Білім

Балдырған

Біздің байлық

Әрі отын, әрі дәрмек

Бұдан сан миллион жылдар бұрын қазіргі қалалардың, далалардың және өзімізге таныс ормандардың – қарағайлы ормандардың, қайыңды тоғайлардың, шыршалы және еменді ормандардың орнында бүтіндей басқа тұқымды алып ағаштар бой түзеді.

Сол бір бағзы замандарда жер шарындағы климат дымқыл да жылы болды. Саздауыт топырақта қалың шөп, алып бөрік басы жайқалған зәулім ағаштар өсті.

Уақыт өткен сайын ол ағаштар қурап, саздауыт топыраққа құлап жатты, ал олардың орнына жаңа ағаштар өсіп, бұлар да қурауы жеткенде бұрынғы ағаштардың үстін басты. Біртіндеп құлаған ағаштардың қалың қабаты пайда болды. Ол өзен суы ойпаңға алып келген лай-тұнбалар астында қалды. Миллиондаған жылдар бойы топырақ салмағы басып, жылылық жағдайында болған және ауа бармаған ағаш қалдығы біртіндеп тас көмірге айналды.

Тас көмірді, көбінесе, күн консервісі деп атайды. Күн байырғы өсімдіктерге өз энергиясын береді. Өсімдіктер осы энергияның көмегімен қарапайым заттардан, судан, көмір қышқыл газынан және минералдық тұздардан күрделі заттарды – өзінің тірі денесін құрады. Жүздеген миллион жылдар бойы тас көмір жер қойнауында жатады. Сөйтіп, отқа жана отырып, қазір ғана ол бізге өзінің бағзы замандарда қорланған энергиясын жылу түрінде береді.

Тас көмір – тамаша отын. Ол ағаш отынға қарағанда, әлдеқайда көп жылу бөледі. Сонымен қатар көмір отын ғана емес, ғажап химиялық шикізат болып табылады. Одан көптеген қажетті өнімдер, соның ішінде, полимерлер мен дәрі-дәрмектер алынады.

Қанатты әлем

Биік ұя, қырағы көз

Жыртқыштардың көпшілігі өлексені жемейді. Олар қорегін тірідей аулағанды, бірнеше сағат бойы торығанды, оның ізіне түскенді жақсы көреді. Дегенмен, өлген хайуанаттардың етімен қоректенетін жыртқыштар да баршылық. Қоршаған ортаны өлекседен тазартатын ондай «қанатты санитарларға» көптеген құстар жатады.

Мысалы, күшігенді тек қана өлексемен қоректенеді деуге әбден болады. Олардың бәрі де – өте күшті, алып құстар. Жұртшы немесе қиғақ деп аталатын ең кішкене күшігеннің қанатының құлашы 170 сантитметрдей болса, кондордікі 3 метрге дейін жетеді. Бұл – ең ірі жыртқыш құс болып табылады.

Күшіген далалы және таулы өңірлерді мекендейді. Олар ұяларын адам мен хайуанаттардың аяғы жетпейтін қиын жартастарға, ағаштардың ұшар басы мен қуыстарына салады.

Кондорлар Америка тауларында, 7 шақырымға дейінгі биіктікте тіршілік етеді. Олар, көбінесе, бірнеше шақырым жоғарыда, әуеде қалықтай ұшып, өз «иеліктерін» қарап шығады, өлексені дереу байқайды да, соған қарай сорғалай құйылады. Мұндай қашықтықтан қорегін көру үшін қандай қырағы көз керек десеңші!

Жұрт күшігенді көп ұната бермейді, өйткені, оның қорегі тым сүйкімсіз болып келеді. Бірақ табиғатты шынайы сүйетін, шынайы білетін адам бұл құсты еш уақытта, тіпті олар өлексеге тойып, денесі ауырлап, жерден көтеріліп ұша алмай қалған жағдайда да атпайды. Бір-екі -үш жұмыртқасы немесе балапаны бар күшіген ұясын тапса да, оны бұзбайды, өйткені күшіген – өте пайдалы құс.

Күшігеннің көптеген түрлері бар. Олардың кейбіреулері үнемі адам мекеніне жақын маңда жүреді. Бұл жыртқыш құстар тазқара, құмай деп те аталады.

