Әлеумет

Отанға оралу

Осы жайт, осы жайт туралы мақала аз-кем ақылы бар қазақты екі түрлі сезімге бөлейді. Біріншісі: таңдана сүйіну, адам жанының сергектігіне, өнеге боларлық саналылыққа бас иію. Екіншісі: қазақ болған себепті, әрине, бетіңнен отың шығып ұялу мен көмейіңе өтің құйылғандай өкінішпен қынжылу. «Біз не істедік?» деп.

Ойлаймыз: әрбір қазақ осы мақаланы, осы кейіпкерлердің суреттерін үлкейтіп, төріне іліп қойып, күніне бір рет қарап, ойланса, тебіренсе, тым құрыса… ұялса деп.

Гаваядағы қазақ ұлы

Ерте-ерте ертеде емес, осы заманда ұланғайыр қазақ даласында Әлібек деген бала өмір сүріп жатты. Ол бір жарым жаста ғана еді, тіпті әлі тілі шықпаған. Сүйкімді Әлібекті бәрі жақсы көретін. Ата-анасы жоқ-ты. Сол себепті жетім балалар үйінде өсіп жатты. Тамағы тоқ болды. Бірақ қанша жақсы көргенімен, өзі тәрізді жиырма шақты балаға ыстық ықыласын тең бөліп беретін қызметкер апайлардың жан жылуы туған ана мен әкенің аяулы сезіміндей қайдан бола қойсын-ау. Дүние есігін ашқан алғашқы күннен бастап, қазыналық кереуетке бой ұсынған, барша баланың маңдайына жазылған тағдыр осы ғой.

Әлібекке сол тағдырдың жазуы қандай сый әзірлеуі мүмкін еді? Өзі тәрізділерге бұйырған кәдуілгі үйреншікті тірлік пе? Балалар үйінен басталатын сапардың ақыры белгілі. Жетімдердің тіршіліктің толқыны буырқанған көк теңізіне көзсіз қойып кетпеске амалы жоқ. Әр жағында бір бақыт кездесе ме, жоқ па, мәлімсіз. Әркімнің  бұйырмысы әрқалай.

Біздің кейіпкерімізге қатпаған қабырғасын қатал сынға төсеудің қажеті болмай қалды. 2003 жылы оны американдық отбасы асырап алып, Америка Құрама Штаттарына әкетті де қалды. Әлібек енді жаңа есім алды – Максимилиан. Сөйтті де ол кең көсілген қазақ даласы секілді шетсіз де шексіз мұхиттың ортасындағы Гавай аралдарынан бір-ақ шықты. Әр жағы айтпаса да түсінікті сияқты еді. Отанынан айырылған бала дәп өзі тәрізді басқа да көген көздер секілді басқа елге біржола сіңіп, жат болып кете беруге тиісті сияқты еді.

Бірақ бұл ретте тағдыр басқаша қалыптасты. Туған бесігімен қоштасқан ұлдың асырап алған әке-шешесі мүлде басқаша адамдар болып шықты. Олар өз ұлдарының ділін жоғалтуды тіпті де мұрат тұтпады. Олар Макс, енді осылай атайтын болды, өз Отанын, өз ұлтының салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін ұмытпауын ең алдымен ескерді. Ескерді деген немене, содан бергі арада алты жыл өткен, соң Максті Қазақстанға әкеліп, оған туған елін, өздері үнемі  әңгімелеп беріп отыратын байтақ жұртты көрсеткенді мақұл деп шешті…

Бесігіңді түзе…

Біздің газетіміз бұл отбасы туралы бұрын да жазған болатын. Таныстығымыз қалай басталғанын еске салайық.

Алғада жүрген АҚШ Бейбітшілік корпусының волонтері Эмико Гутэ Интернеттегі өз блогына қазақтың «Тұсаукесер» рәсімін суреттерімен бірге орналастырған болатын. Біраз уақыттан соң ол әлдебір Гонолулу қаласынан Майра есімді американдықтан қазақтың салт-дәстүрлері туралы кеңірек жазып жіберуді өтінген электрондық хат алды. Біз қазақ баласын асырап алған гаваялық отбасы мен олардың сол баланы Тынық мұхитының әлдебір маңайында өз тіліне үйретіп жүргені туралы айтса сенгісіз оқиғаға осылайша тап болдық.

