Басты жаңалықтарДенсаулық

Облыс әкімі дәрігерлермен кездесті

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу облыстық көпсалалы ауруханада өтті.
Жиында осы саланың жетістіктері мен кемшіліктері ашық айтылды. Соңғы бес жылда облыста 52 нысан бой көтеріп, 650 жаңа құрал-жабдық сатып алынған. Тек соңғы үш жылда ғана салаға 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл игіліктер халық денсаулығын жақсарту үшін тиімді пайдаланылуы керек. Тұрғындардан түсетін арыз-шағым сапалы медициналық қызмет көрсету нәтижесінде ғана азаймақшы. Халық емханада сағаттап кезекте тұрмауы тиіс. Дәрігер қағаз толтырып отырмай, науқасқа көңіл бөлуі керек. Қазір емханаларда электронды жүйе енгізіліп жатыр. Жуырда Кореядан келген мамандармен сәтті келісімшарттарға қол қойылды. Сондай-ақ ауылдық жердегі медициналық қызметтің сапасын көтеруге күш салынуы қажет. Себебі тұрғындардың қырық пайызы ауылда тұрады.
Бізде медициналық университет бола тұра, облыста әлі күнге дейін маман жетіспейді. Мәселен, қазіргі таңда өңірдің емдеу мекемелеріне акушер-гинеколог, кардиолог секілді 94 маман жетіспейді екен. Жедел жәрдем көлігі де тапшы. Қазір бұл мәселе шешілу алдында тұр.
Өңір басшысы жиналған жұртшылықтың әңгімесін мұқият тыңдады.
Денсаулық сақтау саласының ардагері Ізбасқан Аймағанбетов бұқаралық ақпарат құралдарында денсаулық сақтау саласын қаралау басым екенін айтса, профессор Намаз Ізімбергенов дәрігерлердің этикасына қатысты өз ойын білдірді:
— Медицинада орын алатын кемшіліктердің бірқатары өзімізден де кетіп жатады. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы экономикалық мәселелер шешілді. Жаңа ауруханалар салынып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр. Ілгеріде бұндай емдеу мекемесі бізге арман болса, қазір аурухана мен емханадан аяқ алып жүре алмайсың. Ал халық бұрынғыдай емес, арыз айтып «көшеде» жүр. Бұның себебі неде? Біз материалдық жағдайды жөндейміз деп дәрігердің рухани тәрбиесіне көңіл бөлуді ұмыттық. Өзінің мүддесінен науқастың мүддесін жоғары қоятын, оған жаны ашитын дәрігерлер азайып кетті. Университетте оқытылатын қазіргі бағдарламада дәрігердің әдебі қарастырылмаған. Дәрігердің үстінен түсетін шағымдардың көпшілігі оның біліміне емес, көп жағдайда әдебіне қатысты болады. Бұрын науқас дәрігерге «емделемін» деп барса, қазір «қандай бәлеге тап боламын, ол өз ісін жетік біле ме» деген күдікпен барады. Сондықтан бас дәрігерлер бірінші кезекте қарамағындағы қызметкердің әдебіне көңіл бөлуі керек, — деді профессор.
Сондай-ақ жиында облыстық перинатальдық орталық жанынан жасанды ұрықтандыру зертханасын ашу туралы ұсыныс жасалды. Өңір басшысы бұл мәселемен таныс екенін, келер жылы шешімі табылатынын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау басқармасының ішкі бақылау және лицензиялау бөлімінің басшысы Талғат Ишниязов жас мамандардың проблемасын көтерді. Жастардың көпшілігі пәтер жалдап жүр. Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда бұл мәселе бойынша мемлекет пен жеке меншік серіктестігі аясында жобалар қарастылып жатқанын, жоба жүзеге асса, жастарға арналып, 300-400 орындық жатақхана салынатынын айтты. Жиында дәрі-дәрмек бағасы, сал ауруларына шалдыққан азаматтарды жауыр ауруынан емдеу және облыстық көпсалалы аурухананың коммуналдық шығынына қатысты сұрақтар қойылды. Өңір басшысы облыстық аурухананың сапалы қызмет көрсетуі үшін бірқатар жұмыстар жүргізілуі қажет екенін ескертті.
— Аурханаға келетін жол қысты күндері тазартылып тұруы тиіс. Бұл жерге азаматтар еркін келіп-кетуі керек. Аурухана басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасы осы іске жауапты болуы тиіс. Үкімет салып берді, енді әрі қарай жандандыру сіздердің қолдарыңызда, — деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев дағдарысқа байланысты шығынды неғұрлым азайту керектігін де ескертті. Келер жылдан бастап мемлекеттік мекемелердегі көліктер газға көшеді. Қазіргі күні газ құю бекеті салынып жатыр.
Жиын барысында әр сұрақты жіті тыңдап, толық жауап берген Бердібек Сапарбаев алдағы уақытта Ақтөбеде медициналық кластер құрылатынын айтып, осы бағыттағы жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында бұндай кездесу әлі де өткзілетінін айтып, дәрігерлердің ісіне сәттілік тіледі.
Кездесуден соң Бердібек Машбекұлы аурухананың ішін аралап, көрді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button