Басты бет » Білім » «Әрбір жоғары оқу орны заман сұранысына қарай маман даярлауы қажет»

«Әрбір жоғары оқу орны заман сұранысына қарай маман даярлауы қажет»

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылық құрамымен, студенттер және ата-аналармен кездесті. Сондай-ақ, бұл кездесуге кейін университет түлектері жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорындардың басшылары шақыртылды.
Кездесуге дейін аймақ басшысы аталған оқу орнының бірқатар ғимараттарын аралап, университеттің материалдық-техникалық базасымен, ондағы ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты. Кездесуде Бердібек Машбекұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы негізінде қазіргі дүниежүзілік стандартқа сәйкес маман дайындау мәселесін жан-жақты талқылауда мұндай кездесулер өткізудің маңызы зор екенін айтты. Жиында жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектердің білім деңгейінің төмендігі, олардың 100 пайыз жұмыспен қамтылмауы, алған білімдерінің халықаралық стандартқа сәйкес келмеуі, түлектерге деген сұраныстың төмендеуі секілді өзекті мәселелер талқыланды. «Елбасы саясатына сәйкес, еліміз дамыған 30 елдің қатарына ену керек. Ол үшін ел экономикасына жаңа технологиялар, жаңа инновациялар енгізілуі қажет. Сол технологияны, инновацияны меңгеріп, жұмыс істейтін мамандар даярлауымыз керек. Еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген түлектер бәсекеге сәйкес болуы тиіс. Экономикадағы сияқты Қазақстан білім саласының экспорттық әлеуетін әрі қарай дамытуымыз қажет. Біздің студенттер шетелге барып білім алуды азайтып, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқуы керек. Екінші мәселе — Қазақстанда тек ел азаматтарына ғана емес, шетелдіктердің де білім алуына жағдай жасалуы қажет», — деген облыс әкімі өз сөзінде Астанадағы Назарбаев университетін ашқандағы негізгі мақсаттың бірі осы екенін айтып, аталған оқу орнының басты жетістіктеріне тоқталды. Аймақ басшысы білім берудегі мұндай деңгейдің өңірлерде де жүзеге асырылуы керектігін және айтты.
— Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті өңіріміздегі ең үлкен жоғары оқу орындарының бірі саналады. Сондықтан бұл университеттегі білім сапасы облыс экономикасының дамуына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан бүгінгі ең үлкен талап — әрбір жоғары оқу орны қазіргі заманның сұранысына қарай мамандар даярлауы тиіс. Ол үшін өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың негізінде жаңадан ашылған кәсіпорындардың сұранысына сәйкес кадр даярлауы қажет, — деді Бердібек Машбекұлы.
Бұл орайда өңір басшысы елімізде индустриалды-инновациялық бағдарлама шеңберінде ең кемі 10 кәсіпорын іске қосылатынын айтып, аталған бағдарлама аясында аймақта былтыр дүниежүзінде бесінші болып теміржолға рельс дайындайтын зауыттың өз жұмысын бастағанын тілге тиек етті. Өкінішке қарай, қазір бұл зауытта жұмыс жасайтындардың көпшілігі — шетелдіктер. Себебі, өзімізде мұндай зауытқа қажетті мамандар даярланбайды.
Кездесу барысында университет ректоры Кенжеғали Кенжебаев оқу орнының тарихынан бастап, бүгінгі ғылым, білімдегі жетістіктер, материалдық-техникалық базасы, сондай-ақ әлеуметтік топтағы студенттерге көрсетілетін қолдау турасында да баяндады. Бүгінгі күні университетте 55 мамандық бойынша 9 мыңға жуық студент білім алады. Оқытудың жаңаша үлгісі — «E-Learning» жобасы бойынша жұмыстар қолға алынған. Дегенмен аталған оқу орнында 18 жылдан бері даярланатын техникалық мамандарға сұраныс аз. Бұл орайда Бердібек Сапарбаев университет түлектерінің 67 пайызы ғана жұмыспен қамтылып отырғанын нашар көрсеткіш деп бағалады. Бұл мәселеге қатысты қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаевадан да тиісті жауап алынды.
Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер, ата-аналар тарапынан облыс әкімінің атына бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы университеттегі білімнің дүниетанымдық және тәрбиелік мәселесіне қатысты құрылған ғылыми орталығының жетекшісі ретінде өз пікірін білдірді.