Әуелі білгеніміз, Макс мамасы Майрамен (екпін алдыңғы буынға түседі), папасы Трэйсимен бірге Гонолулу қаласының іргесінде тұрады екен. Жеке мектептің үшінші сыныбында оқиды, гимнастикамен, суға жүзумен айналысады. Папасымен бірге мұхиттың жағажайында жүргенді және Гаваядағы бірден-бір ұлттық ойын деуге болатын виндсерфингті жақсы көреді. Сондай-ақ, Нико деп аталатын итімен ойнағанды, скутермен шұғылданғанды, хайуанаттар туралы түрлі кітаптар оқығанды ұнатады екен. Болашақта океанолог болғысы келетін көрінеді.

Ата-анасы бізге Макстің өз құрдастары мен достарынын аса өзгешелігі жоқтығын жазыпты, себебі Гаваяда негізінен этникалық жапондар, корейлер, қытайлар, филиппиндер мен гаваялықтар тұрады екен. Сондықтан нәсілге байланысты проблема да жоқ. Макс бұл округтегі жалғыз қазақ. Ол өз ұлтының кім екендігін құрдастарына кәдімгідей мақтанышпен айтады және картадан Қазақстанды көрсетеді.

Біз жоғарыда асырап алған ата-анасы Макс Қазақстан туралы неғұрлым көп білуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүргенін айттық. Таңданбасқа және риза болмасқа амалың жоқ жай: Майра мен Трэйси ұлдары өз ана тілін білгенін және өзін нағыз қазақ сезінгенін қалайды. Расында да Макс өзін қазақпын деп есептейді.

Жапон қызы Майраның өз ұлын нағыз қазақ етіп тәрбиелемек ықыласы мен сол іске тынбай тер төгіп жүргені шексіз құрметке әбден лайық.

Майраның өзі де қазақ тілін ұлымен бірге үйреніп жүр. Ал шалғайдағы Гонолулуда қалайша дәп осылай жасауға болады? Расында да шын ықылас болса, қолдан келмейтін іс жоқ екен-ау. Майра қазақ тілін үйрену бағдарламасы енгізілген арнаулы сайтты тауып алыпты, сосын ұлымен бірге интерактивті режимде қазақ тілін үйренуге кірісіпті. Уоu tude сайты арқалы мамасы мен баласы қазақ тіліндегі клиптерді тамашалайды. Басқа да қазақстандық сайттарды ақтарады. Сөйтіп жүріп олар отандастары Эмиконың блогына тап болады. Лезде танысып, әлдебір әдебиеттер мен оқулықтар алғызады. Майра ұлының болашақта өз ана тілінде еркін сөйлейтіндігіне сенімді және оның қызмет-кәсібі кейін, бәлкім, Қазақстанмен байланысты болатын да шығар деп ойлайды.

– Көптеген американдықтар басқа елдерден бала асырап алып жатады, оларды жақсы тәрбиелейді және үздік білім береді, – дейді Майра. – Бірақ олар бала туған Отанынан тамырын ажыратып алатыны, ана тілін ұмытатыны туралы ойлана бермейді. Ал асырап алған шақта сәбидің өз таңдауын жасауға ақылы жеткен де емес қой. Сол себепті, жаңа ата-аналар сәби өскен кезде оның өз ана тілі мен өз халқының өткенін білуіне көмектесуі керек-ақ. Мен өз ұлымның түпкі тамырынан ажырамағанын қалаймын. Өз ата-бабаң сөйлеген тілді білу – аса маңызды міндет.

Сапар

Майра Макстің Қазақстанда болғысы келетінін хабарлады. Қазақстанды күйеуі екеуі де һәм көргісі келеді екен және олар ұлдары туған елін көрген шақта қасында болғысы келетіндіктерін де баяндады. Майра қыркүйек айында Макс дүниеге келген Орал қаласында болатындықтары туралы жазды. Олардың осылайша Қазақстанға келетіні анықталған соң, біз де қонаққа шақырдық.

