Әлеумет

Әлеуметтің әл-ауқаты

«Біз қазір халықпен келісіп, тура айтуға тиіспіз: құрылысы басталған мектептер мен ауруханаларды салып бітіреміз. Жағдай осылай болып тұрғандықтан, біз жаңаларын кейінге қалдыра тұрамыз, алайда қаражатты қолданыстағы мектептерді, ауруханаларды, медициналық пункттерді жөндеуге жұмсаймыз. Осылай жұмыс орындарын да құрамыз.»

Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Бағдарлама барысы. Әлеуметтің әл-қуаты

Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша аудандарда бірқатар мәдениет нысандары мен білім ордалары және ауруханалар жаңарды. Мәселен, биыл Ойыл ауданында бес мектеп және екі мектепке дейінгі мекеме күрделі жөндеуден өтсе, Мұғалжар ауданында 16 әлеуметтік нысан қайта қалына келді. Аталған бағдарлама бойынша жөндеуден өткен нысандарда  жаз бойы ауыл азаматтары еңбек етті. Сондай-ақ дағдарысқа қарамастан, ауылдағы шағын шаруашылықтар да өз жұмыстарын жандандырып жатыр. Жалпы, дағдарыс кезеңінде  ауыл халқы істің көзін тауып, еңбек етуде. Сонымен…

Биыл Ойыл ауданында «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бес білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтсе, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Саға балабақшасы мен Ш. Берсиев атындағы орта мектеп қайта жаңарды. Ал Ойыл қазақ орта мектебі өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 120 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ оқушылар үйі де қайта қалпына келді. Аталған бағдарлама бойынша аудандағы мәдени нысандар да бір жаңарып қалды. Мәселен, бағдарлама аясында бөлінген 33 миллион теңге қаржы Қараой мен Қаракемер ауылдық клубтарын жөндеуге жұмсалды. Ал көп жылдан бері жөндеу көрмеген Қаратал ауылындағы кітапхананың ажары қайта кірсе, Көптоғай ауылдық клубының жөндеу жұмыстары жуырда аяқталмақ. Аталған екі нысанға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінді. Сондай-ақ өткен жылы пайдалануға берілген  «Шұғыла» жастар орталығының материалдық-техникалық жағдайы жақсартылды. Бұған 4 миллион теңге қаржы жұмсалды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 117,0 миллион теңгеге Ойыл балалар және жасөспірімдер спорт мектебі күрделі жөндеуден өтті. Жалпы, биыл ауданда бірқатар нысандардың ажары кіріп, сәні келді. Бағдарлама аясында жастар мен ауыл азаматтары да жұмысқа тұрды. Аудан әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің айтуынша, дағдарысқа қарамастан, ауданда азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі жүруде.

Биыл ауданда 422 жаңа жұмыс орны ашылса, оның ішінде 210 жұмыс орны «Жол картасы» бойынша ашылды.  Осы жылдың сегіз айында 537 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылды. Өткен жылмен салыстырғанда, тіркелген жұмыссыздар саны едәуір азайып отыр. Сондай-ақ биыл жұмыссыз азаматтарды кәсіби даярлауға да ерекше назар аударылды. Мәселен, 194 адам қайта даярлаудан өтсе, жыл басынан бері 178 жұмыссыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Оқу орнын бітірген 55 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек етуде. Жалпы, ауданда дағдарыс екен деп, қол қусырып отырған тұрғын жоқ. Барлығы да қиындықтан шығудың қамымен еңбек етіп жатыр. Ал аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Мәселен, биыл 2004 жылдан бастап тұрақты әлеуметтік көмек алып келе жатқан 73 отбасының жағдайына қарап, оларды тұрмысы төмен деген деңгейден шығару жолдары қарастырылуда. Бұның өзі жыл өткен сайын ауыл халқының тұрмысы түзеліп келе жатқандығын көрсетеді, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Ойыл ауданының экономикасының негізін қалап отырған мал шаруашылығы екені белгілі. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, соңғы жылдары мал басы өсіп, өндірілген өнім көлемі артып келеді. Сонымен бірге, шағын кәсіпкерлікте 3527 адам еңбек етсе, өндірілген өнім көлемі биыл 194,5 миллион теңгеге жеткен. Ауылдық жерлерде шаштараз секілді шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қатары көбейді. Мәселен, Саралжын, Қаратал елді мекендерінде  тұрмыстық жиһаз жасау цехы ашылды. Ал «Ойыл-нан» наубайханасының жанынан азық-түлік сататын шағын супермаркет іске қосылды. Бұнда нан бағасы – 45 теңге. Сондай-ақ  «Бизнес-Инкубатор» қоғамдық қоры жанынан жүргізушілер даярлайтын курс ашылып, 60 адам осы курста оқып шықты. Ал Сарбие ауылында мақсары майлы дақылынан тағамдық сұйық май шығаратын құны 400 мың теңге тұратын құрал-жабдық алынды. Жуық арада сұйық май шығару жұмысы басталмақ.  Сонымен бірге, «Ойыл-Несие» қоры арқылы бес шағын шаруашылыққа несие берілсе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы кәсіппен айналысам деген азаматтарға қаржылай қолдау көрсетілді. Ауданда биыл тағы бір несие ұйымы құрылып, қазір ұйым ауыл тұрғындарына несие беруді бастады. Сондай-ақ кәсіпкерлер биыл  ауданда екі кафе, екі тойхана, үш сауда дүкені мен бір дәріхана салуда.