— Біз екі грантпен жұмыс жасаймыз. Оның біріншісі — Ғылым және білім министрлігінің Қазақстандағы діни ахуалдың дамуы және бүгінгі діни ахуалға қатысты грант. Екінші грантты университет қолдап отыр. Қазір біз Ақтөбе облысындағы діни құрылымдар, яғни мешіттер мен діни қайраткерлер тақырыбын зерттеп жатырмыз. Болашақта осы тақырыпқа байланысты энциклопедия жасаймыз. Сонымен қатар, білімнің әлеуметтік мәселесін зерделейміз. Өзім осы мәселені үнемі қадағалап жүремін. Осыдан екі жыл бұрын талапкерлерге қандай мақсатпен оқуға келгені турасында сауал қойдық. Біреулері «қалай да диплом алу керек» десе, енді бірі орысша «без корочки жить нельзя», келесі бірі «ата-аналарымыз осы мамандықты таңдады», «достарыммен бірге келдік», «көп ақша табатын мамандықты таңдадым» дейді. «Жақсы білім алып, шетелге кеткім келеді», «жақсы маман болғым келеді» дейтіндер бар, бірақ олардың саны аз болды. Арасында «оқу орнынан өзіме өмірлік жар іздеймін» дегендер де болды. Ал жұмыс берушілерге талапкерлердің мұндай мотивациясы үйлеспейді, оларға кадр керек. Сондықтан жалпы постсоциалистік кеңістікте азаматтық қоғам мен мемлекеттің мүддесі үйлеспейді. Бұл алшақтық — үлкен проблема, — деген Амангелді Айталы қоғамда осы бағытта жүйелілік жоқ екенін, оны жүзеге асырудың жолдары қалай болатынын мәселе ретінде көтеріп, бүгінде жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, еңбек департаменті секілді органдардың өз бетінше жұмыс жасағаны болмаса, жастарды жұмысқа орналастыру бағытында жұмыс істемейтінін сынға алды. А.Айталының айтуынша, оқу жылы аяқталар тұста облысқа Ресейден сан түрлі агенттер келіп, әсіресе орыс мектебін үздік бітіруші балаларды өз жеріне оқуға алып кетеді. Бұл — жылда болатын құбылыс. «Мұндай кезде біздің кәсіпорындар үнсіз отырады. Біз еліміздің интеллектуалды болашағынан осылай айырылып жатырмыз. Ресейліктер оларды оқытып қана қоймай, жұмыс та тауып береді. Бұл мәселені біз еліміздің болашағы үшін мықтап ойластыруымыз керек», — деді ол.
Кездесу барысында профессор мектеп бітіруші түлектердің облыс аймағындағы кәсіпорындардан бейхабар болатынын, өндіріске қандай маман қажет екенін білмейтіні турасында да мәселелер көтерді. Білімді, облыс экономикасын дамыту жолындағы Амангелді Айталының көтерген мәселелерін облыс әкімі толық құптады.
Басқосуда бұдан бөлек туристік кластерді дамыту, Ақтөбе көшелерінің біріне Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін беру, университет аумағына жерасты өткелін салу, иппотерапия тақырыбындағы жаңа жобаны қолдау, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың ғылымға үлес қосуы, облыстық физика-математика мектеп-интернатын университет қарауына беру секілді өзге де мәселелер айтылды. Бұл мәселелерге қатысты облыс әкімі нақты жауап берді.
Былтыр аталған оқу орнында 6 студенттің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Аймақ басшысы бұл орайда жастар тәртібіне үлкен мән беру керектігін баса айтты.
— Университет Ақтөбенің ғана емес, Батыс Қазақстан аймағы бойынша беткеұстар білім ордасы болуы керек. Оқу орнындағы мамандықтардың саны — 55. Бұл — өте көп. Ең бірінші кезекте — қажетті мамандарды даярлауымыз керек. Ол үшін оқу орны мен кәсіпорындар арасында тығыз байланыс орнауы тиіс. Бізге жұмыссыздардың санын жоспарлы түрде көбейтудің қажеті жоқ. Бұл істе ректорат 4-5 жыл оқытқан түлекті жұмысқа орналастыруға да аса мән беру керек, — деді Б.Сапарбаев.
P.S. Жақын күндері аймақта ғалымдармен, әсіресе ғылымға ден қойып жүрген жас ғалымдармен кездесу ұйымдастырылмақ. Кездесуге кәсіпорын басшылары да шақырылады. Ғылыми жобаларды өндірісте іске асыру бағытында мәселелер көтеріледі. Осының негізінде облыста жас ғалымдар клубы ашылмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.