Әлеумет

Бұқара

  • Шебер

Қолдары әрі нәзік, әрі батыл

Назгүл Тасжанованың отбасы Сарықобда ауылына қоныс аударғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осы уақыт аралығында Назгүл ауыл тұрғындарымен тез танысып, дос-жаран болып кетті. Оның өзіндік себептері де бар.

Тумысынан ақ жарқын, сөйлеп тұрған Назгүлдің мінезінің кеңдігі де себепші болса, екінші жағынан, оның қандай да жұмыстан қорықпайтын батылдығы. Сонау бұлаңдаған қыз кезінде, кеңес заманында агрегатта қой қырқып, талай жүлдені жеңіп алған Назгүл, ауылдың қойын қырқуда алдына жан салмайды және оны «қара жұмыс» деп қымсынбайды да. Себебі, бұл бір жағынан, шиеттей бала-шағасына нәпақа көмек болса, екінші жағынан, жастайынан еңбекпен шыңдалған жанның «есекті тазаласа да адал мал табу» дейтін қарапайым қағидасы.

Қара жұмысқа жататын қой қырқуда алдына жан салмайтын Назгүлдің кештете үйіне келіп, бала-шағасын жайғастырған соң, өзі ғана енетін әдемі әлемі барын біреу білсе, біреу білмейді. Көздің жауын алған әр алуан түсті матадан құрақ құрап, көрпе тігетін саусақтарының сырын ескі іс мәшинесі ғана білетін болар.

Нағашы әжесінің бауырында өскен Назгүл кішкентайынан сол кісінің ісмерлігіне көз қарықтырып өсті. Әр алуан түс өзгеше өрнекпен қиыса қалғанда қызығып ұзақ қарайтын. Кейін өзінің де қолынан ине-жіп түспейтін болды. Ал одан соң, тіпті осы құрақ құрау деген кәдімгі кәсібіне айналып кетті. Жолдасы Мэлс: «Бір жерде құрақтың өзгеше үлгісі барын естісе, бәрін тастап барып үйреніп келеді», – деп күледі.

Кешегі жұмыссыздық, шарасыздық жайлаған алмағайып заманда да бала- шағасын асырап, ешкімнен кем болмай тіршілік етуіне де көмектескен осы өнері болды. Ұзататын қызы бар үй Назгүлды жағалайтын. Талай отаудың төрінде Назгүлдің қолынан шыққан көрпелер бар. Тойдың кезі жаз-күз айлары ғой, қысқа қарай тапсырыс азаяды, бірақ бұл кезде де ол қол қусырып қарап отырмайды, жұмысшыларға арнап қысқы жұмыс қолғаптарын тігеді. Кәдімгі кәнігі кәсіпкерлердей қай уақытта кімге қандай тауардың қажеттігін тап басып, зерделеп алған.

Әлгі әңгімеміздің басында айтып кеткен қой қырқуға да жайдан жай  барып жүрген жоқ, кейде ақша орнына, қалаған жүнін алады. Оны жуып-тазалап, кептіріп, сабап- түтіп, әйтеуір көрпеге салғанша тыным таппайды.

…Біздің көшенің арғы бетінде бір әйел тұрады. Екі күннің бірінде әкімшілік жағалап, көмек сұрап жүргені. Кейде нан-тұз сұрап есік қағады. Алайда  подъезд бен аула сыпырып ақша тапқысы келмейді. Намыстанады!

…Өзіне сенетін, өзінің қолдарына сенетін, қиындықтан қаймықпайтын Назгүл Тасжанова тәрізді жандар барда, әлгі бір «қиындық, дағдарыс» дегендердің бар екені байқалмайтын тәрізді…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

  • Той

Өзгеше өрнектелген қуаныш

Темір ауданының Кеңқияқ ауылында Синат Хауанияұлы деген азамат тұрады. Зайыбы Сәйдел екеуі балаларын өсіріп, дұрыс тәрбие беріп, ел қатарлы өмір сүруде. Тұрмыстары жаман емес. Шүкір, баршылық.

