Жаңалықтар

Парыз бен қарыз

Ауғанстаннан әскерлердің әкетілгеніне 20 жыл толу құрметіне орай қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің қабылдауы өтті.

Қабылдауға Ауғанстанда интернационалдық парызын өтеу кезінде қаза болған жауынгерлердің ата-аналары мен Ауған оқиғаларының ардагерлері – бір топ ақтөбеліктер келді.

Әуелі жиналғандар желімен байланыстырылған жиырма шақты компьютерден Ауған жауынгерлері жайында әзірленген фильмді көрді.

Қала әкімі Архимед Мұхамбетов:

Жаңа фильмде көргендей, Ауғанстан жеріндегі ұрыстарға 22 мың кеңес жауынгері қатысты. Оның ішінде біздің облыста Ауған соғысының 1013 куәгері бар. Сол соғыста 26 азамат қаза тауып, біреуі хабар-ошарсыз кетсе, 58-і мүгедек боп оралды. Ауған соғысында интернационалист-жауынгерлердің көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы ешқашан ұмытылмайды, әр кез жадымызда сақталады. Қаламызда 600-ден астам интернационалист жауынгер бар. Олар коммуналдық төлемнен босатылды. Екі жыл бұрын интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылып, бұл аумақ қаруластар бас қосатын гүлзарға айналды, – деді. Қала әкімі шақырылғандарға Алғыс хат пен әрқайсысына он бес мың теңге табыс етті. Аналардың иығына жемпір жапты. Олар рахметтерін айтты.

Мұнан  соң Ауғанстан соғысының куәгері Виктор Константинов гитарамен ән шырқады.

Қабылдауда болып, марапат алғандардың бірі Сейілхан Шуданов:

– 1988 жылы Ауғанстанның Шындант деген жеріне барып, жауынгерлік және азаматтық борышымды өтедім. 1989 жылы елге оралдық. Мен ол жақта взвод командирінің орынбасары болдым. Сонда бір элеваторды қорғап тұрдық. Шабуыл кезінде  қоршауда қалған қарамағымдағы балаларды жоғалтпай алып шыққаным үшін «Ерлігі үшін» медалін берді.

Майдандастармен кездесіп тұрамыз. Қазір майданда бір жерде болған Сағит Сейтенов №41 разъезде тұрады.

Облыс әкімі Ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіп жатыр. Коммуналдық төлемнен босатты. Пәтер беріліп жатыр. Олардың ең басты мәселесі – тұрғын үй ғой. Өзім үйді несиеге алдым, – дейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button