Біз осылай демалдық

Оқулықтарын түгендеп, сабақ кестесін тиянақтап алған соң оқушы, әрине, жазғы каникулды қалай өткізгенін тағы да есіне түсіреді.

Әйтеке би ауданының Аралтоғай селосындағы С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушылары жазда көрген қызықтарын қағазға түсіріпті. Оқып көрелік.

Ауылдан алыс кетпеймін

Мен жазғы демалысымның көп уақытын ауылда өткіздім. Ауыл мен қаланың жағдайы мүлде бөлек, өзгеше. Мысалы, қалада босқа жүрген адамды көрмейсің. Барлығы да өздерінің шаруасымен, жұмысымен жүреді. Және қаланың ауасы да тар. Қаланың ауылдан тағы бір ерекшелігі, түнде көптеген түрлі-түсті жарықтар жанып, көліктер ағылып жатады.

Ауылда күн ұясына батып кеш болған соң, адамдар малдарын қораға кіргізіп, аналарымыз сиыр сауады. Ал таңертең тұрып, таза ауамен демалып, торғайлардың әнін тыңдағанға не жетсін! Қалай десем де, ауылымның тіршілігі өзіме қатты ұнайды. Мен одан алыстап кете алмаймын. Алыс кетсем, ауасын, тұрмыс-тіршілігін аңсаймын. Туған жеріңнің топырағына не жетсін!..

Данияр ОРЫНБАЕВ.

Біздің атаның бұйымдары

Мен жазғы демалысымда Ақтөбе қаласындағы музейге бардым. Онда мен сұлбасын қатырып қойған түрлі аңдарды көрдім. Айта кетсем, қасқыр, киік, қабан, шошқа, кірпі, жылан, құстар, т. б.

Сосын Есет батырдың сауытын, найзасын, шоқпарын көрдім.

Біздің мектепте ұзақ жылдардан бері жұмыс жасайтын ұстазымыз – Роза Ысқақова апайдың әкесі – Ибрагим Ысқақов атамыздың жасаған бұйымдарын тамашаладым. Олар – ер тоқым, қамшы, т.б. Ауылдың адамының қолөнері музейде тұрғаны мен үшін үлкен қуаныш және мақтаныш дер едім.

«Нұрдәулет» мешітінің алдынан жирафты және құстарды көрдім. Көзбен көрген тіпті керемет екен!

Қала маған үлкен әсер қалдырды. Дей тұрғанмен де, өзіңнің туған ауылыңнан артық ештеңе жоқ екен. Мен соны бала жүрегіммен жақсы түсінгендеймін.

Әшім БЕКНҰР.

Көршілермен достастық

Мен жазғы демалысымды далалық лагерьде өткіздім. Лагерь маған қатты ұнады. Қарашатау мектебінің балаларымен волейбол, футбол ойнадық. Мейірбике апай Үңгіртасқа апарды. Табиғаты әдемі екен. Кешкілік балалар билейді. Лагерьдің асханасы үлкен, кең, жарық. Тамақ ішіп болған соң, рахмет айтамыз.

Лагерьдегі күндеріміз өте көңілді, қызықты болды. Ауылға қайтарда барлығымыз Қарашатаудың балаларын қимастықпен шығарып салдық. Аз уақыттың ішінде бауыр басып қалғандаймыз. Енді, келер жылғы жазды асыға күтеміз.

Жадыра ӘКЕНТАЕВА.

Ашық сабақ

Тақырыбымыз -туған ел

Жуықта біздің сыныпта өткізілген ашық сабақ «Менің болашағым – менің Қазақстаным» деп аталды.

Біз төрт топқа бөлініп, тақырып бойынша ойларымызды ортаға салдық, біріміздің айтқанымызды екіншіміз толықтырып отырдық. Қазақстан, Отан, туған жер туралы өлеңдерді жатқа айттық. Сондай-ақ, оқушылар өздері жазған балауса өлеңдерін оқып берді.

Мұғаліміміз қорытындылаған ашық сабақты біз әдемі әнмен аяқтадық.

Қаракөз МУЗИЕВА,

Ақтоғай орта мектебінің 10-сынып оқушысы.

Қотыртас стансасы,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button