Ата-ананың арманы балаларды жеткізу ғой. Қызығын көру. Қызығын көру болғанда – «Ұлды – ұяға, қызды – қияға» қондыру. Той жасап, халықтың батасын алу. Синат пен Сәйделдің де күтіп жүргені осы еді. Тұңғыштары Серікжан Әсел деген жұбын тапқанын, енді той жасау керектігін айтқанда, қуаныштарында шек болмады. Бірден той жабдығына кірісіп кетті.

Көп созып не қылайын, кім жасамай жатқан той? Кім ұлын үй қылып, қызын ұзатпай жатыр? Сәкең көптен күткен тойын өзгеше жасады. Өзгешелігі сол, той арақ-шарапсыз өтті. Сыңғырлаған стақандардың, ұзынды-қысқалы бөтелкелердің орнына қымыз бен шұбат, аққұман мен кесе келді. Қолға стақанды қылғындырып ұстамай-ақ, әдемі тілектер айтылды, баталар берілді. Арақсыз-ақ той көңілді өтті. Әсіресе, асаба мен өнерпаздар Бахой, Метиғұлла, Марат секілді жігіттер мен қыздар тойды әдемі әзілмен, әсем әнмен өрнектеп, тойшы қауымның көңілін таба білді. Кең етіп тігілген шатыр астында 300-дей қонақ көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Отбасының тұңғыш қызығы үшін Синаттың да арақ-шараптың небір түрін қоюына мүмкіндігі бар еді. Бірақ бесігімізді түзеп, ел боламыз деп жатқан бүгінгі күні, бұл азамат ауылдастарына үлгі көрсете білді. Осы өнеге жер-жерде жалғасын тапса дейміз.

Әйладыр, той қонағы.

Жарқамыс ауылы,

Байғанин ауданы.

  • Тағзым

Абзал аға

Кеше ғана арамызда жүрген халыққа сыйлы ағамыз Қойшы Салықұлы Кейкин өмірден озды дегенді естігенде қатты қиналдым. Ол – қарапайым, қызметіне адал, азаматтығы биік, кісілігі жоғары, көргені мол, жас мамандарға үйретері көп адам еді.

Мен Қойшы Кейкинмен қызмет барысында таныстым. Әлі есімде, сексенінші жылдардың орта тұсы болатын. Ол кезде мен Ақтөбедегі Фрунзе аудандық сотында судья қызметін атқарамын. Ал, Қойшы Салықұлы облыстық соттың төрағасы. Бірде ол мені кабинетіне шақырып, облыстық сотқа ауысу туралы ұсыныс жасады. Рас, алғашында аяқ асты айтылған ұсынысқа келісу қиын болды. Үйреніп қалған қызметімді, ұжымымды қимадым. Бірақ Қойшы ағаның ақылымен, бастамасымен ұзамай облыстық соттың судьясы болып тағайындалдым.

Қойшы аға өз мамандығының шебері еді. Тіпті, бар ғұмырын ізденіспен өткізді десе де болады. Ол қырық жыл судьялық қызметте болып, оның отыз жылын сот төрағасының қызметіне арнады. Он сегіз жылда Торғай, Ақтөбе қалаларындағы облыстық соттарды басқарды. Қойшы ағаның елге жасаған ерен еңбегі де еш кеткен жоқ, «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағы – осының айғағы.

Тәжірибесі мол маман аудандық, облыстық соттың судьялық лауазымына қызметке келген  жас қызметкерлерді тәрбиелеп, олардың шыңдалуына көмектесе білді. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де, Қойшы аға судьялық қызметтен қол үзбей, ҚР Судьялар одағы Ақтөбе филиалының төрағалық міндетін абыроймен атқарды. Мұнда ол жас судьялардың кәсіби біліктерінің өсуіне, адами қасиеттерінің дамуына ықпал жасады. Мұның өзі – судьяның өмірінің соңына дейін қызметіне берік болғандығын көрсетеді.