Сонымен, міне, Майра, Трэйси және Макс осында, Ақтөбеде…

Әуелі Оралдағы сапар туралы айталық. Ата-анасының айтуынша, Макс Отанымен шын қызыға танысыпты. Әлі бала ғой, алдағы қараша айында 8 жасқа ғана толады, сонда да Балалар үйіндегі жүздесулер, тәрбиешілермен әңгімелесу оған көп ой салғанға ұқсайды. Олар Оралда бір апта болды, қаланы аралады, қыдырды. Майраның айтуынша, ең бастысы, бала «Отан» деген ұғымды интернет-кітаптар арқылы ғана емес, нақты өмір суреттері арқылы – елмен, адамдармен, табиғатпен, сәулеттік ерекшеліктер арқылы сіңіргені мақұл. Осы мақсат орындалыпты, ата-ана өз ұлдарының бұрын көрмеген елмен, жермен танысқан шақта аса бір қуанышты-таңданысты жүзбен жүргенін көріп риза болып отыр.

Ақтөбеге біздің қонақтарымыз жеңіл көлікпен келді. Пойызбен жүру мүмкін болмады, себебі біздің пойыз Ресей территориясы арқылы өтеді, тексеріледі, ал бұларда ресейлік виза жоқ. Бірақ осы сапар оңды болғанға да ұқсайды. Олар сегіз сағат бойғы сапарда кәдімгідей шаршап-шалдықса да, ұланғайыр қазақ  даласын армансыз тамашалады, таңданды.

Ұқсас ұяның балапандары

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияда Макс 2 «в» сынып оқушыларымен – өзінің ақтөбелік досы Әлішердің сыныптастарымен кездесті. Ал бұларды Эмико таныстырған болатын. Әуелгіде балалар бірін-бірі жатырқаған да сияқты болды, бірақ көп ұзамай біржола батылданып, алуан сауалдар (әрине, аудармашы арқылы) қоя бастады. Балаларға , бәрі де қызық: Макс қалай оқиды, мұғалимасының есімі кім, қай спорт түрімен айналысады, қандай кітаптар оқиды, өскенде кім болғысы келеді.

Макстің мектебіндегі сабақ түске дейін ғана созылады екен, бірақ ол мектепте кешке дейін, ата-анасы жұмыстан оралғанша жүре береді. Әрине, зерікпейді, спорт секцияларына – айкидо мен гимнастикаға қатысады, керамика өнері мен сурет салудан тәлім алады. Ал өскенде биолог-океанолог болғысы келеді.

Осылай өрбіген қызықты әңгімелерден соң, Макс мектеп партасына отырып көрді, құрдастары Қазақстан Әнұранын орындағанда кеудесіне оң қолын қойып тұрды, жаңа достарына Гаваядан әкелген тәтті дәмдерін үлестірді. Ал ақтөбелік балалар оған қазақ ертегілерінің кейіпкерлері туралы әсем кітап сыйлады. Кездесу соңына таман барлығы ескерткішке фотосуретке түсті және бұдан былай хабар алысып тұруға уәделесті. Баланың аты бала, класс бөлмесінен шыққан бойда, демек ресми кездесу аяқталған соң-ақ, ұлдар сөмкелерінен әлдебір ойыншықтар алып мұхит асып келген құрдастарына сыйлап жатты, қыздар да ілтипат көрсетіп, «Макс тағы да кел!» деп қалды.

Батырға тағзым

Бағдарламаның келесі нүктесі Есет батыр кесенесі еді. Қонақтарға қазақтың қаһарман перзенті туралы әңгімелер айтылды, дәстүр бойынша құран оқылды. Осы кезеңдерде ешкім мазасын алмаған Макс қазақша молдас құрып отырып, имамның әуезін үнсіз ғана тыңдаумен болды.

Ал кесенеден шыққан соң, Макс бәрібір бала қалпына түсті. Шалғынды далада құлын-тайдай ойнақтады. Бәлкім, ата-баба қаны оянып кеткен шығар.

Ерге қонған ер

Қайтар жолда біз Бестамаққа, бәйге аттарын өсіретін кәсіпкердің шаруашылығына соқтық. Марат ерге отырғысы келетін гаваялық бала қонақтың тілегін дереу қабыл алып, жүйрік жылқыларына бөгде ешкімнің тақымын тигізбейтін әдетін бұзып, бірден келісім берді.

Ат қорадан сыртқа ағылшын тұқымды ойнақтаған дөненді алып шыққанда, Макстің көзі жалт-жұлт етті. Ол әбжіл қимылдап, ер үстіне еш іркіліссіз қонып алды. Бірақ жас «шабандозды» еркіне жіберуге батылымыз бармады. Атбегі Дима тұяғын шеки басқан жүйрікті жетелеп, бірнеше айналым жасады. Макс та, оның ата-анасы да мықтап шаттанды. Осы жерде Макс ит төресі – тазымен да «сұхбаттасты».

