Денсаулық

Ақтөбеде 31 адам доңыз тұмауын жұқтырған

Өткен жылдың қараша айынан бастап осы уақытқа дейін облыс бойынша 31 адам H1N1, яғни доңыз тұмауын жұқтырған. Оның ішінде 21 бала бар. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары бұл көрсеткішті қалыпты жағдай деп түсіндіреді.
— Әлемде 2009 жылы H1N1, яғни доңыз тұмауы тіркеліп, 2010 жылы H1N109 маусымдық тұмау деген атауға ие болды. Жедел респираторлық вирустық инфекция секілді тұмаудың да түрі көп. Мәселен, тұмаудың H1N1 түрінен бөлек, H3N2, B,C деген түрлері бар. Біздің елімізде С тұмауы тіркелген жоқ. Олардың белгілері бірдей болғанымен ағзаға әсер етуі әрқилы. Мәселен, H1N1 тұмауының қарапайым тұмауға қарағанда клиникалық белгілері ауыр өтеді. Асқынулар жиі болады. Бұндай тұмау түрі жыл сайын тіркеледі. Дер кезінде алдын алып емделмесе, кез келген тұмау қауіпті. Сондықтан тұрғындарға H1N1 тұмауын үрейлене қабылдаудың қажеті жоқ. Тұмау белгісі байқалған кезде учаскелік дәрігерді шақыртып, зертханалық тексеруден өтуі тиіс. Егер мұрыннан алынған жұқпадан аталған тұмау түрі анықталса, дер кезінде емделу керек, — дейді департаменттің бас маманы Күлара Омарова.
Дәрігерлер ауа райының құбылуы денсаулыққа кері әсер ететінін, сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын ескертеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button