Денсаулық

Тұмау өршіп тұр

Күн райының өзгеруіне байланысты тұрғындар арасында тұмау өршіп тұр. Олардың көпшілігі — балалар. Биыл облыстық клиникалық инфекциялық ауруханада 1232 адам тұмау және жедел вирусты респираторлық аурудан емделген. Оның ішінде 1080 адам қаладан, 152 науқас ауданнан келген. Ауырғандардың 880-і балалар болып отыр.
Әдетте біз тұмауға жеңіл-желпі қарай саламыз. Алайда бұның соңы денедегі өзге де созылмалы ауруларды өршітіп, асқынуға әкелуі мүмкін. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау микробы ауаға жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық арқылы таралады. Сондай-ақ бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы, т.б. арқылы жұғады. Тұмау вирусы өте тез тарайды. Бір мезгілде бір өлке жаппай ауыруы мүмкін. Қаладағы №2 емхананың инфекционист дәрігері Ләззат Байтілеуова осындай асқынулар болмау үшін қазан айынан бастап жедел жоспар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.
— Күн суытқаннан бастап алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Тұмау белгілері байқалған өзгелерге жұқпау үшін бірден оқшауланады. Бұл үшін арнайы фильтр бөлмелері ұйымдастырылған. Қазіргі таңда емханаға тиесілі төрт фильтр бөлмесі жұмыс жасайды. Оның бірі Заречный ауданындағы филиалда орналасқан. Сондай-ақ оксалин жақпа майы, тамифлю, реленза секілді дәрілер беріледі. Учаскелік дәрігер кезекшілік атқарады. Биыл соңғы он айда 1423 адам жедел вирусты респираторлық ауру бойынша тіркелді. Оның ішінде бір жасқа дейінгі бала саны 245 болса, он төрт жасқа дейінгі 1236 бала және 187 ересек адам бар. Жалпы жұқпалы аурумен балалар жиі науқастанады. Мәселен, емханада бір жасқа дейін 1588 бала тіркеуге алынса, биыл соның 47-сі тұмауға шалдыққан. Сондықтан алдын ала ақпарат беріліп, екпе салынып, тұмаудан сақтану жолдары түсіндіріледі, — дейді дәрігер.
Ләззат Байтілеуованың айтуынша, биыл емханаға қарасты 2330 адамға екпе салынса, оның ішінде 302 бала, 73 жүкті әйел бар. Балалар мен дәрігерлік есепте тұрған науқастарға екпе тегін салынады.
Тұмау басталғанда дене дел-сал болып, көңіл күйі нашарлайды және науқастың тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, бұлшық еттер сыздап, буын-буын сырқырайды, мұрын бітеді, дауыс қарлығып, жөтел пайда болады, тамақ қызарып, жұтынғанда ауырады, көз қызарып жасаурайды.
Тұмаумен ауырған адам міндетті түрде дәрігердің бақылауында болып, ауасы таза оңаша бөлмеде жатып тынығуы керек. Дене қызуын, дене сырқырауын басатын дәрілер ішкен жөн. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жабуы тиіс. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, т.б. болып, олар жиі қайнатылып, жуылуы керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button