Ауыл

Қос шаруашылық: екі тізгін, бір шылбыр

Дағдарыс кезеңінде елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Яғни, шағын кәсіпкерлік – ел экономикасының күре тамыры. Өйткені қаржылық қиындықтар кезеңінде шағын шаруашылықтар өркендесе, жаңа жұмыс көзі табылып, аймақ тұрғындары жұмыспен қамтылады. Әрі отандық өнімнің өркендеуіне жол ашылады. Сондықтан  Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше ықылас танытуда. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын көркейтуге  баса назар аударылды. Бұл тұрғыда акционерлік қоғамдар арқылы шағын шаруашылықтарға несие берілуде. Қазіргі таңда біздің аймақта  дағдарысқа қарамастан, өз жұмысын жандандырып отырған шаруашылықтар бар. Солардың бірі – «Матай» шаруа қожалығы мен «Флора» ЖШС. Екі шаруашылықтың басшысы Ержан Кезбаев аталған шаруашылықтарға ерекше назар аударып отыр. Іскер басшының алға қойған жоспарлары да көп.

Қожалық басшысы 2000 жылы Ақтөбе қаласы іргесіндегі Жаңақоныс аумағындағы   шошқа өсірумен айналысатын «Актюбстрой» мекемесінің шаруашылығын сатып алды. Кейін шошқаның  орнына 150 қой және  ірі қара сатып алып, мал басын көбейтті. Қазір қожалықта 300 бас ірі қара, 500 қой, 40 жылқы бар. Өткен жылы Мәртөк ауданының Қызылжар ауылынан асыл тұқымды 60 ірі қара сатып алды. Сондай-ақ Маржанбұлақ ауылында серіктестікке қарасты 6,5 мың гектар егістік жер бар. Биыл оның үш мың гектарына бидай, арпа секілді дәнді дақылдар егілді. Алайда, ауа-райының қолайсыздығына байланысты егіннің шығымы аз болды.

Көктемде ылғал мол түскен соң, барлық күшімізді егінге салғанбыз. Бірақ ала жаздай тамшы тамбай егін қурап кетті. Соның салдарынан, биыл әр гектарынан 2-3 центнерден ғана өнім алдық. Ал өткен жылы гектарына 9-10 центнерден өнім жинаған болатынбыз. Сондықтан қазір қаржы жағынан қиындықтар кездесуде. Өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке егін салатын «Хорш» тіркемесімен «Клаас» комбайнын және «Кейс» тракторын сатып алдық. Жаңа техниканың тиімділігі өте зор. Бір комбайн екі-үш ескі комбайнның жұмысын атқарады. Қазір ескі техниканы пайдаланбай, жаңа комбайнмен егін орып жүрміз. Бірақ аталған кешеннің бағасы да қомақты. Бір «Клаас» 220 мың евро тұрса, кешен 400 мың доллар тұрады.  Осы қаржыны біз жеті жылда қайтаруымыз керек. Яғни, жылына 15-20 миллион теңге төлеуіміз қажет. Сонымен бірге, «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясында 10 миллион қарызымыз бар. Ал қарызды егіннен түскен табыстан төлейтінбіз. Биыл  осы несиелерді қайтару қиын болып тұр. Бұған қоса жұмысшылардың жалақысы бар, – деді шаруашылық басшысы.

Алайда, қаржылық қиындықтарға қарамастан, қожалық басшысы алдағы уақытта шаруашылық жұмысын жандандырмақ. Мәселен, қазіргі күні мал шаруашылығы бойынша ет, сүт өнімдері саудаға шығарылады. Қаладағы «Айс» мекемесі, балабақшалар мен шағын сауда орындары және жеке адамдармен келісім жасалып, сүт өнімдері тапсырылады. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы мұнай өндіретін «Кезби» бұрғылау  мекемесіне сүт өнімдері май, қаймақ күйінде жіберіледі. Аталған мекемеге айына 400 мың теңге көлеміндегі өнім жеткізіледі.

Қазір күз мезгілі болғандықтан сүт азайды. Соған қарамастан өнімнің бір бөлігі қалаға тасылса, екінші бөлігі дайын өнім ретінде  «Кезби» мекемесіне жіберіледі. Өйткені сүттей жіберуге өнім Ақтауға жеткенше бұзылып кетеді. Сондықтан май, қаймақ күйінде апаруға  мәжбүрміз. Жалпы, аталған мекеме әкемнің иелігінде болғандықтан, қаржылай қолдау көрсетіп отырады.

