Денсаулық

Ашық есік күні: келіңіз, тексеріліңіз

Әлемде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің саны артып келеді. Мамандар әр жыл өткен сайын қатерлі ісіктің «жасарып» келе жатқанын айтып алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын әлемде қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің саны бір жарым миллионға жеткен. Ал елімізде  жыл сайын 3 мыңға жуық әйел осы дертпен ауырса, оның  1500-ге жуығы көз жұмады екен. Ал өткен жылғы қорытынды бойынша  елімізде қатерлі ісікке шалдыққан жиырма мың  әйел есепте тұр. Бұл науқастардың 50 пайызы емнен кейін бес жылдан  астам уақыт өмір сүргендер. Сондықтан мамандар егер ісік ерте анықталса, дерттен айығуға болатынын айтады. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолға алуымен 19 қыркүйекте сүт безі қатерлі ісігін анықтау үшін аудан мен қаланың емдеу мекемелерінде ашық есік күні өткізіледі. Диагностикалық тексеру ақысыз және  онколог-маммолог дәрігерлер кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісікке шалдығатындардың басым бөлігі әйелдер екен. Оның ішінде әйелдер кеудеде сүт безі қатерлі ісігінің пайда болғанын айлап, тіпті жылдап сезбейтін көрінеді. Басқа ісік ауруларына қарағанда ол алғашқы сатысында жанға батып ауырмайды. Сырқатқа шалдығатындардың басым бөлігі 50-60 жас аралығындағы әйелдер. Сондай-ақ дерттің аса қауіптілігіне қарамастан, оны ерте анықтау әлі күнге дейін кейінге қалып отыр. Оның себептері де жоқ емес. Біріншіден – дәрігердің қателігі мен онкологиялық қырағылықтың төмендігі болса, екіншіден – әйелдердің бұндай дертке салғырт қарауынан. Сондықтан жаппай тексеру, яғни скринингтің арқасында ғана алғашқы сатыдағы қатерлі ісікті анықтау оң нәтиже береді. Қазіргі таңда елімізде осы әдіс қолданылуда.

Биыл жоспар бойынша 17 мыңнан астам әйел қатерлі ісікке қарсы  жаппай тексеруден өтуі тиіс. Соңғы сегіз айда 12 мың 359 әйелді тексеруден өткізсек, оның ішінде 9 әйелде бірінші және екінші сатыдағы қатерлі ісіктің бар екенін анықтадық. Сырқатқа шалдыққандардың барлығы өзінің осы дертпен ауырғандарын білмейді. Тіпті дәрігерлер де аурудың алғашқы сатысын анықтай алмауы  мүмкін. Өйткені ауру алғашқы сатысында жанға батпағандықтан, әйелдердің көпшілігі сырқат екенін сезбейді де уақыт өтіп кетеді. Сондықтан арнайы аппарат арқылы тексеру кезінде  ғана қатерлі ісіктің алғашқы кезеңін білуге  болады.

Ал жыл сайын өз бетінше дәрігерге қаралып тұратындар аз. Сондықтан көп жағдайда әйелдер  ісік асқынып кеткенде ғана дәрігерге келеді. Ал жаппай тексеру  сырқаттың алдын алуға үлкен көмегін тигізуде. Егер дерт ерте анықталса, айығуға мүмкіндік бар, – деді Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық  медицина орталығы жетекшісінің онкология жөніндегі орынбасары  Мақсат Мұқанов.

Өткен жылы он алты мың әйел жаппай тексеруден өтсе, оның ішінде 11 әйелде қатерлі ісіктің белгілері байқалған. Былтыр облыста 130 әйел осы дертпен тіркеуде тұрса, оның 35-і төртінші сатыдағы қатерлі ісікпен емделуде.

Жалпы, сүт безін маммографиялық аппаратпен тексеру кезінде, біріншіден, сүт безінде сипағанда білінбейтін көлемі 5 мм-ге дейінгі ісіктер, екінші, қазіргі кезде жиі кездесетін түйінді және жайылмалы мастопатия негізінде дамыған қатерлі ісіктер, ісіктің орналасқан жері, төртінші, қатерлі немесе қатерсіз ісік екені, бесінші, ісіктің таралу дәрежесі мен жүргізілген емнің нәтижесі анықталады. Маммография қолданылатын мақсатына қарай екі түрге бөлінеді. Біріншісі, профилактикалық, екіншісі, диагностикалық маммография. Профилактикалық маммография, яғни скрининг 40 жастан асқан барлық әйелдерге ешқандай шағымы болмаса да екі жылда бір рет жүргізіледі. Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы бар. Ал диагностикалық маммография, егер  дәрігер әйелдің сүт безінде қандай да бір өзгерістерді байқаған кезде жүргізіледі. Сондай-ақ маммографиялық тексеруді жүкті, бала емізіп жүрген және сүт безінің көлемі өте кішкентай әйелдерге жасауға болмайды.

Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтауда еліміздегі  маммографиялық аппараттардың жетіспеушілігі де кедергі келтіруде. Мәселен, біздің аймақта аталған дертті анықтауға арналған алты аппарат бар. Оның үшеуі Мұғалжар, Шалқар, Алға ауданында болса, қалғаны қаладағы №2 кеңес беру диагностикалық емханасы мен  отбасын жоспарлау орталығында және Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық  медицина орталығының кеңес беру диагностикалық орталығында орналасқан. Облыс тұрғындары  осы алты аппарат арқылы тексеріледі.

