Әлеумет

Саяхат пен экономикалық саясат

Статистика

Саяхаттан бас тарттық па?

Әлемдік дағдарыс саяхатқа қаншалықты әсер етті?

Облыстық статистика департаменті ұсынған деректер осы жөнінде баяндайды.

Ағымдағы жылда, көңілге кірбің салар экономикалық болжамдарға қарамастан, Ақтөбеге келетін туристер саны 20,8 пайызға өсіпті.

Сондай-ақ, биылғы жарты жылдықта өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, алаңсыз демалуды құп көрген туристер саны 23,9 пайызға өскен екен.

Кім қайда барады?

Ақтөбелік туристердің бүйрегі бұрып тұратын аймақтар – туристік бизнес кең дамыған алыс шетелдер. Мысалы, туристердің 70 пайызы Түркияны таңдапты. Мұның себебі неде? Біріншіден, ондағы қонақ үйлер мен жолдамаларға қол жеткізу оңай, екіншіден, визасыз тәртіп пен жолдамалардың арзандығы қызықтырады. Оның есесіне Мысырға (Египет), Біріккен Араб Әмірлігіне, Польшаға баратындар саны екі есеге азайып кетті.

Емделу мақсатын көздегендер Чехия мен Ресейге, ал оқу іздегендер Мальтаға көбірек баратын болыпты.

Сыйлас таныстар мен тума-туыстар Германия мен Израильға қонаққа баруды ұнатса, жұмыс тәжірибесінен өткісі келгендер Қытайды таңдайды екен.

Ал коммерциялық мақсаттармен жолға шығатын туристердің саны 7,6 пайызға өсіпті, олардың 70 пайызы Түркияны бетке алса, 13,8 пайызы еш жүрексінбей тура Литваға тартады екен.

Ішкі туризмнің ілік-шатыстары

Ал ішкі туризм бұрынғысынша әлі дамып кете алмай жатыр. Туристік қызметтің жалпы көлемінің 7,7 пайызы ғана ішкі туризм үлесіне тиіпті. Жарты жылда барлығы 245 турист (өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40 пайыз көп) өз елінің сұлулығын тамашалады. Оның ішінде 74,3 пайызды құрайтындар іскерлік мақсатпен сапар шексе, қалғандары тек демалуды ғана ойлапты.

Ақтөбеліктер негізінен Алматы, Сарыағаш және Бурабай курорттары мен санаторийлерінде демалғанды қалайтын болып шықты.

Біз әңгімелеп отырған кезеңде туристік фирмалар арқылы демалып оралғандар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге азайған. Себебі, туристер Каспий теңізіне, Бурабай санаторийлеріне, Түркістанның тарихи жерлеріне фирмаларға жүгінбей, өз бетінше бара салады.

Әуелгі таңдау – әуе көлігі

Қазіргі заманның көлік қатынасына еш реніш те жоқ. Туристердің 85,5 пайызы әуе көлігі қызметтерін пайдаланса, темір жол көлігінің үлесіне 12,4 пайыз ғана тиіпті.

Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында туристік фирмалар мен объектілер барлығы 31 673 туристке қызмет көрсеткен. Сол цифрды таратсақ, турфирмалар туристердің 10 пайызын ғана қамтыған, ал қалған 90 пайыз объектілер (мейрамханалар және демалыс аймақтары) үлесіне тиіпті.

Осы кезеңде туристік фирмалар (заңды тұлғалар) құны 181,4 млн теңге болатын 860 жолдама сатқан, 3039 туристке қызмет көрсетілген.

Облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button