Биыл сүтті арнайы пакет, яғни тетра-пакет арқылы саудаға шығару жоспарланған болатын. Бірақ қаржының жетіспеушілігіне байланысты кейінге қалып отыр. Егер сүт тетра-пакетке құйылса тиімділігі өте зор. Біріншіден, өнім екі-үш ай сақтауға шыдаса, екіншіден, сүт көлемін ұлғайтуға болады. Сондай-ақ келер жылы автоматты сауын түрін енгізбекпіз. Сиырдың желініне кигізілген түткіше арқылы сүт сауылып, арнайы салқындататын қондырғыға құйылады. Салқын сүтті бұл жерде екі күн сақтауға болады. Ал оны тетра- пакет арқылы саудаға шығарсақ, өнім ұзаққа шыдайды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 35 миллион теңге қажет. Өйткені кешеннің ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізу тағы бар. Қазір осы мақсатта «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы келісім жасалып жатыр. Яғни, қоғам тарапынан қаржылай қолдау болса, келер жылы бұл жоба  іске асуы мүмкін.

Ал ет өнімдерін қаладағы сауда орындарына тапсырсақ, кейде  «Табыс» базарында өтетін жәрмеңкеге қатысамыз. Бұл жерде біз  орынға ақы төлемейміз. Биыл егіннің аз түсуіне орай, мал басын азайтуымыз мүмкін.

Сондай-ақ картоп шаруашылығын да келер жылдың жоспарына енгіздік.  Бұл жұмыстарға да қомақты қаржы қажет. Мәселен, 200 гектар жерге картоп егу үшін 1 миллион теңге керек. Өйткені картоп егетін кешеннің өзі қырауар қаржы тұрады. Кешеннің құрамында өнімді жинайтын, егетін жабдықтары бар. Сондай-ақ биыл жиырма гектар жерге көкөніс ектік. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты шығым аз болды. Жалпы, көкөніспен айналысу өте тиімді екенін байқадық. Сондықтан келер жылы қияр, қызанақ өсіру үшін жылыжай салу жоспарда бар. Бұл жұмыстарға да «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы лизинг арқылы көмектеспек. Жалпы, акционерлік қоғам жылыжайды салуға және  құрал-жабдықтарына екі миллион теңге береді. Ал су жүйесін енгізуге және  іргетас секілді өзге де жұмыстарға өзіміз 1 миллион теңге  салуымыз керек. Демек, көлемі 500 текше метр жылыжай салу үшін 3 миллион теңге қаржы қажет. Ал шаруашылықты дұрыс жүргізе білсек, біз бұл қаржыны 2-3 жылда қайтарып аламыз,- деді Ержан Кезбаев.

Сондай-ақ қазіргі күні  қожалық басшысы наубайхана салып жатыр.  Қараша айында күніге 1000 бөлке нан шығаратын шағын наубайхана іске қосылмақ. Қазір ескі қазандықтың орны қайта жаңарып, наубайхананың құрылысы аяқталуға жақын.

Серіктестікте дирмен бар. Демек, бидай мен ұнды өзіміз шығаратын болсақ, ешқандай шығын болмауы тиіс.  Қазір бидайды қаладағы «Әлжан», «Рамазан» мекемелері мен спирт зауыттарына тапсырамыз. Егер, наубайхана  іске қосылса, онда ұнды өзіміз шығарамыз. Дайын өнімді  Құршасай, Маржанбұлақ секілді жақын ауылдарға апару көзделуде. Өйткені осы ауылдар нанды қаладан сатып алып отыр. Ал біз әр дүкенге апарып береміз. Егер сұраныс болса, нанды екі есеге дейін көбейтіп шығаруға мүмкіндік бар. Әрі, наубайханада  екі-үш адам еңбек етеді.  Сондай-ақ ұнды Ақтау қаласына да сату жоспарланып отыр, – деді қожалық басшысы.