Қыпшақ БАЙЖАНОВ,

Қостанай гарнизоны әскери сотының

төрағасы.

  • Дін

Келеңсіздік – кесір

Мемлекетте халықтың, ұлттың ауызбіршілігін, біртұтастығын сақтауда дін өзекті орын алады. Алайда, бүгінде ислам дінінің мәртебесі төмендеп, қалың көпшілік арасында абыройы түсіп бара жатқандығына үрейленеміз. Бұған себепші – молдалардың діни сауатсыздығы мен басқа ағымның көбеюі.

Бүгінде жиі айтылатын «уахабизм» ілімінің ата-салтымызға қарсы келер тұстары көп. Мәселен, бұл ілімді уағыздаушылар «Садақа бермеңдер, марқұмдарға құран оқып, басына белгі қоймаңдар» деген тәрізді жан түршігерлік сөздерді жиі айтады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылманның садақасы оның ғұмырын ұзартады, мезгілсіз өлімнен сақтайды, күпірлік пен мақтаншақтықты бойынан аластайды» деп ынсаптыққа үндеген. Жалпы, Құран оқу, дұға ету, кешірім сұрау үкімге жазылған. Өйткені ысырапсыз берілген садақамен мал кеміп, дәулет ортаймайды.

Ал әрбір мұсылманның шейіт болған марқұмдарды құрметтеп, рухына арнап құран оқуы, басына белгі қоюы – азаматтық парызы. Егер сонау XVIII ғасырда ғана пайда болған уахабизм ілімінің ережелеріне бағынсақ, біздің қазақшылығымыз қайсы? Бүгінде бет-жүзін бүркеп, тұмшалап жүрген қыз-келіншектеріміз көп. Құрандағы «Нұр» сүресінің 31-аятында: «Момын әйелдерге айт, бет, аяқ-қолынан басқа ішкі көріктерін көрсетпесін» деп атап көрсеткен. Демек, бет-аузын бүркеп алып жүргендер осы аятты оқып, ойланса екен.

Діни бағытта байқалатын қайшылықтың енді бірі – жеңіл-желпі аят жолдарын білетін адамдарға молдалық міндетті тапсыра салатындығымыз. «Жоқтан жақсы, обалын өзі көтереді» деп, діни әдеп-ғұрыптардың сақталуына үстірт қараймыз. Молда болу үшін де діни сауаты мол, заманауи талабына сай, білімді меңгерген адамдар болуы керектігін Қазақстан Мұсылмандар Басқармасы ескерсе  орынды болар еді.

Аманкелді БАҚАЕВ,

Алдаберген СӘНДІБАЕВ,

Темір ауданы.

  • Мерейтой

«Ақтөбе» газетінің құрдасы

Мәрия апай – «Ақтөбе» газетінің құрдасы. Ол жақсылықтың жаршысы, облыс жұртшылығының сүйікті газетімен бір жылда дүниеге келгенін мақтан етеді.

Жақында Мәрия апайдың үйінде үлкен той болды. Абзал ананың балалары, тума-туыстары, ағайындары  оның 85 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізді. Тойдың өтуіне себепші болған – Тұрар Шериязданов отбасы.

Тұрар Мәрияның өзінен 15 жас кіші інісі. Әкелері Шерияздан Ұлы Отан соғысы алдында дүние салып, артында зайыбы Жамал мен 18 жасар қызы Мәрия, 3 жасар ұлы Тұрар қалады. Анасы мен інісінің қамқоршысы болған Мәрия 1947 жылы майданнан оралған, мамандығы – мұғалім, Тәжіғұл Үмбетовке тұрмысқа шығады. Тәжіғұл мен Мәрия Тұрарды өз ұлдарындай тәрбиелеп, 1957 жылы ашылған Ақтөбе медициналық институтына оқуға түсіреді. Дәрігерлік мамандығын бітіріп шыққан Тұрар 1964 жылы Күләшпен бас қосады. Мәрия мен Тәжіғұл Тұрары оқу бітіріп үйленген соң, анасы Жамалды қолына беріп, еншілеп бөлек шығарады.

