Басты жаңалықтар

Сексен мен сексен бестің жүздесуі

Облысымыздағы тарихи өлкелердің бірі – Қобда ауданының құрылғанына биыл сексен жыл толады. Халық арасында батырлар мекені аталып кеткен бұл мекеннің бүгінгі ахуалы да, сол ежелден келе жатқан, қалыптасқан дәстүрлерді жалғастыру ыңғайында өрбуде. Қазіргі уақытта аудан тұрғындары өңірдің сегізінші белесі тұсында жүріп өткен жолдың игіліктерін жинақтап, энциклопедия дайындау үстінде.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев бастаған, құрамында газет ардагерлері Кәдірбай Бекмағанбетов, Ұзақбай Төлебаев бар журналистер тобы Қобдаға оқырмандармен жүздесуге осындай мерейлі сәт үстінде келді.

Аудан әкімі Любовь Исмағамбетова журналистерге ауданның бүгінгі ахуалын, Елбасы алға қойған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып жатқан шараларды баяндап берді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде осында ауқымды екі үлкен жәрмеңке өткізіліпті.

Жалпы, Қобда өңірінде он сегіз ауылдық округ, отыз жеті елді мекен бар. Облыс орталығымен ара қашықтық жүз шақырымның үстінде болғанымен, Ақтөбемен қатынас жасап, барыс-келісті жүзеге асыру мұндағылар үшін қиындыққа соқпайды. Жол жағдайы әлі де жақсартуды талап еткенімен, жергілікті кәнігі жүргізушілер қазіргі ахуалға да қынжылып жатқан жоқ.

«Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерекесі аясында жұртшылықпен жүздесуге келген журналистерді аудан орталығындағы қазақ орта мектебінде баспасөз жанашырлары, ел еңбеккерлері қарсы алды. Өткен жылы ғана жаңадан пайдалануға берілген қазақ орта мектебі бүгінгі заман ағымына сай жабдықталған, мұнда оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдайлар жасалған.

Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жалпы газет пен оқырман арасындағы байланыстың қашаннан берік орныққанын айтты.

«Сол үрдіс алда да жалғаса беретіндігіне сенемін, – деді ол, – өйткені қазіргі уақытта халықтың ақпаратты қажеттілік деп тануы анық байқалады. Биыл 85 жасқа толып отырған «Ақтөбенің» мерекесі – бәрімізге ортақ. Өйткені, айтылып жүргендей, бұл газет – халықтың үні мен көзіне айналғаны рас».

«Ақтөбенің» бас редакторы Бауыржан Өтеулиев бүгінгі жүздесудің мәнін былай түсіндірді:

– Идеология қай қоғамда да керек. 1924 жылы 7 маусымда сол кездегі уақыт талабымен «Кедей» деп аталатын газет дүниеге келді. Отызыншы жылдарды байларымызды «бір жөнге» салған соң, ендігі талап бойынша «Алға» атауы қажет болды. Одан кейінгі кезеңдерде «Социалды жол», «Социалистік жол», беріректе «Коммунизм жолы» болып жалғасты. Қазір «Ақтөбе» аталған тұста 85 жылдық мерекемізді сіздермен бірге атап өткіміз келеді. Мемлекеттік саясат, ұлттық мүдде – ұстанымымыз болып қала бермек.

Содан кейін, ол газеттің бүгінгі жай-жапсары туралы баяндады, алдағы мақсаттарды бөлісті. «Кедейден» бастап осы ұжымда еңбек еткен белгілі адамдар, танымал тұлғалар туралы баяндады.

Ардагер журналист Кәдірбай Бекмағанбетов газеттегі қызмет еткен жылдарына байланысты өткен жолдарды еске түсірді. Ол іс сапар ретімен сол уақытта Қобда өңіріне сан мәрте келгендігін, талай игілікті істердің куәсі болғандығын айтты.

«Ауданды Социалистік Еңбек ері Алтынбек Әкімжанов басқарған тұстарда шаруашылықтарда елеулі өзгерістер болды, соның бәрін біз газетімізде көрсетіп отырдық, – деді К. Бекмағанбетов, – Өздеріңіз білесіздер, журналист еңбегі мақала жазумен ғана бітпейді. Ол кездерде газет шығарудың қиындығы тіпті бөлекше болды. Сол кездегі журналистеріміз таң атқанша жұмыс істейтін шақтар да жиі кездесетін».

Облыстық газетте ұзақ жыл жауапты хатшының орынбасары болып қызмет атқарған Ұзақбай Төлебаев еңбек демалысына шықса да, белсенді еңбектен қол үзген жоқ. Ол қазір облыста шығатын «Ұстаз» газетінің редакторы.

Майталман журналист облыстық газетте қызмет еткен жылдарын ыстық ықыласпен еске алып, оның өз өмірінде үлкен мектеп болғандығына тоқталды. Сондай-ақ ол газеттің қоғамдағы үлкен қозғаушы күш екендігіне тоқтала келіп, талай тағдырлардың түзу жолға түсуіне, әділдік орнығуына журналистердің ықпалы болғандығын нақты мысалдармен айтты.

Журналистер осында келер қарсаңда ғана, яғни бір аптадай уақыт бұрын «Қазпошта» акционерлік қоғамы аудандық торабында келер жылға баспасөзге жазылу науқанының ашылуы арнайы аталып өтіпті. Осы жиында  жергілікті пошта қызметкерлері жұртшылыққа жазылым полистерін таратып, баспасөзге жазылу акциясын өткізген.

Қобдалықтар алдағы жылға жалпы көлемі 8500 дана газет-журналдарға жазылмақ. Бұл қазіргі уақыттағыдан біршама артық.