Қаладағы барлық емханаларда қатерлі ісіктің белгілерін анықтауға арналған арнайы ультра-дыбыстық зерттеу аппараттары бар. Аппараттардың барлығы да заманауи, сапасы өте жоғары.  Сондай-ақ маммографиялық аппаратта арнайы оқытудан өткен  рентгенолог дәрігерлер жұмыс істейді. Мәселен, бір маман-дәрігер жылына бір ауысымда 2640 әйелді тексеруден өткізе алады. Дегенмен, бұл салаға әлі де маман жетіспей жүр.

Әйелдің сүт безінде қандай да бір өзгерістер байқалған жағдайда дәрігер-маммологтың немесе онкологтың кеңесін алу қажет. Сүт безінің қатерлі ісігі төрт сатыдан тұрады. Бірінші және екінші  сатыларда емделуі мүмкін, ал үшінші  және төртінші  сатылар қауіпті саналады. Алайда әйелдердің басым көпшілігі бұл мәселеде сауатсыз және онколог-дәрігерге қаралуға жүрексінеді. Тіпті, жаппай тексеру кезінде  және ашық есік күнінде де өз бетінше келетіндер аз.  2004 жылдан бастап жыл сайын облыс бойынша  ашық есік күні ұйымдастырылады. Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабар таратудамыз, – деді Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті клиникалық  медицина орталығының  онкология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғарғы санатты дәрігер-онколог Сағынғали Дүйсембеков.

Ал отбасын жоспарлау орталығының рентгенологы Шолпан Кенжалина:

Осы орталыққа 2006 жылы маммографиялық аппарат әкелінді. Аппаратты әлемдегі медициналық құралдарды шығаратын жетекші «Дженерал Электрик» компаниясы шығарған. Аппарат аналогтық, алайда сандық жүйе болғаны әлдеқайда тиімді. Өйткені қазір барлығы сандық жүйеге көшіріліп жатыр. Осы аппарат арқылы  50-60 жастағы әйелдерге скрининг жүргіземіз. Және емханалар сүт безінде ісіктің белгілері бар әйелдерді  арнайы жолдама арқылы осында жібереді. Сондай-ақ 40 жасқа дейінгі әйелдер ультра-дыбыстық зерттеу аппараты арқылы қаралғаны жөн. Өйткені жас адамдардың сүт безі осы аппарат арқылы жақсы тексеріледі,- деді.

Мамандар қатерлі ісікке 30 жасқа дейінгі азаматтардың сирек шалдығатынын айтады. Ал 40 жастан кейін адамдардың  қатерлі ісікке шалдығуға бейімділігі күшейеді екен. Жалпы, мамандардың айтуынша сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына ықпал ететін факторлар өте көп.  Бірінші – майлы, қуырылған және қақталған тағамдарды жиі пайдалану, алкогольді ішімдікке салыну, аз мөлшерде болса да сыра ішу және  радиация, зиянды газ, улы химикаттар мен синтетикалық бояулардың ұзақ мезгіл ағзаға әсер етуі. Екінші- әйелдердің сексуалдық, реппродуктивтік және лактациялық функцияларына байланысты, яғни  25-50 жас аралығында әйелдердің он жыл  немесе одан да ұзақ уақыт жыныстық қатынаста болмауы. Сонымен қатар түсік жасату, бі­рінші босанудың 28 жастан кейін болуы, баланы ерте емшектен айыру, т.б жағдайлар қатерлі ісікке шалдығуға өз әсерін тигізеді. Ал үшінші- сүт безінің ауруы, гинекологиялық, бауыр ауруы, сары ауру, артық салмақ, қант диабеті, жатырдан қан кету, қалқанша без жұмысының бұзылуы, артериялық гипертензия,  сүт безінің, жатырдың жарақаттануы.  Төртінші – тұқым қуалаушылық, яғни жақын туыстарының бірінде сүт безі қатерлі ісігінің болуы. Осылардың барығы қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал етеді.

Сондай-ақ ауруға шалдыққан әйелдің сүт безінде түйін немесе томпайған белгілер байқалып, сұйықтық бөлінеді. Және адам ұдайы ауырсынып, шөлдейді, зәр қысып, лоқсып, іші жүрмейді,  мінез-құлқы өзгереді.  Қолтық астында, қол бойында ісік пайда болады. Қатерлі ісікпен ауырған науқастар қатты шаршап, қажиды, әлсірейді. Бұл  бірнеше күн, тіпті апта, айға созылуы мүмкін. Науқастың аяқтары ауырып, баспалдақпен жоғары көтерілуі,  кіш­кене қашықтыққа жүруі қиындайды. Күнделікті жұмыстардың өзі  өте ауыр тиіп, қатты қалжырайды. Сондықтан мамандар сүт безі қатерлі ісігінің  пайда болуының алдын алу үшін, жүктілікті міндетті түрде сақтау және сәбиге 11-12 айға дейін емшек емізу және қайта жүкті болу жиілігі мен жүк­тілік санын қазіргі кезде бар контрацепция тәсілдерін пайдалану жолымен реттеу, сәбиді емшектен бірден айырмай, біртіндеп емізбеу тәсілін  ұсынады. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button