БілімБасты жаңалықтар

«Мемлекеттік оқу орындары мен мемлекеттік емес оқу орындары арасында бәсекелестік болуы керек»

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде болып, профессорлық-оқытушылық құраммен, студенттер және ата-аналармен кездесті.
Кездесу барысында университет басшысы Бекежан Ахан облыс әкімін оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Биыл аталған оқу орнының құрылғанына 20 жыл толады.
Қазір университет иелігіндегі 22 мың шаршы метр алаңның 3 мың шаршы метріне екі ғимарат құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның бірі — технопарк, екіншісі — тестілеу орталығы.
Сондай-ақ, ол университет иелігіндегі бос тұрған ғимаратты медициналық колледж етіп ашуға ниетті екендіктерін білдірді. Ғимарат түгел жабдықталған. Тіпті Қытайдың Шанхай қаласынан құны 50 мың доллар тұратын стимуляторлы қондырғы алыныпты. Дегенмен қалада екінші медициналық колледж ашуға әзірге құзырлы органдар тарапынан лицензия берілмей отыр.
Қазір университет иелігіне Ойыл ауданының орман шаруашылығы өңірінен 5 гектар жер алынған. Мақсат — демалыс орнын әрі туристік база ашу. Бұрынғы пионер лагері болған аймаққа қазірде 5 ғимарат салыныпты. Облыс орталығынан 254 шақырым жерде мектеп оқушыларының жазғы лагерін ұйымдастыру жағы да көзделген. Бір мезгілде 350 баланың демалуына мүмкіндік жасалған жерге әзірге Маңғыстау, Атырау облысының оқушылары көп келетін көрінеді.
Кездесу барысында Бекежан Ахан облыс әкіміне Ойыл аймағынан туристік база ашу, оның ішінде ішкі және экотуризмді дамыту үшін оқу орны мен әкімдіктің бірлесіп жұмыс істеуі турасында жергілікті билікке ұсыныс білдіргенін, бірақ одан әзірге ешқандай нәтиже болмай тұрғанын жеткізді. Бұл жобаны іске асыру үшін университет мамандары Ойыл өңірінің туристік картасын жасапты. Дегенмен жергілікті билік тарапынан әзірге оң қабақ танытып отырғандар жоқ.
Басқосу барысында аталған оқу орнының шетелдермен әріптестік байланысы, ғылыми және өндірістік жетістіктері сөз болды.
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетімен сырттай таныс екенін айтқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кездесу барысында дамыған 30 елдің қатарына тезірек ену үшін білімді маман даярлау керектігін жеткізді. «Бұл — қазіргі заман талабы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаты да — сол. Білімді мамандарды тек мемлекеттік жоғары оқу орындары ғана емес, мемлекеттік емес жоғары оқу орындары да даярлауы керек. Экономиканы дамытудың ең үлкен себебінің бірі — бәсекелестік. Мемлекеттік оқу орындары мен мемлекеттік емес оқу орындары арасында бәсекелестік болуы керек. Сонда ғана сапалы маман даярлауға мүмкіндік туады. Біз мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын жақсы білеміз. Шынын айту керек, көбісінің аты бар да заты жоқ. Олардың материалдық-техникалық базасы, профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми дәрежесі өте төмен болады. Соның салдарынан сапасыз мамандар шығады. Көптеген жоғары оқу орындарының міндеті — қолына диплом беріп, шығарып салу. Түлектің одан кейінгі өмірін ешкім ойламайды. Соңғы кезде Мемлекет басшысы, Үкіметтің Білім және ғылым министрлігіне берген үлкен тапсырмаларының бірі — осы. Мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын бір тәртіпке келтіруіміз керек. Олар қазіргі білім стандартына, дүниежүзілік талапқа сәйкес болуы керек», — деді Бердібек Машбекұлы.
Кездесуге дейін университет ішін толық аралап көрген облыс әкімі оқу орны басшылығының қолға алған жұмыстарына көңілі толды.
— Оқу орны жанынан салынып жатқан екі ғимарат тек сіздердің университеттеріңіз үшін ғана емес, Ақтөбе өңірі үшін керек. Өкінішке қарай, қазір қаншама оқу орны болғанмен, оларда жас ғалымдардың ғылыми жобаларын бастап, әрмен қарай өндіріске енгізуге ешқандай мүмкіндік жасалмаған. Сол жағдайдың бірі — технопарк. Технопаркте жас мамандар өзінің ғылымын бастауы керек. Сонда ғана олар өз ойындағысын өндіріске енгізе алады. Оқу орнының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан технопарк құрылысы өте дұрыс. Бұл туралы біраз сөйлескенбіз. XXI ғасыр — техникалық прогресc кезеңі. Сондай кезеңде ғылым дамуы керек. Сондықтан біз бұл бастаманы қолдаймыз, әрмен қарай бірігіп жұмыс жасаймыз. Жергілікті билік тарапынан көмек болады. Бұл — біріншіден, өзіміз үшін, екіншіден — өсіп келе жатқан жастарымыз үшін керек, — деді облыс әкімі.
Бердібек Машбекұлы салынып жатқан тестілеу орталығы болашақта университеттің студенттері мен оқытушылары үшін ғана емес, мектеп оқушылары, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің тест тапсыратын орталығына айналуы керектігін айтты. «Қазір тест тапсыруға әрбір мектеп өзінше дайындалады. Бірақ балалардың төмен балл жинауы — олардың емтиханға психологиялық тұрғыдан дайын емес екендігін көрсетеді. Әсіресе, ауыл балалары мұндай дәрежеге жете бермейді. Жалпы өңірде бір тестілеу орталығы болуы керек. Бірақ орталық барлық талапқа, стандартқа, деңгейге сәйкес болуы шарт. Қауіпсіздік пен бақылау мәселесі де басты назарда болуы қажет. Бұл ұсыныстарыңызды біз қабылдаймыз, — деді өңір басшысы.
Бердібек Машбекұлы университет басшылығының медициналық колледж ашу туралы ұсынысына байланысты алдымен аталған салаға жан-жақты зерттеу жүргізу керектігін айтты.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде туризм саласы бойынша білім алған студенттердің дені өз мамандықтары бойынша жұмыс жасамайды. Себебі олардың жұмыс істейтін жері жоқ. «Ақтөбеде туризмді дамытатын жерлер көп емес, бірақ бар. Тек демалатын жерлер ғана емес, тарихи жерлер де бар. Қазір шетел азаматтары бұрынғыдай Еуропа елдерін, Американы аралағанды қойды. Олар Азия мемлекеттеріне келіп, көрмегендерін көргісі келеді. Сол жердің табиғатын, халқын, оның дәстүрін зерттегісі келеді. Біз туризмді дамытуымыз керек», — деп облыс әкімі туристік база ашу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайындағы университет басшылығы айтқан ұсыныстарға қолдау білдіріп, орынбасары Асқар Шерияздановқа бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Өз сөзінде облыс әкімі елімізде шығарылатын мұнай, газ, түсті металл салаларына маман жетіспейтінін, жастарды қажетті мамандықтарға көптеп тарту керектігін баса айтты. Кездесу барысында қазіргі жастардың тәрбиесі, мәдениетіне қатысты да біраз әңгіме қозғалды.
P.S. Кездесуде Бердібек Машбекұлына кейбір жастардың ойға алған ісін орындауына отбасындағы материалдық жағдайдың қолбайлау болатыны, әкім гранттарын бөлу, университет жанынан «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшесін ашу, студенттер үшін жатақхана салуға жер телімін бөлу секілді өзге де сауалдар қойылды. Облыс әкімі қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button