Әлеумет

Елбасы сапарынан соң

Елімнің ертеңіне сенемін

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына сапары кезінде қаламызда түрлі мәдени, өндіріс орындары пайдалануға беріліп, үлкен жоба жұмысын бастады. Елбасымыздың әрбір қадамы қала өміріне жаңа тыныс, жақсы леп, көңілге қуаныш сыйлайды.

Ғасырларға қызмет ететін «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі жұмысының басталу салтанатына халық көп жиналды. Мен де осы үлкен шараға жол маманы және жол мамандарын тәрбилеуші, оқытушы-ғалым ретінде қатысып, халық алдында, Елбасының алдында өзімнің жүрек жарды тілегімді білдірген едім.

Сөзімді бар ынтасымен, зер сала тыңдаған Елбасы  қолымды ризашылықпен  алуы –  мен үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш. Бұл сәт, мен үшін де, маған тілекші анам мен бауырларым үшін де ерекше қуанышты кез болды.

Бұл күннің тек қана ақтөбеліктер үшін емес, жалпы қазақстандықтар үшін де маңызды екені сөзсіз.

Бұл күн –  ғасырлар аңызына айналған ұлы Жібек жолының қайта жаңғырған күні.

Бұл жол – елімізді ірі, экономикасы жете дамыған, Қытай, Ресей, Европа елдерімен ұштастырады. «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі пайдалануға берілсе, көп мүмкіндіктерге қол жеткіземіз.  Мысалы, мыңдаған адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, маман иелері кәсіби тұрғыда қызмет көрсету мүмкіндіктеріне ие болады. Мен үшін маңызды тұсы, міне – осы. Шәкірттерім, яғни жол мамандары, осындай ірі ғасыр құрылысына араласады.

Осындай ірі өндіріс орындарының ашылып, мәдени ошақтардың іске қосылуы қала тұрғындарына, жастарға жаңа құлшыныс береді.

Осындай бақытты сәтті бастан кешіре отырып, жүректі тербеп, көкіректі кернеген, Елбасы Н.Назарбаев бастаған еңселі еліміздің болашағы баянды, келешегі кемел болатынына, алар асуымыз бен шығар биіктеріміз әлі де алда екеніне сенемін!

Арайлы қаламыз Ақтөбе өсіп, өркендей берсін!

Жеңісгүл  САҒИДОЛАҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе мемлекеттік университетінің

автокөлік және жол қозғалысын

ұйымдастыру кафедрасының доценті,

техника ғылымдарының кандидаты

***

Құтты қонақ келсе..

Күн санап өркениет пен жаңару көшіне ілесіп, ілгері қадам басып келе жатқан құтты мекен Ақтөбеміздің 140 жылдық тойына Елбасымыздың арнайы келгені баршаға мәлім. Ақтөбеліктердің зор қуанышын бөліскелі келген ел Президенті қала сәніне жаңа сипат беріп тұрған көрікті жерлерге ат басын тіреп, қала халқының мерекелік көңіл күйін одан әрі жадырата түсті. Жаңалыққа жаны құмар жастардың бойына бұл айтулы мереке жаңа серпіліс дарытты. Ел бірлігі мен берекесіне ұйытқы болып отырған ел басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізін ашып, ол салтанатқа жеті мыңнан астам өңір жұртшылығы куә болды. Мемлекетіміздің бірнеше облысын қиып өтетін бұл дәліздің ашылу рәсімінің қаламыздан бастау алғаны баршамыз үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, бұл қуаныш, біздей жастардың, патриоттық сезімін күшейтіп, кеудемізді мақтаныш кернегені шындық. Қала тұрғындары асыға күткен «Бірлік пен келісім» сулы, жасыл гүлзарының да қала тойымен, ел ағасының келуімен тұспа-тұс келгені көңіл қуантады. Құтты қонақ қуаныш пен қызықшылықты ала келеді. Мемлекет басшысының бұл сапары ақтөбелік жастардың рухын асқақтатып, болашаққа деген сенімдерін нығайтты.

Әйгерім ҚАЛНИЯЗОВА,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық

институтының 4-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button