Әлеумет

Айгүлге көмек қажет!

Айналасындағыларға шуағын шашып жүретін адамдар болады ғой. Айгүл –  сондай. Ол – ақкөңіл, қайратты, рухы мықты қыз. Жасы 28-де. Бір күлкісі кем болып өскен ол жас та болса мүмкіндігінше жетім балаларға, көмек қажет ететін жандарға көп көмектесті. Сіңлісі екеуі жастайынан ата-анадан ерте айрылды. Жалғыз сіңлісін Алматыдағы қыздар педагогикалық институтында оқытты. Несие алып, бір бөлмелі үйін екі бөлме етіп кеңейтті.

Бәрі де өз ретімен шешіліп жатқан тұста, Айгүлдің өзі ауырып қалды. Қазір төсекте жатқанына да бір жылдан асты. Содан бері жұмыста жоқ. Жұмыс таба алмағандықтан емес, денсаулығы сыр бере бастағасын жұмыстан кетті. Әйтпесе, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітіріп, қаламыздағы банктерде жай маманнан бастап бөлім бастығына дейін көтеріліп еді.

2005 жылы Айгүлге «жүйелі қызыл жегі» (системная красная волчанка) деген күрделі диагноз қойылды. 3 жылдай өз қаражатына емделді. Әрине, сол кезде ол жұмыс жасап жүрді.

Сіңлісінен басқа жанашыр туысқаны жоқ қайсар қыз қазір әр таңды үмітпен қарсы алып, жақсылық күтеді. Айгүл түбінде бәрі жақсы болатынына сенеді. Өмірде ел қамын ойлайтын басшылар мен қайырымды жандардың барына және олардың шарапаты тиетініне де сенеді. Сенген соң ғана газет бетіне шығуға келісті.

– Бірнеше рет Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында жаттым, сәл жақсардым, бірақ, түбегейлі өзгеріс байқалмады. Емдеуші дәрігерлер енді Ресейде, оның ішінде Мәскеу қаласында емделуді ұсынып отыр, өйткені осы диагнозбен Мәскеуде емделген басқа да пациенттердің жағдайлары жақсарған. Кейбірімен сөйлесіп отырмын. Қазіргі таңда қаражат табу – күрделі мәселе. Ал диагностика мен емделуге, сондай-ақ, жолақыны қосқанда шамамен 6 мың АҚШ доллары қажет. Аталған аурудың неден пайда болуы әлі күнге дейін белгісіз, – дейді Айгүл.

Интернеттегі медициналық порталдарда: «Жүйелі қызыл жегі ауруы кезінде терінің, бұлшық еттің, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесінің, басқа да ішкі органдардың зақымдануы байқалады. Иммундық жүйе ағзадағы тканьді дұрыс қабылдауын тоқтатады да, оны өзгенікі деп қабылдап, оған қарсы шабуылдайды. Қан құрамында да антител саны көбейеді. Аталған аурумен ауыратын науқастарды зерттеу, емдеу – қазіргі ревматологияның күрделі мәселелерінің бірі» делінген.

Айгүлдің жыл бойы төсекте жатқаннан жамбасы тесілген. Кейде ауыз іші де уылып, нәр татпайтын күндері де болады. Көп түскеннен шашы да жұқарған. Аяқ-қолы арықтап, бұлшық еттері семіп, ішіне де ісік пайда болды. Ақтөбелік дәрігерлер өкпеден су алып, іш ісігі сәл қайтып еді, ауруханадан шыққанша су қайта жиналыпты.

Ал алматылық дәрігерлер суды біртіндеп алуды жөн деп санапты, дәрілер жазып беріпті. Қазір Айгүл сол жазып берген гормонды препараттарды үзбей  ішіп жатыр. Алайда, айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Кейде түнде температурасы көтеріледі. Көңіл күйі жақсарып, сәл басын көтерген сәттерде өзі де қарап жатпай, интернеттен өз диагнозы бойынша мәліметтер қарайды, емдеу түрлерін, қай жерлерде қандай емханалар барын іздейді.