Қазір екі шаруашылықта елу адам еңбек етеді.  Олардың жалақылары атқаратын қызметіне қарай әр түрлі, яғни 15-40 мың теңге аралығында. Қожалық тарапынан жұмысшыларға көлік, азық-түлік жағынан көмек беріледі. Қиындықтарға қарамастан, Ержан Кезбаев жұмысшылар санын қысқартпай отыр. Сондай-ақ серіктестік басшысы мал шаруашылығы бойынша мамандардың жетіспейтінін айтады. Мал өсірудің қыр-сырын, шаруашылықтың жай-күйін білетін үлкендер қазір азайса, ал мал жайын білетін жастар аз. Сондықтан қожалық  осы саланы жетік білетін маманға зәру. Егер білікті мамандар болса, бие санын елуге жеткізіп, қымыз өндірумен де айналыспақ.

Қожалық жұмысының алға жылжуына мемлекет тарапынан да көмек көрсетілуде. Мәселен, мал асырауға субсидия, шөптің әр тоннасына 400-450 теңге, ал егінге 450 теңгеден демеуқаржы төленеді. Сондай-ақ сақтандыру қаржысы беріледі.

Мемлекет тарапынан қолдау бар. Алайда, шаруашылықтың ілгері басуына әлі де болса жеңілдіктер керек-ақ. Әсіресе, дағдарыс кезеңінде шағын шаруашылықтар қамқорлыққа зәру.  Мәселен, егін ору науқаны кезінде  жанар-жағармай жеңілдікпен беріледі. Бұл өте тиімді. Алайда, оны алу үшін қағаз толтырып, көп уақытыңды жоғалтуға мәжбүр боласың. Әрі сапасы да кейде көңілдегідей  болмайды. Сондықтан жанар майды басқа бекеттерден  аламыз. Бағаларында да айырмашылық көп емес.  Өйткені жаңа техника жанар майдың әсерінен бұзылса, оны жөндеуге қыруар қаржы кетеді. Дегенмен, қазір май бағасы түсіп тұр.

Сонымен бірге, «Азық-түлік келісім-шарт» корпорациясы арқылы алған несиені 10-12 пайызбен төлейміз. Бұл да біз үшін тиімді. Дағдарыс екен деп шаруашылықты тоқтатуға болмайды. Қиындықтарға қарамастан ілгері ұмтылуға тырысамыз, – деді қос шаруашылықтың басшысы.

Қазір екі шаруашылықта 5-6 комбайн, ескі 15 трактор, 3 «К-700» тракторы,  6 жүк машинасы, «Уаз» автокөлігі бар. Техниканың бірқатары Ақтаудағы «Кезби» мекемесіне жалға беріледі. Яғни, бұдан айына бір миллион теңге табыс түседі.

Бүгінде  қожалық қысқа әзір. Малдың жем-шөбі дайын. Қазір  мал қоралардың жылу жүйелері жаңартылып, аяқталуға жақын.

Осы шаруашылықта  2001 жылдан бастап, мал дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқан Қуаныш Қалыбаев жұмысына дән риза.

–  2000 жылы Темір ауданынан Құршасайға көшіп келдік. Қазір осы шаруашылықта жұмыс істегеніме біраз уақыт болды. Айына 35 мың теңге жалақы аламын. Жолдасым ауылда мектепте жұмыс істейді. Үш қызым бар. жағдайымыз жаман емес. Қожалық басшысы айлығымызды уақытында төлейді, -деді. Ал үш жылдан бері сауыншы болған Дәрігүл Ізмағамбетова Алға ауданынан осында қоныс аударыпты.

Жолдасым осы қожалықта трактор жүргізсе, мен сауыншы болып еңбек етемін. Қазір 60 сиырды төрт сауыншы болып, екі мезгіл сауамыз. Айына 30 мың теңге жалақы аламын. Алайда, қаржы  тапшылығына байланысты қожалықта қиындықтар болуда, бірақ жұмыстан шыққан азаматтар жоқ. Басшымыз азық-түлік жағынан да көмек береді, – деді.

Мамандығы энергетик болса да мал мен егін шаруашылығының қыр-сырын меңгерген азамат, дағдарысқа қарамастан, шаруашылықты құлдыратпауға тырысып бағуда. Ауыл азаматтарына жұмыс тауып беріп отыр. Дегенмен, қолдау болса, шаруашылықты әрі қарай кеңейту қиын емес екенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button