Басты жаңалықтар

Болмысы бөлек бөлім меңгерушісі

Кәсіподақтардың да гүрлеп тұрған кезі болған. «Коммунизм жолы» газеті редакциясы кәсіподақ ұйымының ертеректегі кейбір құжаттары, менің ескі-құсқы қағаздарымның арасында әлі жүр. Соларды көргенде ұйымның бір кездегі төрағасы болған марқұм Дүйсенғали Мұқаев ағамыз еске түседі. Кәсіподақ ұйымына әрқайсы 2-3 жылдан жетекшілік еткен әріптестер болды ғой. Дүйсекеңнің есте қалатын ерекшелігі – осы қоғамдық жұмысты өзінің штатпен берілген қызметі сияқты қабылдап, үлкен мән беріп отыратыны. Құжатқа мұқият еді. Мынау кәсіподақ мүшелерінің арыздары, мынау жалпы жиналыстардың хаттамалары, анау пәтер кезегіне тұрғандардың тізімі… болып жеке-жеке хатталып қояды. Керек кезінде «міне» деп суырып алып жатқаны.

– Жұма күні кәсіподақ ұйымының жалпы жиналысы болады, ешқайда кетіп қалмаңдар, – деді бір күні.

– Тек, әй, сенің ішің пысады да жүреді екен, – дейді суретші Жұлдызбай Әндіров.

– Жоқ, мыналар хатпен жұмыс істегенді қойды, айдың аяғы болып қалды, хаттың есебін шығаруым керек. Бөлімдерде екі айдан, үш айдан қозғалыссыз жатқан хаттар бар.

Оның реті бар. Дүйсекең – хат бөлімінің меңгерушісі. Редакцияға келіп жатқан барлық арыз-шағымдар, үлкенді-кішілі мақалалар осы кісінің есебінде.  Келген хаттарды сала-сала бойынша шекесіне қағаз қыстырып, бөлімдерге таратады да, оларды алдындағы дәу журналға айын, күнін көрсетіп тіркеп қояды. Өзіңе тапсырылған хатты ия газетке шығаруың, ия пайдаланылмайтын себебін жазбаша  түрде көрсетіп өзіне қайтаруың керек. Жоғалып қалыпты немесе қолым тимей жатыр деген болмайды.

Кәсіподақ жиналысы дегеннен кейін бәріміз жанталасып, хаттар салынған папкаларымызды ақтарып әбігерге түсеміз де қаламыз. «Ой-бу, мына бір хат неғып жатыр, мына біреуіне біраз уақыт болыпты…» деп  жатқандарымыз.

Сөйтіп жүргенде Дүйсекеңнің хат есебі жөнінде редакторға дайындаған ақпараты шығады. Ол кезде мақаладан басқа  анау-мынау ақпараттардың барлығы орысша жазылады. Дүйсекеңнің тұрақты «трафареті» бар. «Сведение о движении авторских писем за… месяц» деген. Тек айын орнына қоя қояды. Әншейінде жақсы атты болып жүргенмен, абыройыңның түсетіні осы қағаздан. Пәлен мақаланың  бөлімде жатқанына екі ай, үш ай болды деген мәліметтер болады.

Обалы не керек, Дүйсекең былайғы кезде қазақы қалыптағы кең де шуақты адам. Жанашырлығы да бар.  Әсіресе, аралас-құраластыққа жақсы. Сөйте тұра, «жұмыс жағдайына келгенде, маған сенбенің» өзі.

Шүкір, Дүйсенғали ағаммен өзімнің сыйластығым жақсы. Хат жөнінде пәлендей кінәратым да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «жауға» бермейтін ағам да осы деп ойлаймын.

Кейде «жазғыштар» көп болады ғой. Бөлімге түскен бір мақаланың ретін былай да, олай да келтіре алмадым. Өзі бір құйтырқылау  нәрсе екен. Біраз уақыт та өтіп кетті. Бірдеңе етіп ысырып құтылмаса болмайды. Өзі біраз дүние, бас-аяғы  жоқ бірдеңе.

