағанбыз. Оның қоршауын алып тастап, сайтқа салу үшін әдейі суретке түсірген. Орынбасарымның әрекеті… Ол кісімен жеке бас араздығым жоқ.
Былтыр 8 сәуірден бастап мектептің директоры қызметіне тағайындалдым.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button