БілімБасты жаңалықтарМәселе

Мектептер мәселесі қалай шешіледі?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің тыныс-тірлігімен танысу мақсатында 12 ауданға жасаған іссапарларының барлығын да ең алдымен мектептерді аралаудан бастады. Біздің облыста қамыстан салынған 6 мектеп, ағаштан салынған 17 мектеп, саманнан салынған 47 мектеп, 1945 жылға дейін салынған 20 мектептің бар екені сонда, осы іссапарлардың барысында анықталды. Бұл жағдайды аймақ басшысы сынға алып, аудан әкімдеріне, тиісті мекемелердің басшыларына дереу тапсырма берді.
«XIX ғасырдағыдай пешке от жағатын мектептер бар. Кей мектептерде тозығы жеткен тақталар тұр. Осындай мектеп деп айтудың өзіне аузың бармайтын, әбден ескірген ғимараттарда мұғалімдер балаларға: «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену — ұлттық жоспар. Бұл мақсатқа жету үшін біз де үлес қосуымыз керек», — деп ел алдында тұрған мақсат-міндетті түсіндірген болады. Қисын қайда? Бұл тұрғыда мұғалімдердің кінәсі жоқ. Бұл — басшылардың кінәсі, мектеп директоры, аудандық білім бөлімдері, облыстық білім басқармасының басшылары, аудан әкімдерінің кінәсі», — деп бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен педагогтермен кездесуінде де айтқан болатын.
Аймақ басшысы жоғарыда аталған білім беру мекемелерінің мәселелерін шешуді тапсырғаннан кейін нақты қандай жұмыстар қолға алынды? Біз осыны білмек ниетпен тиісті мекемелерге хабарласқан едік.

Тапсырманы орындаймыз

— Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен ең бірінші кезекте қамыстан тұрғызылған, пешпен жағылатын 6 мектептің мәселесін шешу жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова.
Жалпы облыста пешке от жағатын 64 мектеп бар. Ағаштан салынған мектептердің дені Әйтеке би мен Ырғыз аудандарында орналасқан.
— Ауылдардағы саманнан салынған мектептердің біразы — бастауыш мектептер. Ереже бойынша егер ауылда 5 бала болса, онда бастауыш мектеп ашылуы тиіс. Оның үстіне бастауыш сыныпта оқитын баланы ата-анасының қасынан басқа ауылға, басқа ортаға, интернатқа жіберу қиын. Сондықтан да бастауыш мектептерді жаппауға күш саламыз, — дейді басқарма басшысы.
Облыста 422 мектеп бар. Олардың көпшілігі кеңес дәуірінде салынған.

Қамыстан салынған мектептен құтыламыз

— Біздің ауылда 100 орындық мектеп салынатын болды. Қазір құжаттары дайындалып жатыр, — деп қуана хабарлады Ырғыз ауданындағы М.Төлегенов атындағы орта мектептің директоры Болат Қалиев. 1981 жылы қамыстан тұрғызылған мектепте қазір 104 бала білім алып жатыр.
— Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев біздің ауылға күзде келген болатын. Сонда мектебімізді аралап көрді. Мектепке ұзақ жылдардан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Спорт залы тар. Заман талабына сай келмейді. Акт залы мүлде жоқ. Мектеп ауласындағы бұрынғы интернаттың ғимаратында шағын ғана асхана бар. Оның да жағдайы мәз емес. Пешке от жағып, күл шығарамыз. Міне, осының бәрін көзімен көрген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне қаржылық мүмкіндіктерге қарай біздің аудандағы қамыстан салынған мектептердің мәселесін шешуді тапсырған болатын. Облыс әкімінің қолдау, көмегінің арқасында жаңа мектептің құрылысы салынатынына мектеп ұжымы ғана емес, ауыл халқының бәрі шаттанып жүр, — дейді мектеп директоры. Оның айтуынша, Ырғыз ауылына қарасты Ақши елді мекенінде 119 түтін бар. 548 адам тұрады. Ауылда демографиялық өсім жақсы. Сол себепті бұрын негізгі мектеп ретінде еңсе тіктеген білім ордасы 2000 жылдан бері мәртебесін өзгертіп орта мектеп атанды.
Жалпы облыстағы қамыстан салынған алты мектептің алтауы да Ырғыз ауданында орналасқан. Олар: Құмтоғай, №2 Ырғыз, М.Төлегенов атындағы орта мектептер және Нарқызыл, Белшер, Қарақұдық негізгі мектептері. Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Жүсіптің айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мәселелерді шешу мақсатында жұмыстар қолға алынып жатыр. Мысалы, 1982 жылы бой көтерген №2 Ырғыз орта мектебінің орнына 120 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
— Облыс әкімі пешпен жылытылатын мектептерді сынға алған болатын. Біздің ауданда пешке от жағатын 9 мектеп бар. Оларға да электр тогымен жылытылатын автономды жылу жүйесін орнату жоспарда бар, — дейді Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы.

