Ресми

Екі бағыт: білім сапасы, оқу процесі

Өткен аптада облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» тіл мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл: 20 жыл, оң өзгерістер және кедергілер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шараға тілдерді оқыту орталығынан, жоғары оқу орындарынан, аралас, орыс тілінде білім беретін мектептерден, мектепке дейінгі ұйымдардан қазақ тілінің мамандары қатысты.

Мемлекеттік тілдің 20 жылдан бергі жеткен жетістіктері жайлы, осы жылдар ішінде қазақ тілін үйренуде жасалған шаралар туралы сөз еткен облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева өңір жұртшылығы үшін ана тілін толық меңгеруде әлі де кедергілер кездесіп отырғанын айтады.

– Бүгінгі басқосуда мемлекеттік тілді үйрету барысындағы кездесетін проблемалар, оларды шешу жолдары жайлы сөз етпекпіз. Осыдан 20 жыл бұрын, яғни, 1989 жылы өңіріміздегі барлық қазақтар саны 39-ақ пайызды құраған.   Бүгінде біздің облыс қазақ ұлты көп шоғырланған мекенге айналды. Тұрғындардың 77 пайызы – қазақтар. Мемлекеттік қызметте, басқа да салаларда жұмыс жасайтындардың 95 пайызы – қазақ ұлттары. Демек, қазақ тілінің функциялық ауқымы көп артқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын халыққа қызмет ету салаларында қазақ тілінің иісі де шықпайтын. Бүгінде жағдай тіпті басқаша. Десек те, облыс жұртшылығына сауалнама жүргізгенде, әлі де 5 пайыздай халық қазақ тілінің еш қажеттілігі жоқ дегенді алға тартқан.

Қазіргі жастардың ағылшын, орыс тіліне қызығушылықтары жоғары. Неліктен ана тілімізді меңгеруге жастарымыздың құлқы төмен? Сауалнамадан алынған жауаптардың басым бөлігі қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдердің білім сапасы төмен екенін айтады. Ал біреулері оқу процесінің төмен дәрежеде ұйымдастырылатынын, 13 пайыздай жұртшылық тіл үйренуге арналған оқу құралдарының жоқ екенін тілге тиек етеді, – дейді Гүлайым Тельманқызы.

Мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жайлы, білім беру мекемелеріндегі қазақ тілін оқыту стандарттарының орындалуы туралы, орыс тілді білім ордаларындағы мемлекеттік тілді үйрету ерекшеліктері, тілді оқытуда сөздікпен жұмыс жасаудың рөлін, тіл үйрету әдістемелері төңірегінде  сөз алған мамандар тіл мәселесінде кездесетін кедергілерді бірлесіп жоюдың жолдарын қарастырды. Ол үшін заман талаптарына сай тіл үйретуде интернет желісі мен инновациялық технологияларды қолданып, тіл меңгертудегі әдіс-тәсілдерді кеңейтуге күш салу керек деп шешті.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button