Қайдан білейін,  соның бір сәті түсті ғой деп ойладым. Оған Дүйсекеңнің қасыма келіп,  жайма-шуақ әңгіме бастағаны себеп болды. Жазуымның жақсы екенін айтты.  Ана мақала, мына мақаламды мақтап, іші-бауырыма кіріп барады. «Әп бәрекелді», – деп ойладым да, әлгі мақаланы папкадан суырып алдым:

– Дүйсеке, мына бір мақала кешігіңкіреп қалды, өзі біздің насихат бөлімінен гөрі партия тұрмысы бөліміне  тиесілеу екен, сонда аударсаңыз қайтеді, – дедім.

Ағам хаттың шекесіне бір қарады да:

– Әй, мынау өткен айлардан қалып келе жатқан нәрсе ғой! Жауап бересіңдер, қабылдамаймын, – деп лезде бұлт үйіріп шыға келді. Тіпті қайрылмады да. Жаңа ғана емен-жарқын отырған адам, болаттай шорт сынды

Енді не істеу керек? Алдын алмаса, аяғы абырой бермейді. Мақаланы қолыма ұстадым да редактордың орынбасары Әкімжан  Оралбаевқа бардым:

– Мынау хат жатыңқырап қалып… Дүйсекең қабылдамай жатыр, – деймін.

– Ойбай, Дүйсекеңді білмейсің бе, қара милиция ғой ол, – деп күледі Әкімжан. Сөйтсем, бұл кісінің  қатарлары – алдымыздағы ағаларымыз оны адалдықтан аттамайтыны, анау-мынауға илікпейтіні үшін қалжыңдап солай атайды екен ғой. Негізі достық өз алдына, қызмет өз алдына деген принциптің адамы екенін өзім де жобалайтын едім.  Кейін бәріміз де Дүйсекеңнің ұқыптылықтың адамы екенін біліп алдық. Біліп қана қойған жоқпыз, содан үлгі алдық,  сыйладық, қызметке  деген көзқарастың қандай болатынын ұқтық.

Дүйсекең ілкі кезде шамалы уақыт облыстық партия комитетінде қызмет атқарғаны болмаса, бүкіл ғұмыры баспасөздің  тұрақты жауынгері болғандардың бірі. Әдетте, бүгін қасыңда жүрген адам өмір бойы  бірге жүретін сияқты көрінеді ғой.  Оқта-текте өткен-кеткенді сөз еткеніміз болмаса, кейінгі інілері – біздер ол кісінің қайдан келіп, не істегенін сұрамағанбыз. Естуімізше, алғашында Қобда, Алға аудандық газеттерінде қызмет атқарған. Өткен жылы «Жұлдыз» газетінің 70 жылдығы аталған тұста Көпжан Жалдыбаев сияқты замандастары, байырғы әріптестері Дүйсекеңді бөлек айтып, ілтипатпен еске алып жатты. Ол кез – аудандық газеттің қалыптасу кезеңі. Одан кейінгі бүкіл қызметі облыстық газеттің шаңырағында өткен.

Хат бөлімінің  алдында Дүйсекеңнің ұзақ жыл із қалдырған бөлімі – хабар бөлімі. Редакцияның диспетчері сияқты телефонды алдына өңгеріп қаладан, даладан кешегі, бүгінгі болған жаңалықтарды түгелдеп жататын. Бөлімде әр кездерде Зейнолла Құлжанов, Зияш Телеуова, Күләш  Қарекеева сияқты журналистер жұмыс жасап, ағаларынан үлгі алды.

Өзге жұрт ауық-ауық жазудан  қолы босап, керіліп-созылып жатқанда, анда-санда темекі тартқаны болмаса, Дүйсекең орнынан қозғалмай шұқшиып  отырғаны.  Мұқаев жаңа шығып кетіп еді, ия ана бөлмеде отыр еді деген болмайды. Бөлімдердегі қызу әңгіме-дүкеннің де арасынан көрмейсің. Адамда бойға сіңген бір қалып.