Арада екі жыл өткен соң, Тұрар мен Күләш екі жарым жастағы Азаматты Тәжіғұл мен Мәрияның бауырына салады. Бұл күнде Мәрияның баласы атанып жүрген Азамат әкесі Тұрардың жолын қуып, медицина институтын бітірген, әскери госпитальда жұмыс жасайтын білімді дәрігер, подполковник. Азаматтың зайыбы Мөлдір де медучилище бітіріп, осы госпитальда медбике қызметін атқарады. Мәрия апа Азаматты ғана бауырына басып қойған жоқ. Тәжіғұлдың жақын туыстарының қызы Сара да осы үйде бойжетіп, бұл күнде Ойылдың орталығында тұрады.

Мәрия апа тәрбиелеген Тұрардың отбасы туралы айтайық. Тұрар ініміз медицина институтын бітірген соң, Ойыл, Темір аудандарында, Ақтөбе қаласында еңбек етті. Бүгінде 70 жасқа толған ол әлі де қызметтен қол үзген жоқ. Қазір ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде студенттерге сабақ береді. Тұрардың балалары Азамат пен Асқар, Талғат көркейіп өсті. Мәрия жеңгеміздің бауырындағы Азаматы подполковник шеніндегі дәрігер болса, Асқар  көп жылдар бойы облыстық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі болды. Қазір «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ақпараттық талдау департаментінің директоры. Ал Талғат математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде дәріс береді.

Үлкендер «жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» деген сөзді бекер айтпаған. Мен осы Шерияздановтар отбасымен жастайымнан таныспын. Тұрардың балалары ана орнында болған апалары Мәрияны қатты қадірлейді. Мұның барлығы  Тұрардай ініміздің өмірлік жар таңдай білуінде ғой деп ойлаймын. «Ер жігіттің аты жақсы болса, бір бақыт, алған жары жақсы болса, мың бақыт» деген осы. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дегендей, Мәрия тәрбиелеген Күләш және оның келіндері апаларына қамқор.

Бүгінде бала үшін, бауыр үшін ет жүрегі езіліп, қамқор болып жүрген апа-аналарымыз көп. Сол асыл аналарымыздың қадірін балалар да ұғынып, олардың ақ сүті мен адал еңбегін қастерлесе екен.

Қарылға КЕРЕЙҚЫЗЫ,

зейнеткер журналист.

  • Қоқыс

Жалқау қазақтарға арналған жер

Ұйқыдан тұра сала терезеден қараймын. Неге дейсіз ғой? Үйдің артында бос жатқан жер телімі бар. Иесі белгісіз, үй салуға шамасы келмеді ме екен, әйтеуір, бос жатыр. Айтып-айтпай не керек, осы жер менің «бас ауруыма» айналды. Тіпті, айналамдағы көршілес жұртпен де іргемді айырды деуге болады.

Менің Заречный-2 поселкесіне көшіп барғаныма төрт жылдың жүзі болды. Сол бос жатқан жерге тұрғындар қоқыстарын әкеп төгеді екен. «Көп түкірсе – көл» деген. Ол жер енді кәдімгі тау төбе болып үйілді. «Ау, ағайын қоқыс тастама» десең, өзің бәлеге қаласың. Ақыры әкімшілікке шағымдануға тура келді. Қалалық әкімшілік арнайы техника бөліп, үш күн бойы машинамен, трактормен жарқыратып тазалады.

Енді сол жерді қызғыштай қоримын деп, түнде ұйқымнан айрылдым. Тегін қорықшымын десем болады. Баяғы үйренген әдетімен жалқау қазақтар сол жерге түн ішінде ұрланып келеді де, қоқыстарын төгеді де кетеді. Бір күні түнгі сағат 12-де қоқыс тастап жатқан көршілес адамды ұстап алдым.

