Әлеумет

Сараптама: мүгедектік тәртіппен тағайындалады

Қандай қоғамдық құрылыс тұсында да мүгедектер ескерусіз қалған емес. Мемлекет  оларға қай кезде де қамқорлық жасап келеді. Алайда, мүгедектік қай адамға да тиісті тәртіптер арқылы тағайындалады.

Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптамалық әдіснама және бақылау бөлімінің бас маманы Нағымжан Қанатбаевпен әңгіме осы тұрғыда өрбіді.

– Әңгімені нақты цифрлардан бастайық. Қазір біздің республикамызда 500 мыңнан астам, ал облысымызда 19 мыңнан астам адам мүгедек есепте тұрады.

– Мүгедектік қалай анықталады?

– Мүгедектік – медициналық және әлеуметтік проблема. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша халықтың денсаулығының жағдайы әдетте оның тұрмыс қалпымен, өмір сүру ортасымен, тұқым қуалаушылығымен және медициналық көмектің сапасымен анықталады.

Ал медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік әрекетінің шектелуін (адамның өзіне өзі қызмет көрсетуі, өз бетімен жүріп-тұруы, жан-жағын бағдарлауы, қарым-қатынас жасауы, өзінің мінез-құлқын бақылауы, оқу және еңбекке араласу қабілеттерінен толық немесе ішінара айырылуы) бағалау негізінде, куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау қажеттіліктерін анықтайды.

Аурудың, жарақаттың немесе кемістіктер салдарынан еңбек қабілетінің шектелуіне әкеліп соқтыратын, организм функциялары тұрақты бұзылған адамдар, оның ішінде 18 жасқа дейінгілер МӘС-ке жіберілуге тиіс.

– Жіберу тәртібі қалай?

– Медициналық ұйымдар уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасын жүргізеді және айғақтар болған кезде адамдарды, оның ішінде 18 жасқа дейінгілерді, ауруға, жарақат зардаптарына және кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын қажетті диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шаралары жүргізілгеннен кейін, төрт айдан соң, медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді.

Азаматты мүгедек деп тану үшін организм функцияларының тұрақты ауытқуынан денсаулықтың бұзылуы, тіршілік әрекетінің шектелуі, әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі негіз болады.

– Бұл ретте белгілі бір құжаттар талап етілетін шығар?

Әрине. Медициналық-әлеуметтік сараптама тиісті медициналық ұйымның жіберуі бойынша төмендегідей қажетті құжаттардың тізбесін бергеннен кейін жүргізіледі.

1. Медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама (088/у нысаны, рәсімделген күнінен бастап 1 айдан кешіктірмей).

2. Жеке басын куәландыратын құжат.

3. Тұратын жері туралы мәліметтер.

4. Емханалық кітапша.

5. Ауру тарихының көшірмесі.

6. Еңбек қызметі туралы мәліметтер.

7. Әлеуметтік жеке код берілгені туралы куәліктің көшірмесі.

Ескеретін жәйт, МӘС-ке аурудың, жарақаттың немесе кемістіктер салдарынан еңбек қабілетінің шектелуіне әкеліп соқтыратын, организм функциялары тұрақты бұзылған адамдар , оның ішінде 18 жасқа дейінгілер жіберілуге тиіс. Жас мөлшеріне қарай организмде пайда болатын өзгерістер мүгедектік тобын тағайындау үшін негіз болмайды.

– Енді сараптама тәртібі туралы айтсаңыз.

– Сараптама жүргізілген кезде мүгедектіктің мынадай себептері: жалпы ауру, еңбек жарақаты, кәсіптік ауру, бала кезінен мүгедектік анықталады. Мүгедектік 6 айға, 1 және 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз тағайындалады. Мүгедектікті тағайындаған кезде мүгедектің қолына мүгедектік туралы анықтама беріледі, оның көшірмесі сараптамалық шешім шығарылғаннан кейін 3 күннің ішінде әлеуметтік және басқа төлемдер тағайындайтын және жүзеге асыратын орындарға жіберіледі.

– Мүгедектік тағайындалмайтын жағдайлар да кездесіп отырады ғой?

– Олай болатын себептер де бар. МӘС мамандарының науқас туралы қажетті мәліметтер алатын негізгі құжаты – 088/у нысаны МӘС-ке жолдама болып саналады. Дегенмен, іс жүзінде МӘС-ке негізсіз жіберу жағдайлары кездеседі. Сондықтан сарапшы-дәрігерлер мүгедектікті тағайындаудан бас тартады, бұл, әрине, аурулар тарапынан наразылық туғызады.

МӘС мамандары ауруларды медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз жіберу, жемқорлық құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде және келешекте бұндай жағдайларды болдырмау үшін көшпелі отырыстарда облыстың медициналық мекемелерінің дәрігерлерімен бірлескен семинар-кеңестер өткізеді.

– Негізсіз жолдама беру жауапкершіліктің  әлсіздігі ме, әлде біліктіліктің төмендігі ме?

– ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесін бекіту туралы» №750 қаулысына сәйкес МӘС-ке жолдама сапасыз толтырылған, аурудың диагнозы мен асқынулары дұрыс шығарылмаған, жеткілікті тексерілмеген жағдайларда медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі 088/у нысанын жөнге келтіруге, пысықтауға және ауруды қосымша тексеруге медицина ұйымына жібереді, медициналық зерттеудің сапасы, адамдарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберудің уақыттылығы мен негізділігі үшін жауапкершілік тиісті медициналық ұйымның басшысына жүктеледі. Медициналық ұйымдар мен медициналық-әлеуметтік сараптама дәрігерлерінің жұмысындағы сабақтастықтың маңызы зор. Алғашқы мүгедектіктің өсуі емдеуші дәрігердің емдеу-алдын алу жұмыстарының нәтижесіне және мүгедектерді оңалтудың сапалы және толық көлемде жүргізілуіне тікелей байланысты. Сондықтан мүгедектіктің алдын алу бойынша мүгедектерді медициналық оңалту сапасын жақсарту керек.

– Әдетте, тексерулер жүргізілетін жерге сыбайлас жемқорлық та бас сұғуға «ықыласты» болып тұратыны бар ғой…

– Президентіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге қатысты қосымша шаралар туралы Жарлығын әр кез назарда ұстап келеміз. Біздің департаментте медициналық-сараптама бөлімдері мамандарының жемқорлық, құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленді. Мысалы, медициналық-әлеуметтік сараптамада ықтимал сыбайлас жемқорлық туғызатын құқық бұзушылықтардың тізімі жасалды. Департаментте медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарының құқықтық сауаттылығын және құқықтық санасын көтеру үшін тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерделеу бойынша техникалық оқу жүргізіледі. Апта сайынғы жұмыс лездемелерінде бөлім бастықтары мен департамент мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде хабардар етіледі. Ұдайы бақылау бөлім бастықтары мен департамент директорының орынбасарына жүктелген.

Жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, департаментте сыбайлас жемқорлықтық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша «Сенім және үміт» жәшігі орнатылған сенім телфоны жұмыс істейді. Азаматтардан түскен арыздар мен өтініштерді тіркеу үшін журналдар ашылды, жауапты қызметшілер тағайындалды.

А.АБЫЛАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button