Ағамыз Ұлы Отан соғысына қатысқан.  Өзі әңгімеге  тұйық, ол жөнінде айтпайтын. Оны кейін естідік. Жеңіс күндері қарсаңында ғана қай майданда болдыңыз деп әңгімеге тартқан боламыз.

– Ой, байланысшылар батальонында болдым ғой. Біздің міндетіміз – байланысты қамтамасыз ету, – деп ұзақ іс сапардан келген адам сияқты жайбарақат айта салатын. Оған қанағаттанбай қаламыз. Жұрт пәлен танк жайраттым, пәлен неміс аттым деп жатады ғой. Бұл майдан көрмеген бе, ештеңе айтып жарытпайды. Қол-аяғы екі бастан сау.

– Әй, құдай біледі, осы Дүйсекең соғысқа бармаған,  барса да бергі жақтан қайтқан, – деп дүдәмал айтатынымыз да бар. Бірақ үлкендерден  естіп, кейін білдік. Дүйсекең майданның бел ортасында  болып, өкшеден жараланған екен. Қатарлары қалжыңдап айтады:

– Бұл не ерлік қылды дейсің, немістерден тырағайлап қашып бара жатқанда өкшеден снаряд жарықшағы тиген ғой, – дейді.  Оған  шамданып, дау айтып жатқан Дүйсекең жоқ.  Дүйсекеңнің сол майдандық жолдардан ескерткіш – «Қызыл Жұлдыз» ордені бастаған жауынгерлік наградалары да баршылық еді.  Ол кезде соғыс ардагерлері көп болған соң, барлығы  бірдей  көзге түсіп, елене бермейтін. Әйтпесе бұл ағамыз да бір кісідей-ақ қару асынып, майдан жолынан өтіп, солдат ботқасын азық қылғандардың бірі.

«Ақтөбе» газеті өзінің 85 жылдық тарихында талай жетістіктерімен көрінген  басылым.  «Коммунизм жолының» 1974 жылы «Құрмет белгісі» орденін туына қадағаны, одан кейінгі жылдары КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атанғаны, ең бастысы, оқырман қауымының ыстық ықыласына бөленуі соның  айғағы. Осыған өздерінің шығармашылық еңбегімен үлес қосқан  аға буынның қатарында Дүйсенғали Мұқаев та бар.

Жұмыс істеген жылдары осы шаңыраққа ерте келіп,  кеш қайтып, редакцияны өз үйіндей көріп кеткенін кезінде бәріміз де аңғардық. Дүйсекең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұжымнан хабарын үзген жоқ. Ол кезде редакцияда жақсы бір дәстүр бар еді. Ол – жыл сайын бұрын қызмет атқарған зейнеткер журналистерді жұмысқа шақырып, белгілі бір мерзімге пайдалану. Дүйсекең солардың қатарына қосылды. «Үйде отыра алмай, сендерді сағындым, қашан шақырасыңдар?» – деп хабарласып жатқаны. Ол келсе, машбюродағы қыз-келіншектерден бастап барлығымыз «Дүйсекең жұмысқа келді» деп мәз болып қаламыз, ортамыз толғандай болады. Ол ағамыздың ұжымға қадірінің болғаны, редакцияның өз адамы болғанынан еді. Дүйсекең сондай бір күндері, шақырумен келіп, жұмыс істеп жүргенде аяқ астынан ауруханаға түсті де, бас-аяғы бір аптаның ішінде өмірден өтті. Әдеттегі ақ жарқын  қалпында қолымыздан жөнелттік, дұрыстап қоштаса да алмай қалдық. Содан бері де біраз уақыт өтіп, біраз ұрпақ алмасты. Бірақ ағалар салған жол ескірген жоқ.

Амангелді СМАҒҰЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button