… Қоқыс тасталған жерде тамақ қалдықтары шіріп, ауаға жайылады, неше түрлі аурулар тарауы мүмкін. Әрі тышқан мен екеуқұйрық жайлап алады. Ал бұл жерде тұратын ылғи қазақтардың бұған сана-сезімдері жетпесе қайтерсің? Абай түзей алмаған қазақты, мен қайдан түзейін…

Әкімшілікке де оңай емес, дегенмен, сол аумаққа қоқыс салатын контейнер қойса деп ойлаймын.

М.ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

  • Айтайын дегенім…

Шалқардағы «шатақ» вагондар

Осы күні Шалқардан «Шалқар-Ақтөбе» пойызына бас сұғу – азапты шаруа.  Неге дейсіз ғой, төрт вагоннан тұратын пойыз тоқтағаннан-ақ, вокзал алды у-шу, айқай, төбелеске толады. Пойыз басында адам өліп қалса да,  жергілікті тұрғындар мән бермейді…

«Шалқар-Ақтөбенің» жүргеніне көп уақыт болды. Аптасына  төрт рет жүретін бұл пойыз тұрғындар үшін аса қолайлы, әсіресе, ауданға қарасты шағын елді мекендерге бұдан басқа пойыз аялдамайды. Бірақ не бары төрт-ақ вагоннан тұратын «Шалқар-Ақтөбе» шалқарлықтардан ауыспайды.

Шалқардан «Шалқар-Ақтөбеге» міну алдымен төбелестен басталады. Пойыз тоқтаған сәтте ішіндегі  халық жерге түспей жатып, сырттағы аш қасқырдай қаптаған тұрғындар лезде вагонға тап береді. Тек төбелесе білсең ғана, вагонға кіріп орын ала аласың. Себебі, бұл пойыздың бір ғана вагонына билет сатылады. Ал бұған билет алу үшін күні бұрын касса алдындағы ұзын-сонар кезекке тұруың қажет.

Қызығы, үлкен ағалармен бірге мектеп оқушылары да вагонға төбелесіп мініп, жолаушыларға орынды екі есе қымбат бағамен сатады. Бір қынжылтатыны, қызыл-қырғын төбелесті вокзалдағы полиция қызметкерлері көріп тұрса да, мән бермейді. Ал шалқарлық төбелескіштер ақ жаулықты ана мен таяқ ұстаған қарияның айқайын, кішкентай балалардың, қыз-келіншектердің жылағанын місе етпейді.  Керісінше, үлкен кісі, жас балалардың көзінше небір былапыт сөздерді айтып, вагонға кейде терезеден кіріп жатады. Осылай аптасына төрт рет қана жүретін бұл пойыздағы орын лезде шалқарлықтармен толады.

Шалқар – облысымызға қарасты үлкен ауданның бірі. Қалада да, ауданға қарасты ауылдарда да көптеген тұрғындар тұрады. Менің түсінбейтінім, вокзалдың басында күнде  кешкілік төрт вагонға телмірген халықтың төбелес ашатынын әкім де, басқа басшылар да жақсы біледі. Неше жылдан бері қайталанып келе жатқан бұл оқиғаға неге олар көз жұмып қарайды?

Айта кетейін, осы ауданға қарасты шағын ауылдарға «Трудовой» деп аталатын пойыздан басқа пойыз тоқтамайды. Оның өзі бір вагон, аптасына 5 рет жүреді. Біз көбіне жұмыс бабымен ауданға қатынаймыз. Мінер пойызымыз – жалғыз «Шалқар-Ақтөбе». Шалқарлық тұрғындардан ауыспайтын бұл пойызға біздің де еркін мінгіміз келеді… Сондықтан жергілікті басшылар «Шалқар-Ақтөбеге» қосымша екі-үш вагон жалғаса жақсы болар еді.

Үміт АЛЛАОҢҒАР,

Шалқар қаласы.