Ет пен шай

– Біздің Макс нағыз қазақ, – деп күледі Майра. – Біз – Трэйси екеуміз вегетерианбыз, ал Макс әу бастан ет құмар. Біз күрішті ұнатамыз, ал ол ұннан жасалған тағамдарды жақсы көреді. Және тамақты ылғи нан қосып жейді. Біз оның бұл әдетіне тыйым салғымыз да келмейді, қанында бар ерекшелік қой.

Сол себепті де, қаламыздағы кафенің шығыс кухнясында әзірленген шашлық пен қамыр жайған ет, бауырсақ пен қаймақ, жент құрметті бала қонағымыздың көңілінен шықты. Ал Макстің ата-анасы біздің қалалықтар палау мен көкөніс мәзірін қалай әзірлейтініне өз бағаларын берді.

Айта кеткен мақұл, қонақтарға біздің қаймақ қосқан хош иісті қою күрең шайымыз мықтап ұнады.

Тарих таразысы

Қаламен танысу барысында тарихи-өлкетану музейіне бас сұқпау мүмкін бе?

Музейде Макс, Трэйси мен Майра сағаттан астам уақыт болды. Қазақ жері қаншалықты ежелгі бұйымдарды жоғалтпай сақтап келе жатқанын асықпай тамашалады. Макс өткен ғасырлардан қалған көне қаруларға көбірек үңілді, әрине, өзіне таныс емес үй ішілік бұйымдарды да назардан тыс қалдырмады.

Жалпы музей қонақтарға тамаша әсер қалдырды. Олар экспонаттарды аралай жүріп фотосуретке де түскілері келіп еді, қатаң полицей қыз рұқсат бермей қойды.

«Ақтөбенің» жаңа жанкүйерлері

Сәтін салғанда дәл осы күні еліміздің пермьер-лигасы турнирінің кезекті ойындары өтпекші еді. Біз қонақтарға «Ақтөбе» мен «Восток» командаларының жекпе-жегін тамашалауды ұсындық. Қонақтар ұсынысымызды қуана қабыл алды.

Макс туралы әңгімемізді естіген соң, стадион директоры Қажымұқан Демеуов қонақтарға билетті ең ыңғайлы тұстан берді.

Гаваяда американдық футболдың наны жүріп тұрғаны белгілі. Бірақ қонақтарға біздің футболымыз да әбден ұнаған тәрізді. Қожайындардың қақапасы қай жақта екенін дереу біліп алған олар «жанкүйерлік қызметке» кірісіп те кетті. Рас, айқайға баспады, ысқырмады, әйтсе де белсенді түрде қол шапалақтап отырды, тіпті әр гол соғылған сайын біздің жанкүйерлердің дуылына қосылып, шат дауыспен қосымша қолдап та отырды. Ал шаттануға негіз де бар еді: «Ақтөбе» әріптестерін 4:0 есебімен ұтты.

Көңілді серуен

Ақтөбе қаласының су жаңа көрікті алаңы – сулы-жасылды «Бірлік пен Келісім» бульвары, оған қоса «Нұр Ғасыр» мешіті мен Қасиетті Никольск православ шіркеуі қонақтардың келесі маршрутына айналды.

Бульварда Макс тағы да өзгеше шаттыққа бөленді. Жүгірді, секірді, жасырынды, біз, әрине, оны тіпті «таба алмай қойдық», ал ол «біз күтпеген» тұстан жарқылдап шыға келеді.

Расында да бульвар сондай бір шуақты да, көңілді әуенімен өз есімін ақтап-ақ тұр.

Отбасылық бақыт

Макс бульварда емін-еркін жүгіріп жүрген шақта, мен, оның соңынан ата-анасы сонша бір ризалықпен қарап тұрғанын тағы да аңғардым. Иә, Макстің әр қимылы расында да нағыз бақытты баланың алаңсыз қалпы. Алаңқайды бір айналып шыққан ол ата-анасының бірінің құшағына оралады да, одан әрмен жүгіріп кетеді.

