Жаңалықтар

Жауынгерлер бас қосқан күн енді ауғандық жауынгерлерге тегін жолдама берілетін болды

Сенбі күні Есет батыр көшесі мен Абай даңғылы қиылысында интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш маңында митинг өтті.

Ескерткіштің екі жанында әскери киім киген сарбаздар күзетіп тұр. Бұл жерде бірін-бірі көптен көрмеген қарулас интернационалист-жауынгерлер құшақтасып, амандасып жатты. Әрбірінің қолында бір тал қалампыр гүлі бар. Көзінде жас, қолында гүл шоғы бар сол соғыстан баласы оралмаған аналар да осы жерде.

Мемлекеттік әнұран шырқалды. Митингіде облыс әкімі Елеусін Сағындықов:

– Ауған соғысының аяқталғанына 20 жыл болды. Облыстан сол соғысқа мың жарымдай азамат қатысты. Ел батырларының ерлігін танып-білу жастарға үлгі болады. Ал Ауған оқиғасының куәгерлерін көріп, тарихты білу жастарымызға  патриоттық рух береді.

Қазір облыста Ауған соғысына қатысқан 1013 адам бар. Соңғы төрт-бес жылда Ауған соғысының ардагерлері мен жауынгерлеріне, олар құрған қоғамдық бірлестікке қатысты мәселелерді біртіндеп шешіп келеміз. Қоғам көшбасшысы менің қабылдауымда бірнеше рет болды. Екі жыл бұрын интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылды. Одан соң осы соғыстың ардагерлері мен жауынгерлерін және қаза болғандардың отбасын коммуналдық төлемнен босаттық. Тұрғын үй мен жер беру мәселесі де шешіліп келеді, – деді.

Одан соң сөз алған интернационалист-жауынгер, екі мәрте «Қызыл Ту» орденінің иегері подполковник Александр Старцов:

– Бүгін біз Ауғанстаннан шыққанымызға жиырма жыл толғанын мерекелеп жатырмыз. Бұл соғыс он бес мыңдай адамды алып кетті, жеті мыңға жуық адам мүгедек боп қалды. Интернационалдық жауынгерлік борышын өтеу кезінде қайсарлық пен ерлігі үшін талай жауынгер орден, медальдармен марапатталды. Көрінетін, көрінбейтін жәрдемдері үшін облыс басшысына алғыс айтамын. Мәселен, республикада бірінші боп ауғандық ардагерлер, мүгедектер және олардың отбасылары коммуналдық төлемнен босатылды. Бүгінгі мереке үшін қала әкімдігіне алғыс айтамын. Енді соғыстың аты жойылсын, бейбітшілік болсын! – деді.

Соғыста 26 азамат қаза тапса, бірі хабар-ошарсыз кетті. Ескерткіш-тақтада аты жазылған осы жиырма жеті адамның есімдері аталып, жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды.

Облыс әкімі қайта сөз алып: «Биыл тұрғын үй расында да мұқтаж жандарға берілетін болады. Өте даулы мәселе ғой. Ал 30-40 шақты адамға жер беруді қала әкімімен сөйлестім. Сәуір айындағы сессияда бюджетті қараймыз, барлық ауғандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қарастыратын боламыз. Ауған соғысының мүгедектеріне тегін жолдама береміз»,  – деді. Одан әрі облыс басшысы АҚШ-та он мыңдаған миллион жұмыссыздар бар деп саналса, біздің елде ондай жұмыссыздар жоқтығын, бірақ, Үкімет дағдарыстан шығудың да жолдарын қарастырып отырғандығын, сол секілді біздің облыстың да нақты жоспарлары бар екендігін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен қала әкімі Архимед Мұхамбетов гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Олардың соңын ала жауынгерлер, қаза болғандардың ата-аналары, әскери бөлімшелер мен әскери мектеп-интернаттар, басқармалар, оқу орындарының басшылары гүл шоқтарын ескерткішке қойып жатты…

***

Митингіден соң сол топ Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониядағы салтанатты кешке жиналды.

Жиналғандарға әуелі Ауғанстан оқиғасы туралы әзірленген фильм көрсетілді. Одан соң облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова кеңес жауынгерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына жиырма жыл өткен мерекемен құттықтап, қайсар да батыл азаматтарға бейбіт өмір мен ондағы татулыққа қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Бірнеше жауынгерге облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Локальды соғыс жауынгерлерінің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гумер Галиев қаруластарына митингіде айтылған облыс әкімінің сөзін, яғни енді ауғандық мүгедектерге тегін жолдама беріліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Кеште кеңес жауынгерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына жиырма жыл өткеніне орай қалалық байқау жеңімпаздарын облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов дипломдармен марапаттады. Мұнда көркем шығарма жазудан І орынды №24 лингвистикалық мектептің 7-сынып оқушысы Гүлбану Көптілеуова мен №9 гимназияның  оқушысы Диана Алексеенко (орысша) жеңіп алды. Ал көркемсурет бойынша  І орынға көркемсурет лицейінің оқушысы Роман Греков ие болды.

Одан әрі кеш Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің концертіне ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button