Әлеумет

«Қызыл Ай» бөлген қаржы: 345 мың теңге

Балаларға қамқорлық көрсетушілердің саны жыл санап артып келеді. Республикалық «Мектепке жол» акциясының биылғы барысында бұл тіпті айқындала түсті.

Ал облыстық «Қызыл Ай» қоғамы әдеттегісінше, биыл да, бүлдіршіндерді жыл бойы назардан тыс қалдырып көрген жоқ. Қоғамның төрағасы Нұрлан Үдербаев бізге ұсынған деректер осы шаралардың бірқатарын ғана қамтиды.

Мысалы, «Қызыл Ай» қоғамы биыл сұраныс бойынша Темір аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде «Қайырымдылық» акциясы мен «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық іс-шараларын өткізді. Аудан бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 57 оқушыға және патронаттық тәрбиеленудегі 7 бүлдіршінге, Шұбарқұдық отбасы үлгісіндегі балар үйінің 8 тәрбиеленушісіне жылы киім-кешек, кеңсе құралдары, тазалық құралдары мен үш түрлі дәрумендер берілді. Сөйтіп, барлығы 72 балаға 200 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Ал М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 7 сыныпта оқитын оқушысы Айым Күмісқалидың 45 000 теңге көлемінде жыл сайын тамақтану ақысы төленеді.

Қобдалық оқушы Еламан Әбутәліповке көмек ретінде киім-кешек, аяқ киім берілді.

Қыркүйек айында Алға қаласында облыстық арнаулы оңалту орталығы ашылғаны белгілі. Үш айлық мерзімдегі бір ауысымда 40 баланы емдеуден өткізетін бұл орталық республикадағы осы тектес санаулы мекемелердің бірі. Орталықтың ашылу салтанатына өкілетті органдар басшыларымен бірге қатысқан облыстық «Қызыл Ай» қоғамының төрағасы Нұрлан Үдербай 10 балаға 40 мың теңгенің жылы киімдері мен аяқ киімдерін ұсынды.

Жуықта Қобда ауданының Ә.Молдағұлова атындағы орта мектебінде өткізілген «Мектепке жол» акциясына аталмыш қоғам да қатысты. Мектеп директоры С.Құрманқұл мен округ әкімі Қ.Шәкенов, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Мұхамбеталина балаларға ізгі тілектерін айтқан соң, мектеп мұғалімдері Қ.Тағанова, Ж. Назар, Н. Стамқұлова, Ж. Жұмалина өз сыйлықтарын ұсынды. Облыстық патриоттық тәрбие беру орталығының мәдени шараларын ұйымдастырушы Айман Сарбала орталық атынан мектепке алғаш қадам басқан оқушыларға оқу құралдарын сыйлады.  Мектеп көркемөнерпаздары өз әндері мен билерін тарту етті. Осы шараға қатысқан облыстық «Қызыл Ай» қоғамының төрағасы Н.Үдербай аз қамтылған, көп балалы отбасы балаларына өз сыйлықтарын – 10 балаға 60 мың теңгеге сыртқы киім-кешек, аяқ киім ұсынып, бүлдіршіндерді мәз етті.

Міне, атқарылған осындай істерді есептегенде, жыл басынан бері «Қызыл Ай» қоғамы барлығы 345 мың теңге мөлшерінде қамқорлық көрсетіп отыр.

А.АБЫЛАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button