Құқық

Талқылау тура жолды сілтеді

Тәртіптік кеңес

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Бұл жолы тәртіптік кеңес отырысында бес мәселе бойынша он тоғыз тәртіптік іс қаралды және, сонымен бірге, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы тәртіптік кеңесінің өткен жылғы және биылғы алты айдағы атқарған жұмыстары туралы төрағаның хабарламасы тыңдалды.

Тәртіптік кеңес төрағасы Балтабек Халық жиын басында он тәртіптік істің ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптарын бұзғаны, сегіз тәртіптік іс ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзғаны және бір тәртіптік іс ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексінің талаптарын бұзғаны үшін қаралатындығын атап көрсетті.

Хромтау ауданының Тассай, Сарсай селоларындағы ауылдық клубтарды күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаржысын пайдалану туралы заңдылықтардың сақталуына қатысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметіне тексеру жүргізілгенде екі лот бойынша «Әлия-2005» ЖШС-мен 30 546 300 теңгеге келісім-шарт жасалғаны анықталды. Келісім-шарт жасаудың бүкіл процесі барысында лауазымды тұлғалар тарапынан өрескел қателіктерге жол берілген.

Бастапқыда «Хромтау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ бастығы К.Елеутов жариялаған мемлекеттік сатып алу туралы конкурс өткізу жөніндегі шешімнің шалағайлығын Ақтөбе облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бірден байқайды.

Өкінішке қарай, тәртіп бұзушылықтар бұдан кейін де жалғаса берген. Ол конкурсқа қатысушылардың құжаттарына байланысты істерде айрықша байқалады. Сондай-ақ, конкурстық комиссия мүшелерінің біреуі конверт ашуға қатыспаған. Комиссия мүшелері арасында дауыс беру өткізілмеген. Ал комиссия мүшелеріне құжаттарға қол қойылуға конверттер ашылған соң, екі аптадан кейін беріледі. Осы мәселелердегі тәртіп бұзушылықтар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығы К.Елеутов, аудандық тарихи-өлкетану музей директоры Н.Аманғалиева, аудандық сәулет және құрылыс бөлімі бастығы А.Нұрлыбаевқа, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директоры Д.Ермағамбетоваға сөгіс беруді ұсынуға негіз болды.

«Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасы» ММ-нің өндіріп алу бөлімінің бас маманы Г.Жангазина өз лауазымдық міндеттерін бұза, келеңсіз себептермен жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметшінің жұбайы бола тұра, декларацияны 2009 жылғы 3 сәуірде салық органына тапсырған азаматша Г.Ибраеваға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмаған. Салық қызметкерінің іс-әрекетін кеңес мүшелері қатаң сөгіске лайық деп тапты.

Қарғалы аудандық әділет басқармасының бас маманы Г.Сарина мекемені уақытша басқарған уақытында, құжаттарға қол қоюда жауапсыздыққа жол берілген. Соның салдарынан ұлттық қауіпсіздік комитетіне жекелеген адамдар туралы жалған мәліметтер жолданған.

Тәртіптік кеңесте лауазым иесінің осы әрекеті арқылы Заңда көрсетілген «берілуі заңдарда көзделген ақпаратты жеке және заңды тұлғаларға беруден негізсіз бас тарту, оны кешіктіру, бұрыс немесе толық емес ақпарат беру» талаптарын бұзу арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені атап көрсетілді. Г.Саринаға қатаң сөгіс беру туралы ұсыныс жасалды.

Байғанин ауданы бойынша мемлекеттік мекемелерге жүргізілген тексеру бірсыпыра кемшіліктердің бетін ашты. Әсіресе, қызметкерлерді аттестациядан өткізуде, түскен арыз-шағымдарға жауап қайтаруда жауапсыздықтар байқалады. Осы реттермен он бір мемлекеттік қызметші ескерту алуға лайық деп табылды. Ал «Байғанин аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бастығы А.Қармысов бір жыл ішінде тәртіптік кеңес талқысына екі рет түсіп тұрғандықтан қызметінен босатуға ұсынылды.

Отырыста ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облыстық тәртіптік кеңесінің 2008 жылы және 2009 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмысы туралы кеңес төрағасы Балтабек Халықтың хабарламасы тыңдалды.

Тәртіптік кеңеске жеке және заңды тұлғалардан  өткен жылы түскен 157 өтініштің елу бірі, биылғы жарты жылдықта түскен 86 өтініштің отыз жетісі  мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты болып отыр.

Былтыр кеңес отырыстарында тәртіптік жауапкершілікке тартылушыларға он бес ескерту, он үш сөгіс, үш қатаң сөгіс, бір қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту, екі жұмыстан босату туралы ұсыныстар жасалды. Сондай-ақ, отыз төрт адамға қатысты тәртіптік іс материалдары мәні бойынша шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның қарауына жіберілді. Биыл жиырма екі адамға ескерту берілсе, ең қатаң жаза – жұмыстан босатуға ұсыныс төрт адамға жетіп отыр.

Төраға атап өткендей, көп жағдайда, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын заң бұзушылықтарға жол берілуі, мемлекеттік қызметшілердің ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңын, ҚР «Жер Кодексін», ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдарын жетік білмеуінен, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды өткізудің тәртібін білмеуінен, өз міндеттерін атқаруда тиісті заңдылықтарға мән бермейтіндігінен туындайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдылықтардың, Ар-намыс Кодексі талаптарының сақталуын және ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының орындалуын бақылау мақсатында аудандарда көшпелі және жеке қабылдаулар ұйымдастыру дәстүрге айналды. Осындай ретпен былтыр 355, ал биыл 155 адамға қабылдау жасалды.

Отырысқа қатысқан кеңес мүшелері және «Нұр-Отан» ХДП облыстық филиалының мүшелері есеп бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесіне оң баға берді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button