Дағдарысқа қарамастан бұндай игілікті істер барлық аудандарда жүзеге асуда.

Мәселен, биыл Темір ауданында «Жол картасы» бойынша 121 әлеуметтік жұмыс орны ашылса, Елбасының тапсырмасына орай ауданда көгалдандыру жұмыстары қарқынмен жүрді.

Биыл «Жол картасы» бағдарламасы бойынша бірқатар ғимараттар қайта жаңарып қалды. Бағдарлама бойынша бес әлеуметтік нысанға, яғни аудандық аурухана мен мәдениет үйі, Ж. Кереев атындағы білім ордасы мен №2 орта мектеп және Шұбарқұдықтағы клубқа күрделді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге Қалмаққырғандағы мектеп пен Алтықарасу балабақшасы және өзге де білім ордалары қайта жаңарып жатыр. Ал Теректі, Ә. Молдағұлова, Кеңесту білім ордалары жөндеуден өтті. Сондай-ақ биыл Елбасы тапсырмасына орай ауданның елді мекендерін абаттандыру жұмыстарына баса назар аударылды. Ол үшін аудандық бюджеттен жергілікті округтерге қаржы бөлініп, ауылдарда көгалдандыру жұмыстары жүрді. Бұл жұмыстарға   аудан көлеміндегі кәсіпорындар, мекемелер және шағын бизнес өкілдері мен тұрғындар ат салысты. Тіпті, ауыл тұрғындары өз аулаларына тал егіп, осы шараны қызу қолдады, – деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Азамат Нұрғалиев.

Қаржылық қиындықтарға қарамастан аудандағы шағын шаруашылықтар да өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Қазір аудандағы 1183 кәсіпкерліктің жұмысы жүріп тұр. Өткен жылмен салыстырғанда шағын кәсіпкерліктердің өндірген өнім көлемі өскен. Сондай-ақ аудандағы 5 шағын наубайхана, 7 дайындау және жөндеу пункттері мен 3 базар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Ауданның орталық базарында әр сенбі сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Ауылдардан келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер мал еті мен сүтін базар нарқынан төмен бағамен саудаға шығарады.

Биыл Шалқар ауданында «Жол картасы» бойынша 12 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде 6 мектеп, 4 мәдениет нысаны және екі спорт мектебі бар. Осы жобалар бойынша 318 адам еңбек етті. Жаңа оқу жылына дейін білім беру нысандары жөндеуден өтіп болды. Ал қазан айында екі спорт мектебінің жөндеу жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы ұйымдастырылды. Мәселен, 56 мекемемен келісім жасалып, 400 адам жұмысқа орналасты.

