Білім

Жаңа мектептің жетістігі мол

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни былтырғы Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданда жаңадан пайдалануға берілген №56 жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары қазіргі уақытта өздерінің білім деңгейлерін облыс және қала деңгейінде көрсете бастады. Олар әртүрлі конкурстар мен сайыстарға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
— Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауында Қазақстанның жас азаматтарына «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман» деп атап көрсетті. Біздер шәкірттерімізге жас кезінен осындай бағдар беруге ұмтылудамыз, — дейді мектеп директоры Гүлдария Әбдіғалиева.
Мектептің бір жылдық мерейтойына жақсы жетістіктермен келген 4 «а» сыныбының жетекшісі Нұрғайша Әділбекова өз шәкірттерінің ізденістері мен жетістіктері туралы қуанышпен айтады.
Мәселен, Қайсар Тұрғанбаев «Бастау» математикалық сайысына қатысып, бірінші орынды иеленді. Назерке Тағыберген — «Зерде» республикалық сайысының жүлдегері. Арман Ақлепес қолөнер шеберлерінің байқауында үздік деп танылды. Ал Жаңабай Аманжол республикалық «Қазақстан — менің алтын бесігім» байқауында топ жарды. Интеллектуалдық ойындарда көш басында жүретін қос Анель — Серік пен Нұрымбет сыныптастарының сенімді топ бастаушылары.
Ал Талғат Қарамерген мен Нұрқанат Қалыбаевтың спорттағы жетістіктері алда да биіктей түсетіндігіне достары сенімді.
— Біздер, ата-аналар, мектеппен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Өйткені бала тәрбиесіне бір жақты қарауға болмайды, олардың сабақ үлгерімі, ынтасы-жігері, бейімділігі біздің ұдайы назарымызда. Жаңадан пайдалануға берілген мектепте балаларымыздың жақсы білім алуына, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Оқушылардың жаңа технологиялық жетістіктерді пайдалануына мүмкіндігі бар, мәдени шараларға белсене қатысады, сондай-ақ спортпен шұғылдана алады. Біз бұған қуаныштымыз, — дейді ата-аналар атынан Гүлнұр Үмбеталина.
… Ақтөбе қаласында №56 орта білім беретін мектептің былтыр жаңадан пайдалануға берілуі облыс орталығының осы бөлігінде тұратын ата-аналардың көптен күткен талап-тілегіне сай келген еді. Ендігі мақсат — білім ордасының сапалы білім беретін, іргелі оқу орнына айналуы. Алғашқы қадамнан-ақ шәкірттері ілгері ұмтылып, сайыстардың жүлдегері атана бастаған мектептің келешегі кемелді болары күмәнсіз.

Қ.ЖОЛДАСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button