Білім

Заңға өзгерістер енгізілді

Мектептер тамыздың 1-іне дейін оқулықтармен қамтылады

Жақында Ақтөбе қаласындағы №56 орта мектептің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Шараны облыстық білім саласындағы бақылау департаменті мен Ақтөбе қалалық білім бөлімі ұйымдастырды.
Басқосуға колледждердің директорлары және қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері қатысты.
Жиында сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева қалалық білім бөлімі Мемлекет басшысының Жолдауында міндеттелген тапсырмаларды жүйелі түрде орындап жатқанын айтты.
— 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге пилоттық жоба дайындалды. Қазір облыс орталығындағы екі бірдей мектептің 1-сынып оқушылары жаңа мазмұндағы білім беру стандарты бойынша білім алып жатыр. Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің құрамына енуі үшін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің ықпалы зор.
Сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу, табысты мектеп және табысты мұғалімді ынталандыру, функционалдық сауаттылықты дамыту жұмыстарын жақсарту, жоғары сыныптарда пәндерді сатылай ағылшын тілінде жүргізу, Мәңгілік Ел құндылықтарын қолданыстағы білім беру бағдарламасына енгізу жұмыстары да нәтижелі жүзеге асырылып жатыр, — деді Ләззат Оразбаева.
«100 нақты қадам — Ұлт жоспарын» іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осыған байланысты жиында облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Әкімгерей Көшербаев ҚР «Білім туралы» Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы айтты.
— Техникалық және кәсіптік білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында бітірушілерге жұмысшы біліктілігі деңгейін беретін техникалық және кәсіптік білімді тегін алуға кепілдік берілді. Сондай-ақ колледждерде дуальды оқыту жүйесін іске асыру заңнамамен бекітіледі.
Жаңа заң талабы бойынша орта білім саласында педагогикалық кадрларды іріктеуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Мектептерге педагог мамандарды қабылдау тәртібі күшейтілді.
Заң талабындағы тағы бір өзгеріс — оқушыларға, тәрбиеленушілер мен ата-аналарға, басқа да заңды өкілдерге педагогтердің қадір-қасиеті мен намысын құрметтеу міндеттеледі, — деді Әкімгерей Көшербаев.
Сонымен қатар заңда мектеп формасына қойылатын талаптар да бекітілді. Сол себепті ата-аналар міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауы тиіс. Сондай-ақ, жыл сайын мемлекеттік мектептерде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер 1 тамызға дейін қамтылуы керек.
Басқосу соңында сөз алған мектеп директорлары Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске жұмылып, Жолдауды қолдайтындарын жеткізді.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button