Елбасымыздың тапсырмасына орай ауданда дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды. Осы бағытта құрылған арнайы комиссия жұмыспен қамтамасыз ету, өндіріс көлемін қысқартпау, жалақыны уақытында беру секілді мәселелерді қадағалауда.  «Жол картасы» бойынша қолға алынған жұмыстарды да аталған комиссия бақылап отырды.

Биыл ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары қолға алынды.  Оның ішінде жолды жөндеуге 9 миллион теңге бөлініп, қала ішіндегі жолдар ағымдағы жөндеуден өтті. Ал өткен жылы бөлінген 100 миллион теңгеге 6 көше қайта жаңартылған болатын. Аталған бағдарламаның ауыл халқы үшін тиімділігі зор болды. Егер бағдарлама келер жылы да жалғасын тапса, көптеген нысандар жаңарып қалар еді. Бағдарламаның тоқтап қалмауын Үкімет те қолдап отыр. Сондықтан  келер жылға 6 мектепті ұсынып отырмыз. Оның ішінде орталықтағы №2 мектеп, №12 балабақша, көркем сурет лицейі, І.Үргенішбаев атындағы білім ордасы мен Бершігүр селолық округіндегі Алабас орта мектебі және қаладағы демалыс орталығы бар. Жобаның жалпы құны – 30 миллион теңге. Ал мәдениет саласы бойынша Бозой, Шетырғыз, Бершігүр, Шалқар мәдениет үйін жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Орталықтағы Әйтеке би, Үргенішбаев секілді бірқатар көшелер жаңартуды қажет етіп отыр. Бұл үшін 102 миллион теңге қаржы қажет. Сондай-ақ аудан орталығында жаңадан салынып жатқан нысандарға ауыз су жеткізу мәселесі де келер жылғы бағдарламаға енгізіліп отыр. Бұның құны 60 миллион теңгеге жобалануда, – деді Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Сәрсенғали Көпенов.

Мұғалжар ауданында биыл бағдарлама бойынша 16 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүріп, 500-ге жуық ауыл азаматтары жұмысқа тартылды. Сонымен қатар, жұмыссыздар үшін түрлі деңгейдегі 26 мекемеде 160 әлеуметтік жұмыс орны ұйымдастырылды. Жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмәмдаған 100 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасып жатыр. Бұл бағытта 50 мекемемен келісім жасалды. Бұған 8 миллион 997 мың теңге бөлінді.  Сондай-ақ аудан аумағындағы екі кәсіптік лицейде және Ақтөбе қаласының оқу орындарында мұғалжарлық 331 жұмыссыз азамат әр түрлі мамандық бойынша білімін толықтыруда. Оның ішінде аспазшы, дәнекерлеуші, электрик секілді мамандықтар бар. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Қойшыкенов:

– Бағдарлама бойынша аудандық кітапхана және Ақкемер, Талдысай, Ащысай, Құмсай ауылдарындағы мәдениет үйлері қайта жаңарды. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссия осы ғимараттарды  қабылдап жатыр. Ал Қандыағаш спорт мектебі мен Ембі қалалық жасөспірімдер спорт мектебі қазан айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ ауданда  2125 шағын кәсіпкерлік  бар. Осы жылғы сегіз айда өндірілген өнім көлемі – 7 миллион 439 мың теңге. Жалпы, аудандағы кәсіпкерлердің басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қазір барлық шаруашылықтар қысқа әзір. Мал азығы толығымен дайындалып болды. Сонымен бірге, «Даму-аймақтық» бағдарламасы бойынша «Тұран әлем банкі» 19 жобаны қаржыландырса, «Ауылдық қаржылай қолдау қоры» арқылы 20 жоба түсіп, оның ішінде 15-і қабылданы. Жыл сайын аудан аймағында шағын шаруашылықтармен айналысатын азаматтардың қатары көбейіп келеді, – деді.

Жалпы, қаржылық қиындықтарға қарамастан Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған бағдарламаның нәтижесі көңіл қуантады. Әсіресе, жас мамандар мен жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуда. Аудан әкімдерінің орынбасарлары, егер бағдарлама  келер жылы да жалғасын тапса, ауыл азаматтары жұмыссыз қалмайтынын айтады. Жалпы, ел-жұрт «Жол картасынан» үлкен үміт күтеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button