  • Күйші

Өнердің жалғасы

Қазанғаптың әрбір күйі жүректі тербеп, көңілді жадыратады. Сондықтан да болар, оның күйшілік мектебін жалғастырған ізбасар күйшілер өте көп. Әсіресе, замандастарына «Тірі Қазанғап» атанған  Садуақас Балмағамбетовтің еңбегін ерекше атауға болады. Қазанғап күйшінің қасиетті қара домбырасы да бүгінде Садуақас ағаның шаңырағында сақтаулы.

Қазанғап шығармаларының бір бөлігі әйел затының сұлулығына арналған. Әсіресе, «18 жасар Балжан қыз» күйі жүрек қылын шертетін нәзік лириканың ішіндегі теңдессіз туынды. Бұл – орындаушыдан шеберлікті, нәзіктікті талап ететін күрделі шығарма. Талай күйді бағындырған кез келген домбырашы бұл туындыны тартуға құмартқанымен, оңайлықпен иіне келтіре алмайды. Ал Садуақас аталған күйді асқан шеберлікпен, байыппен, ерекше нақышқа келтіріп орындайды. Менің Садуақас ағамен жақын танысуыма осы күйді үйренуім себепкер болды.

1993 жылдың күзі болатын. П.Чайковский атындағы музыка колледжінің 3-курс студентімін. Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз» күйін кезекті емтиханға тартуға дайындап жүрген едім. Күйді бір тыңдатып, тексертіп алайын деген ниетпен Садуақас ағаны консерваторияға іздеп бардым. Ағай студенттерге дәріс жүргізіп жатыр екен. Менің есімі елге таныс күйші ағаның күйтабақтан орындаушылық өнеріне қанық болғаныммен, алғаш көруім осы еді.

Таныстықтан соң қасында отырып күйді тартып бердім. Күйдің орта тұсына келгенде ол мені тоқтатып көрсетіп берді. Міне, осылай күйдің мәтінін, қағысын толық үйрендім. Сол кезден бастап осы күй менің репертуарымнан берік орын алды.

Садуақас аға табиғатынан ерекше дарынды күйші, оның сүйріктей салалы саусақтары күй тартуға ғана жаралғандай. Екі қолының үйлесімділігі ерекше, қағысты алуан түрлі құбылтып жібергенде, күй тыңдаушысын тебірентпей қоймайды. Әрбір күйдің күрделі иірімдерінде әр дыбысы маржандай төгіліп, кез келген дыбысты бос жібермейді.

Садуақас Балмағамбетов Қазанғап күйшінің мұрасына адал болды. Ол бар ғұмырын Қазанғап күйлерін насихаттауға арнады. Мемлекеттік радио, теледидар және түрлі концерттер арқылы күйшінің күйлерін жұртшылыққа таныстырды. 1983 жылы «Қазанғап күйлері» атты күйтабақ жаздырып, Қазақ радиосының «Алтын қорына» сақталуына көп еңбек етті. Сонымен қатар күйшінің өмірі мен шығармашылығына, күйлерінің шығу тарихына қатысты ел арасында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қазанғап күйшінің домбырасы қазір Садуақас ағаның үйінде. 1978 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Бек Сүлейменов пен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Мардан Байділдаев басқарған ғылыми экспедиция күйшінің туған жеріне барып, қызы Ақілгекпен кездесіп, шәкірті Қадірәлі Ержановтың үйінде сақталған Қазанғаптың домбырасын Садуақас Балмағамбетовке тапсырады.

Садуақас аға көзі тірісінде Қазанғап күйлерінің жинағын кейбір кедергілердің салдарынан жарыққа шығара алмады. Ол қатты науқастанып жатқанда, ұстазым, профессор Айтжан Тоқтағанмен бірге көңілін сұрауға барғанымда, осы жайды айтып өкінгендей болды. Алайда өзі өмірден өтсе де «Саз зергері – Қазанғап» атты жинағын зайыбы Батима Арыстанбекқызы жарыққа шығарды. Қазір өнерсүйер қауым оның зайыбы мен баласы – Әділгерейге алғысын білдіреді.