Аудан тұрғындарының көпшілігі облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник», аудандық «Қобда» газеттеріне жазылуды дұрыс көреді екен. Себебі, жұртшылық, ең алдымен, жергілікті ақпараттарға зәру.

Акцияның ашылуында Ү.Бөрібаева, Р.Шабарова, Қ.Аманиязова, Б.Самбаева, Қ.Әмірова, А.Қалдыбаев ең алғашқы болып баспасөзге жазылып, естелік сыйлықтармен марапатталыпты.

Жүздесу кезінде осы жайлар айтылып, бүгінгі күні баспасөзге жазылу жаңа қарқынға ие болғандығы жеткізілді.

Қобдалық журналист Балнияз Әжниязов 1966 жылы 8 қаңтардағы «Коммунизм жолы» газетіндегі «Көркейген ауыл» деген алғашқы мақаласын көрсетті. Онда он жеті жасар шәкірт бала «Ақыраб» кеңшарының бірінші фермасындағы шаруашылық пен ауыл мәдениетінің көркейген шағын көрсетеді.  Бүгінде алпысқа толып отырған Бәкең, жауапты редактор Қ. Қожамұратов болған «Социалистік жол» газетінің 1946 жылғы 25 мамырдағы санын да, жас өркендерге қызықтыра көрсетіп жатты.

Кездесу ән мен күйге ұласты. Гүлсамал Сафиева, Нұртай Шәкенов секілді балғын әншілер әсем әндерімен жиналғандар жүрегін баурады.

Қолға енді қалам ұстап, газетке алғашқы хабарларын жолдап жүрген жас тілшілер аға буын – журналистер қолынан марапаттауларға ие болды. Олардың қатарында Әйгерім Төлепбергенова, Әлия Шәкірова, Алтынай Демесінова секілді талапкерлер бар.

Салтанат Досқалиева, Гауһар Тілеумағамбетова балғын жырларын оқыды.

… Жылы жүзді жүздесуде оқырмандар сексен беске келіп отырған «Ақтөбеге» ақ тілектерін ақ көңілдерімен айтты.

Қарт журналист Кәдірбай аға өзіне ұзақ жыл серік болған қаламын талаптанып жүрген жас тілшіге ілтипатпен ұсынды.

Бұл – көпшілікке аға буынның жас толқынға аяулы аманатындай әсер етті.

***

ГАЗЕТ ЖӘНЕ ОҚЫРМАН

Батырхан ӨТЕПОВ, Ақыраб селолық округінің әкімі:

–  «Ақтөбе» газеті арқылы біз облысымызда болып жатқан игілікті істерді, жаңалықтарды жедел түрде біліп отырамыз. Газет танымдық-тәрбиелік тұрғыда да көптеген шаруалар тындырып отыр. Қолымызға тие бермейтін көптеген тарихи дүниелер бізге осы басылым арқылы жетеді.

Өз басым «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын әрі өзім басшылық жасайтын округте басылымның көптеп таралуына ұйытқы болуды парызым деп есептеймін. Өйткені, газет халыққа рухани нәр береді, жанын сергітеді, жаңалыққа кенелдіреді. Мұндай игіліктерден құр қалған адам өзін таршылықта сезінеді деп ойлаймын.

Газетте алдағы уақытта алыстағы ауылдар өмірі қаз-қалпында жазылып тұрса, қызықты болар еді. Сондай-ақ, жастардың ауылға бет бұрысы, ел шаруасын көтеріп жүрген жас кадрлар туралы да тақырып жұртшылықты бей-жай қалдырмайтыны анық.

Ұштап Бөрібаева, зейнеткер:

– Құрметті демалыстағы адаммын. Көп жылдардан бері облыстық, аудандық газеттерге жазылып тұруым үшін зейнетақымнан әдейі ақша ұстап қаламын.

Сол газеттер арқылы елдегі, ауыл ішіндегі болып жатқан жаңалықтарды оқып білемін. Егжей-тегжей қадағалап оқып отырамын. Үйге балаларым келгенде жаңалықтарды мен айтып беріп отырамын.

«Ақтөбе» – менің асыға күтіп отыратын басылымым. Біздер секілді ардагерлер туралы жазғандарыңыз көңілімнен шығады. Шынында да, өткенді бағаламай, ертеңнен құрмет күткен дұрыс болмас.

Есенгелді Бажраев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы:

– Менің жасым жетпісті алқымдап қалды. Саналы өмірімнің бәрі газет оқумен өтіп келеді. Елдің жаңалығын білуге, газет оқуға жас ерекшелігім ешқашан кедергі болған емес. Газеттер осы ғұмырымның арқауы болды десем артық айтпаймын. Ұлттық рухқа толы газет-журналдар әр қазақтың шаңырағынан табылсын, баспасөздің қара ормандай оқырмандары көп болсын.

Зағипа ӨРБІСІНҚЫЗЫ, мұғалім:

– Мен отыз жылдай мектепте ұстаздық қызмет атқарып келемін. Тарих пәнінің оқытушысы болғандықтан, бекітілген оқулықтармен шектеліп қала алмаймын. Көп ізденуге тура келеді. Осындайда «Ақтөбе» газетінің көп көмегі тигенін жасыра алмаймын. Бүгінде тарихқа жаңа көзқарас қалыптасуда. Осы ретте де баспасөз бізге жақсы жол сілтеп отыр.

Еншібай БОЛАТХАН, мұғалім:

– «Ақтөбенің» мұғалімдерге де, оқушыларға да пайдасы зор. Біздің Қобда қазақ орта мектебінде ересектер «Бұқара» айқара бетін, балалар «Балдырғанды» іздеп жүріп оқиды. Сондай-ақ газеттің әр бетінің өзіне лайық оқырмандары бар ғой деп ойлаймын.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button