Осы көріністерге куә болып тұрған менің ойыма, бақыт дегеннің салыстырмалы ақиқат екені оралды. Біреулер үшін бұл өз басының жеке қуанышы ғана, ал басқа біреулер өзгені бақытты етуге ықыласты. Менің жаңа таныстарым, мысалы, өз жауапкершіліктерін алған баланы алаңсыз шаттыққа бөлеу үшін мыңдаған шақырымдық асулардан асты, 20 сағатты ұшақ үстінде өткізді.

Ана тілі

Енді Макстің ата-анасы туралы әңгімелеудің де реті келген сияқты.

Үй қожайыны Трэйсидің қызметі – өрт сөндіруші-құтқарушы. Ол спорттың әр түрімен айналысады. Айталық, дзюдодан қара белбеу иесі, айкидомен айналысқан, жүзу сырларын меңгерген, шахматты тәп-тәуір ойнайды. Өзінің барша бос уақытын баласына арнайды.

Бұл отбасының бір өзгешелігі, үйде тамақты Трэйси әзірлегені мақұл боп саналады. Себебі, ол жұмыс бабына байланысты көп нәрсені игеруі керек, соның ішінде тамақ әзірлеуді де. Қазақстаннан ол біздің салтымыз бойынша ет пісіру рецептін алып кетті, өрт сөндіруші достарына өзгеше табақ тартпақ ойы бар. Ал Майра – қала шаруашылығының инженері.

Бұлардың екеуі де «хапа», яғни аралас нәсілдер, метистер. Трэйсидің әкесі, ал Майраның шешесі – жапон. Жоғарыда Майраның адамдар өздерінің ана тілін білуі керектігі жөнінде айтқанын келтіргеніміз есіңізде ме? Сол әншейін әңгіме емес. Майра әуел баста жапон тілін тіпті де білген емес, өз талабымен үйренді, бұл үшін арнаулы курс бітірумен қатар, Жапонияға барып, жапон отбасымен бірге тұруына да тура келді. Енді, міне, өз ұлына ана тілін үйретіп жүр.

Макс көптеген қазақ сөздерін біледі. Майраның айтуынша, ұлының есте сақтау қабілеті өте жақсы. Бұған қоса оның тіл үйренуге жапондық еңбекқорлықпен кіріскенін де ескеруіміз керек. Тіпті, мектепке бара жатқан жолда, көлік тығынына тап болса, Макс дереу СД-плеері мен құлақшасын алып, соңғы оқығандарын қайталауға кірісіп кетеді екен.

Тағы да кездескенше…

Міне, қоштасар күн келді. Қаланың көрікті жерлерін аралау, қонақ болу тәрізді рәсімдердің барлығы да аяқталды.

Осы бірге болған күндер ішінде, маған гаваялықтар біздің қазақтарға тым ұқсас болып кеткендей көрінді. Әсіресе, шапан мен камзол киген шақтарында мына бізден еш өзгешелігі жоқ-ау.

Ал Макс туралы басқаша айтудың жөнін тіпті таба алмаспыз. Ол өзі армандап жүрген домбырасын ұстағанда, кәдімгіше жараса кетті. Ата-анасы оның домбыра тартуды үйренгенін қалап отыр. Солай болатындығына дау айту да қиын.

«Ақтөбе мен оның адамдарын тым жақын тартып кеттік, – дейді Трэйси. – Біз Қазақстан туралы білетінімізді мол толықтырдық және мына сапарымыздан тамаша әсер алдық. Біз Макс әлде де есейе түскен соң, бұл жаққа тағы да келеміз».

Ал Макс аэропорттағы қоштасу сәтінде қазақша сөйледі: «МЕН – БАҚЫТТЫМЫН. РАХМЕТ». Біз қатты толқыдық. Ол қолына «Қазақстан» деген жазуы бар көгілдір төлқұжатты ұстап тұрды.

Гаваядан келген қонақтармен осылайша кездестік, қоштастық. Әдеттен тыс, әрине, сабақ боларлық жүздесулер. Өз Отанында, Қазақстанда бақуатты тұрмыс кешіп жатып, ана тілін, төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін балаларымыз, тіпті ересек ағалар мен апаларымыз қаншама.

Ал дөңбекшіген мұхиттардың арғы жағында, қайырымды әйел, қазақ баласына күн құрғатпай ана тілін үйретіп жүр.

Мирал ЖАРМҰХАМБЕТОВ.

(«Актюбинский вестник», 17 қыркүйек 2009 жыл).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button