БілімБасты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: Бұл — мұғалімдердің емес, басшылардың кінәсі!

«Облыстағы білім саласының мәселелері». Өткен жұма күні Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен жиын осылай аталды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Басқосуға облыстық білім басқармасы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, балабақша, мектеп, колледж, университеттердегі педагогтер жиналды.
Алдымен облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Назарбаев зияткерлік мектебін аралап көріп, білім шаңырағының тыныс-тірлігімен танысты. Бұдан кейін жиналған жұртшылық аталған мектеп оқушыларының өнерін — «Ердің ері — Қобыланды» театрландырылған қойылымын тамашалады.
Жиында сөз алған аймақ басшысы балалардың өнеріне ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымына, оқушыларға рақмет айтты.
— Талантты, талапты, өнерлі балалар көп. Біз бен сіздердің ортақ міндетіміз — жас ұрпаққа жақсы тәрбие мен сапалы білім беру. Әлгінде оқушылар көрсеткен қойылым қандай тамаша дүние! Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз кеңінен көрсетілді. Әсіресе, қазіргідей аумалы-төкпелі, құбылмалы заманда жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін іс-шараларды көбірек ұйымдастыру керек.
Ең қадірлі мамандықтың бірі — мұғалім. Мұғалімге артылар жүк ауыр. Ұстаз ұлт болашағын тәрбиелейді. Облысқа келген екі жарым айдан астам уақыттың ішінде біраз мектептерде болдым. Біраз педагогпен кездесіп, пікірлістік. Бүгінгі кездесудің мақсаты — ұзақ-сонар баяндамаларды, есептерді тыңдау емес, сіздермен ашық пікірлесу, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан білім беру саласына айрықша жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.
— Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде Қазақстан біраз қиындықты, бірнеше дағдарысты бастан өткерді. Дегенмен білім саласына бөлінетін қаржы төмендеген емес. 2007-2009 жылдары жыл сайын жалақы 25 пайызға өсті. Қаржы дағдарысына қарамастан 2016 жылдан бастап білім беру саласының қызметкерлерінің еңбекақысы 15 пайыздан 29 пайызға дейін өседі. Мұндай қамқорлықты көрсететін ел өте аз.
Елбасы Жолдауында 24 жылда елімізде 1700-ге жуық мектеп еңсе тіктегенін айтты. Кеңес дәуірінде мұнша көп мектеп салынған жоқ. Заман талабына сай бой көтерген, сән-салтанаты келіскен білім ордалары — Тәуелсіздіктің тартуы, — деді облыс әкімі. Жиын барысында аймақ басшысы білім саласының мәселелеріне де тоқталды.
— Материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін мектептер де жетерлік. Қамыстан салынған 6 мектеп, ағаштан салынған 17 мектеп, саманнан салынған 47 мектеп, 1945 жылға дейін салынған 20 мектептің жағдайы — соның дәлелі. XIX ғасырдағыдай пешке от жағатын мектептер де бар. Кей мектептерде тозығы жеткен тақталар тұр. Бұл тұрғыда мұғалімдердің кінәсі жоқ. Бұл — басшылардың кінәсі, мектеп директоры, аудандық білім бөлімдері, облыстық білім басқармасының басшылары, аудан әкімдерінің кінәсі.
Қазір жоғарыда аталған мектептердің мәселелерін шешу жоспарланып отыр.
Мектеп — білім, тәрбиемен бірге, мәдениеттің де ошағы. Ақтөбе қаласындағы №27, №28, №33 мектептер мектепке ұқсамайды. Қайда кіргеніңді білмейсің. Мектептің сыртқы көрінісі, ғимараты ғана мектеп екенін аңғартады. Шығыс Қазақстан облысында «Туған елге тағзым» акциясы 6 жылдан бері жүйелі ұйымдастырылып келеді. Аталған шараның арқасында жыл сайын кем дегенде 3-4 миллиард теңге көлемінде жұмыс істеледі, — деді Бердібек Сапарбаев. Ол өз сөзінде балабақша кезегін күтіп жүрген балалардың да көп екенін айтты. Балабақша мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту керектігін тапсырды.
Биылғы оқу жылында кейбір мектептер дер уақытында оқулықтармен қамтылған жоқ. Кей мектепке оқулық қарашада әрең жеткізілген. Жоспар бойынша тамыздың 1-іне дейін оқушылар оқулықтармен қамтылуы тиіс-тін.
— Тағы бір мәселе — қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы мәз емес. Облыстық білім басқармасы: «Біздің көрсеткіш — 32 пайыз. Еліміз бойынша алдыңғы қатардамыз» деп мәз болғанымен, шын мәнісінде місе тұтарлық емес. Облыста оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша білім алатын орталықтары аз. Білім беру мекемелерінің басшылары құрылыс компанияларымен бірлесіп жұмыс жасамайды. Жаңадан салынған тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын, тіпті жертөлелерінің жартысын болса да, алып, үйірмелер, орталықтар ашу керек.