110 «Жастағы» мектеп жабыла ма?

Облыстағы ең ескі мектеп — Мұғалжар ауданындағы №57 бастауыш мектеп. Бұдан 110 жыл бұрын салынған білім шаңырағы Тас бекетінде орналасқан. Онда қазір 9 бала білім алады.
Аталған ауылда 16 түтін бар. 63 тұрғынның 27-сі — 16 жасқа дейінгі балалар.
— Мектеп 1905 жылы саманнан салынған бейімделген ғимаратта орналасқан. Пешпен жылытылады.
Мектептің материалдық-техникалық базасы жергілікті бюджет және демеушілердің көмегімен жабдықталған.
Келесі оқу жылында мектепте 4 бала оқитынына байланысты мектепті жабу жоспарланып отыр. Бастауыш сыныпта оқитын 4 бала ауылдан 25 шақырым қашықтықтағы Ембі қаласындағы №7 орта мектептің жанындағы интернатта жатып оқитын болады, — дейді Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Жүсіпов.

Саманнан салынған 47 мектеп

Облыстағы саманнан салынған 47 мектепте барлығы 2956 бала білім алады. Қазіргі заман талабына сай келмейтін аталған құрылыс материалынан салынған мектептер тек Темір мен Хромтау аудандарында жоқ. Қалғандарының бәрінде бар. Мысалы, Байғанин мен Мұғалжар аудандарында 9 мектептен, Алға мен Мәртөк аудандарында 6 мектептен, Қобда мен Ойыл аудандарында бес мектептен бар. Ақтөбе қаласына қарасты Ақшат ауылында орналасқан мектеп те саманнан салынған.
Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, 1972 жылы 30 балаға арнап салынған бастауыш мектепте қазір 46 бала білім алуда. Олардың 14-і мектепалды даярлық тобында тәрбиеленіп жатыр.
— Ауылда мектеп жасындағы 233 бала бар. 5-11-сыныптарда оқитын 52 оқушы көршілес Ақжар-2 ауылындағы мектепке қатынап оқиды. Ол үшін көлік тасымалы ұйымдастырылған.
Бұл мектептің мәселесі 2016-2020 жылдарға арналған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында шешіледі. Жоспарға сәйкес, Ақшат ауылында 150 орындық мектеп салынады, — дейді Ләззат Оразбаева.
1945 жылға дейін салынған 20 мектептің бірі Ақтөбе қаласында орналасқан. Ол 1923 жылы бой көтерген №22 орта мектеп.
2012 жылы мектептің жекелеген бөліктеріне күрделі жөндеу жасалыпты. Соның арқасында ғимарат төбесі бүтінделіп, 1953 жылы ауыстырылған терезелер де толықтай жаңартылған. Биыл мектептің электр желісі жаңарыпты.
— Мектебіміздің физика, химия, мультимедиалық кабинеттері жабдықталған. Интерактивті тақталар бар. Дегенмен информатика кабинетіне компьютерлер жетіспейді. Асхана жоқ. 16 шаршы метрлік 60 орындық буфет жұмыс істейді. Мектептің ауласында 70-жылдары салынған бір қабатты ғимарат бар. Бұрын шеберхана болған нысанда қазір бастауыш сыныптың балалары оқиды. Аталған ғимаратта жарық пайда болды. Қанша жерден жамап-жасқағанмен, оңай емес. Сол себепті осы ғимараттың орнына жаңа нысан салынса, жақсы болар еді. Бастауыш сыныпта оқитын бала да көп. Қазір 1-сыныпта 4 сынып-комплекті бар. Оның екеуі — орыс сыныбы. Орыс сыныптарында 32 баладан отыр. Орын тығыз, — дейді №22 мектептің директоры Айгүл Алдиярова. Жалпы мектепте 34 сынып-комплекті бар. Білім мекемесінде қазір 869 бала білім алады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button