Күйшілік өнер атаның қанымен, ананың сүтімен даритын киелі өнер. Садуақас ағаның інісі Нұрболат Жанаманов та – майталман домбырашы, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы, көптеген жүлделердің иегері. Нұрболаттың күй тарту мәнері Садуақас ағаны еріксіз еске түсіреді.

Қазір мен консерватория және колледждерде Садуақас ағадан үйренген өнерді  студенттер мен оқушыларға үйретіп келемін. «Жақсыдан шапағат» демекші Садуақас Балмағамбетовтей шебер домбырашының күйін тыңдап, батасын алғанымды әрдайым мақтанышпен айта аламын.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының

аға оқытушысы, күйші, зерттеуші.

  • Отбасы

Жеңгемдікі дұрыс па?

Бұл хатты жазбас бұрын көп ойландым. Жеңгемді жамандағым келмейді, бірақ кіші ағамды қатты аяймын…

Менің екі ағам, бір апам бар. Әкем кіші ағамның қолында тұрады. Ал үлкен ағамның екі үйі, қымбат машинасы, жеке кафесі мен дүкені де бар. Қысқасы, ауқатты отбасылардың қатарында. Айтайын дегенім – бұл емес, жеңгем жайында болып отыр.

Үлкен ағамның әйелі өте нашар. Тума-туыспен, ағайынмен араласпайды, үйіне адам келгенді де жақтырмайды. Іші тар, қызғаншақ адам. Әкем осыдан үш жыл бұрын қаладан екі бөлмелі үй сатып алған болатын. Бірақ бұл үйді үлкен жеңгем еріксіз  өз қызының атына жаздырды. Ағам үйдің үлкені болғандықтан, біз жеңгемізге еш қарсылық білдірмедік. Ең сорақысы, олар ауылдағы үйді де бұздырып, әкемнің ақшасына қаладан үлкен үй салдырып алды. Ал әкемді бағып-қағып отырған кіші ағам баспанасыз отыр…

Мен жеңгемді жамандайын деп хат жазып отырған жоқпын. Кіші ағама жаным ашиды. Оған үлкен ағамның екі үйінің бірі тиесілі емес пе? Жеңгеме «Үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жаса» деп айта-айта шаршадым. Ол ештеңе түсінбейді, ақыл айтқан үлкендерге шаптығып, қарсыласады. Құрметті оқырман, сіздер қалай ойлайсыздар, жеңгемнің бұл қылығы дұрыс па?

Мереке,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

  • Әдеп

Сәлемдесудің өзі өнер

Қазір мен жоғары оқу орнының студентімін. Қалаға келгелі біраз жайлардың куәсі болып жүрмін. Мені жастардың сәлемдесу әдебін дұрыс сақтамайтындығы қатты толғандырады. «Сәлем – сөздің анасы» екенін бүгінгі буын ұмытып бара жатқан тәрізді.

Көшеде де, көлікте де, тіпті, мәдени орындарда да қыз-жігіттеріміз «Как дела?», «Привет», «Салам» деп бір-бірінің беттерінен сүйіп амандасады. Тіпті, араларында ана тілінде емес, орысша «шүлдірлейтіндері» де кездеседі. Кейде үлкендердің «жастар бұзылған» деген сөздеріне арланып, ашуланамыз. Ал біздің бұлай амандасуымыз қазақы дәстүрімізге сай ма?

Сәлемдесудің де өз ережесі бар. Ертеде ата-бабаларымыз төс қағыстырып, қол алысып амандасқан. Бұл дәстүр қазір тек үлкендерімізде ғана кездеседі. Әрине, көп жастарға топырақ шашудан аулақпын. Уақыт жылжып өткенімен, ата-бабамыздан қалған асыл мұра мен құндылықтарды орынды сақтай білгенге не жетсін, достар?!

Аманша СМАҒҰЛОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің 1-курс студенті.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button