Әр нәрсені уайымдайтын Айгүл:

– Әзірге бұл аурудан ешкім түбегейлі айығып кетпеген. Тек ұзақ мерзімді кешенді ем қабылдаудың  арқасында ғана ағзаны қалыпты жағдайға жеткізуге болатынын түсінем. Қазір емдеудің де түрлі жолы бар. Қайсысы менің қазіргі күйіме сәйкес келерін кім білген? Қандай білікті маманның қолына түсетінім тағы белгісіз. Ендігі мақсатым –  жоғары мамандандырылған білікті дәрігерлердің көмегі мен шетелдік технологияларды, препараттарды пайдаланып, қалыпты жағдайға оралу. Аяғымнан тік тұрып кетсем екен, – деп тілейді.

Қасиетті Рамазан айында мұсылман жұрты қамқорлық жасап, ізгілік істер жасайды. Жанымызда жүрген Айгүл сынды көмек қажет ететін жандарға қолұшын берсек, сауап іс болар еді.

Облыста жеке кәсіпкерлікпен танылып, ісі алға басқан жеке шаруа қожалықтары да жеткілікті. Кейде олардың халық игілігіне жарататын пайдалы істеріне де куә боп жатамыз. Әрқашан қайырымдылық жасап, жағдайы мүшкілге көмек беруден аянбайтын басшылар мен кәсіпкерлер бұл жолы да бойжеткеннің өміріне араша түсуге асығар, ойланар. Дарқан көңілді, бауырмал халқымыз барда көзі ашық, көкірегі ояу, қаракөз  бойжеткендеріміздің жұдырықтай жүректеріне титтей де болса селкеу түспейді деп сенеміз.

Материалдық көмек көрсетуші үлкен жүректі азаматтар үшін Айгүлдің реквизиттерін ұсынамыз:

Мунтаева Айгул Бектубаевна

РНН 061813510762

Ақтөбе қаласындағы «Нұрбанк» АҚ филиалы

Карточка № 4401 2800 0482 4699.

Есепшоты: № 001006264.

Қаржы аударған ізгі ниетті адамдарға қажет жағдайда мақсатты түрде жұмсалған қаржы құжаттары (чектер, түбіртектер, жол жүру билеттері) тапсырылады.

Қайырымды жан, Айгүл Сіздің көмегіңізді қажет етеді!

P.S. Пендеміз ғой… Біреулерден ақшаны машина сатып алу үшін немесе басқа мақсатта жинап жатқан шығар дегенді де естідік. Айгүлдің жағдайымен таныс болмай, олай ойлаудың реті жоқ дегім келеді.

Аталған ауру немесе мықты дәрігерлер туралы білгеніңіз болса, қайсар қыздың тағдырына алаңдасаңыз, редакцияның телефонына – 55-11-11-ге қоңырау шалыңыз.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

7 Comments

  1. Өз басым Айгүлді жеке танимын. Материалда айтылғандардың ақиқат екендігін айтқым келеді. Қол ұшын берген адамдарға Айгүлдің атынан алғысымды да жаудырамын, жамағат.

  2. Айгулдин казирги жагдайын билуге болама? Казир кайда,кандай маманга емделуде?Егер мумкиндиги болса маган хабарласса.Себеби менинде 9 жасар кызыма сол диагноз 2008жылы койылды.Мине 3 жылдан асты кайда кимге барарымызды билмеймиз.Бул ауруды кайда,кандай мамандар емдейди екен,ким биледи айтыныздаршы!Баламнын коз алдымда курып бара жатканына шыдай алар емеспин…

  3. Саламатсыз ба, Адина?
    Сіздін пікірінізді жана коріп отырмын.
    Айгул Мунтаева — менин кластасым, ари жакын курбым еди… үш жыл болды өмірден өткелі, иманды болсын!
    Егер Актобеде болсаныз, 55-11-11 телефонына редакциямызга хабарласыныз. Айгулдін кайда барып, калай емделгенін айтармын. Уайымдаманыз, баланыз жас кой, әлі-ак емделіп кетер. Тек емді узбеніз. Автор.

  4. Саламатсыз бе?менің де жүйелі қызыл жегімен ауырғаным 3жылдан асып барады,қай жерде жақсы ем ала аламын,осы сұрағы ма жауап алсам деймін

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button