Облыста жасөспірімдердің тәртіп бұзушылығы көп. Балалардың өздеріне қол жұмсаған деректері де бар. Бұл ең алдымен тәрбиенің нашарлығы. Екіншіден, мектеп пен ата-ананың арасында байланыс төмен. Балалар мектептен тыс уақытта қосымша сабақтарға, үйірмелерге барса, тәртіп бұзбас еді.
Кейбір мектептердің директорлары, кейбір педагогтердің өзі құқық бұзады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жақсы білесіздер, баланың аузына скотч жапсырып қойған қызметкерлер, мұғалімдерді «жұмысқа орналастырамын» деп пара алатын мектеп басшылары да бар. Мұғалімдер мен білім мекемелерінің басшылары осындай әрекет жасайтын болса, балаларға не айтуға болады? — деді Бердібек Сапарбаев.
Мектептегі білім сапасының көрсеткіші — ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына байланысты. Облыс әкімі білім беру мекемелерінің басшыларына ҰБТ-да облыстың үздік бестіктің емес, үздік үштіктің қатарында болуын нықтап тапсырды.
Жиында педагогтер облыс әкіміне түрлі сауалдар қойып, өздерінің өтініш, тілектерін айтты. Мектептерінің жетістіктерін мақтаныш етті.
Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейдің ағылшын тілінің мұғалімі, республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Наталья Пеннер мектептің бірнеше жыл қатарынан АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің грантын ұтып алғанын, соның нәтижесінде Ақтөбе қаласындағы мектептердегі аз қамтылған отбасы балаларына ағылшын тілі тегін үйретіліп жатқанын әңгімеледі. Балаларға оқулықтар, оқу әдістемелік құралдар елшіліктің қаржысынан алып берілген.
Кездесуде Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлеймен шағын жинақталған мектептер мәселесін көтерді.
— Ауылдық жерлерде шағын жинақталған мектеп көп. Ойыл ауданындағы 23 мектептің 15-і — шағын жинақталған мектеп. Шағын жинақталған мектептердің көбінде мұғалімдер жетіспейді. Сағат саны өте аз. Аз сағат — мардымсыз ақша. Ол үшін Ақтөбеден мамандар келмейді. Сол себепті химия-биология-география, тарих-құқық, физика-математика-информатика пәндерінен бір мұғалім сабақ берсе, жоғары оқу орындарында мамандарды осы ыңғайға байланысты даярласа, шағын жинақталған мектептердегі маман тапшылығы мәселесі шешілер еді.
Бердібек Машбекұлы, мектеп басшылары туралы орынды сын айттыңыз. Шын мәнінде, кейбір мектеп басшылары өз қызметтеріне лайық емес. Сол себепті директорларды тәжірибеден өткізсек, курстарға жіберсек, — деді Саян Сүлеймен.
— Мектеп директоры қызметіне лайық болмаса, аудандық білім бөлімінің басшысы қайда қарап отыр? Мектептің болашақ директорларын аудандық білім бөлімдері даярлауы керек. Резерв жасау керек. Сол резертегі мамандарды курстарға жіберген жөн. Ал біз курстарға кім болса, соны жібереміз. Бұл — бір. Екіншіден, курста 3 ай, 6 ай білімін жетілдіруге жіберілген мұғалімнен оқуының нәтижесін сұрамаймыз. Білім жетілдіргені үшін педагогтің жалақысына қосымша ақша қосылады. Дегенмен істің нәтижесі жоқ. Педагогтің 6 ай бұрын білім деңгейі, біліктілігі қандай еді, 6 айдан кейін де сол қалыпта болады. Өйткені мұғалімнен талап етуші аз. Курстағы оқудан нәтижеге қол жеткізген мұғалімдерді директорлыққа тағайындау үшін резервке қою керек. Ал біз ағайын-туысымызды мектептің директоры етіп тағайындаймыз.
Бір нәрсеге таңғаламын. Кейбір мектептердің директорлары мектептерді жекеменшік қылып алған, «менің қарамағымда, менің мектебімде» деген сөзді жиі айтады. Ешкімнің әкесі алып берген мектеп жоқ. Мектеп — мемлекеттің меншігі, — деді аймақ басшысы. Ал шағын жинақталған мектептердің мәселесін шешу үшін бала саны өте аз мектептердің оқушыларын сол ауылға жақын маңдағы мектептерге беріп, ондағы интернатқа орналастыру арқылы шешуге болатынын айтты.
— Депутаттардың уәдесіне тұрмайтыны туралы да мәселе көтерілді. Депутаттардың жұмысын өзім қадағалауға алатын боламын. Сайлаушыларымен қанша рет, қашан кездескенін, сайлау алдында берген уәделерін қаншалықты орындағандарын сұраймын.
Ақтөбе қаласында Абайға ескерткіш қою, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру туралы айтылған ұсыныстар да орынды. Дегенмен мұның бәріне қаржы көп қажет.
Тағы да қайталап айтамын, мемлекет білім саласына ерекше қолдау, көмек көрсетіп жатыр. Мемлекеттен бөлінген қаржының сұрауы болады. Ең негізгісі, еліміз үшін бірігіп, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек, — деп сөзін аяқтады облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button