Басты жаңалықтар

Әбдіқанидың қолтаңбасы

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Адамдардың қарым- қатынасы өте күрделі ғой. Өмірде кездескендердің бәрімен бірдей жарасып, жолдас болып кете алмайсың. Ал солай көңіл татулығына жеткен азаматтардың көпшілігімен қалай жолығысып, үйлесіп кеткен сәттерің есіңде де қала бермейді екен. Менің Әбдіқанимен  де алғаш қалай кездескенім есімде жоқ. Ол Шалқарда, мен Ойылда, яғни екі қиырда туып-өскенбіз. Бір мүшелге жуық жас айырмашылығымыз және бар.Бірақ соған қарамастан қатар-құрдас сияқты дос, жолдас  боп кеттік. Тіпті, шынымды айтсам, үлкендігін сезініп аға деген де емеспін. Жас айырмашылығын елеместен кездескен жерде әзілдесе кетуші едік. Ұшырасқан жерде:

– Әңгіме айтшы, – деп бастайтын марқұм сөзін. Соны біліп мен де Әбекеңді көрген жерден-ақ бір қызықты, күлдіргі әңгімені қармана бастаушы едім. Оным кейде сәтті, кейде сәтсіз шығады. Егер, сәтті шықса, мәз болып, көзінен жас аққанша күлетін. Айналадағы көпшілікті, басқа тірлікті түгел ұмытып, тек екеуміз қалғандай ашылып, әңгіменің тиегін ағытар еді. Ондайда сап етіп жан-жақтан әңгіме тыңдауға жинала қалғандар да қаумалай кететін. Енді Әбекеңнің әңгімесінен әлгі жиналған адамдардың езуі жиылмайды. Ауызша әңгіменің мұндай шеберін талай жерді аралап, талай адамдармен кездесе жүріп, көрген емеспін. Бір отырыстың өзінде күлкілі жағдайлы әлденеше әңгіменің бірінен соң бірін төгілтетін. Кейде аяқ астынан сонша күлкілі хикаяны қайдан тауып жатыр деп таң қалушы едік.

Ол салдырлаған ақкөңіл жан еді. Қандай қызмет атқарса да өзін бір қалыпты ұстайтын. Қайда барса да, ең әуелі жолдас-жораларын төңіректейтін. Сондағысы – өз әріптестерін, әңгіме-дүкен құратын ортасын іздейтін. Сірә, мұны тек біздің өңірге келгенде емес, өзге жерлерде де әдетке айналдырып, серік еткен сияқты. Қазір кейінге көз жіберсем, екеуміз Ойылға келген ертеректегі сондай бір сапарында жараса кеттік-ау деп ойлаймын. Осы достығымыз, көңіл жарастығымыз ұзаққа созылды.

Жаратылысында ақын, қазақы сөздің мәйегін бойына сіңірген, қазақ тілі мен орыс тіліне бірдей жүйрік Әбекең  өмірде өзін жұпыны қып көрсетуден жаңылған емес. Өзін тым қарапайым ұстап, Қызылорданың педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқығанын да, осында ағылшын тілін меңгергенін де, Сағи Жиенбаев сияқты қазақтың белгілі ақынымен жолдас боп бірге жүріп, Зейнолла Шүкіровті арқалағанын да елеусіздеу қып жол-жөнекей айтатын. Әбдіқанидың журналистикаға келуі де қызық.1962 жылы Қызылорда педагогикалық институтынан КазГУ-ге  төртінші курстан ауысады. Филология факультетінің сол кездегі деканы Тауман Амандосовқа кіріп, «Зейнолла Шүкіровтің інісі едім» деп шаруасын айтады. Сонда декан студентті журналистика бөліміне қабылдап тұрып: «Білемін, сені қабылдауға бұйрық берілді. Негізі бірінші курстан қабылдау керек еді. Бірақ Жазушылар одағы ақын Зейнолла Шүкіровті  үш жыл арқалағаныңа риза болып, бізге қабылдауды өтінді. Сабақтағы айырмашылық та көп. Отыз алты пәннен қосымша емтихан тапсырасың. Үлгеріп кетесің, мына жолдастарың жәрдемдесер, көмектесеміз» дейді. Сөйтіп, декан бүгінгі қазақтың белгілі ақыны, байғаниндік Өтежен Нұрғалиевтің қасына қосады. Әбдіқани ағамыздың Зейнолла Шүкіровпен, Өтежен Нұрғалиевпен қаншалықты жақын жүргенін, оның кезінде облыстық газет бетінде жарияланған «Зейнолла ақынның махаббаты», «Шай құйды бір сұлу қыз…» эсселерінен аңғаруға болады. Қазіргі жастар дүниеден ерте өткен, қызылордалық Зейнолла ақынды біле бермеуі де мүмкін. Ол қаршадай бала күнінен екі аяғы сал болып, өздігінен жүріп, тұра алмай, дүниеден мүгедек болып өткен адам. Әбекең соның хатшысы ретінде, үнемі жанында жүріп көп арқалаған. Алматыға емдетуге әлденеше мәрте бала құсатып құндақтап көтеріп барған. Қазақстан Жазушылар одағы ара тұрған. Өкінішке орай, сырқатқа ем қонбаған, еш дауа болмаған.

Ал Әбекеңнің университеттен кейінгі еңбек қадамы туралы бірге өскен досы Сәндібай қажы Имағамбетов былай деп еске алады:

– КазГУ-ді бітіргеннен кейін ол Шалқар ауданына жолдамамен жіберілген екен. Қызмет бабымен 1964 жылы Шалқар ауданына барғанымда Әбдіқани кездесіп, «Сәке, журналист інің ағылшын тілінің мұғалімі болып жүр. Мамандығымның маңын көретін емеспін», – деді. Сол кездегі аудандағы партия комитетінің басшысы марқұм Алдияров Төлеу болатын. Темірде бірге қызмет жасадық. Сол кісіге Әбдіқаниды апарып, «Төке, мына жігіт Аймағамбеттің баласы, мен Имағамбеттің баласы», – дедім. Содан ол өз мамандығы бойынша аудандық газетке жұмысқа орналасты, еңбегі жеміссіз болған жоқ, кейін облыстық газетке бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісы болды. Менің сол сөзімді үнемі айтып отыратын еді. Жалпы, Әбдіқаниды бала кезінен білемін, екеуміз бір ауылда өстік. Бала кезінен өлең шығаруға құмар болатын. 8-класс оқып жүргенде-ақ, аулымыздың атақты жылқышысы , Социалистік Еңбек Ері Кенжебай Жүсіпов туралы топтама өлең жазып, суретімен «Жұлдыз» журналына шығарған еді. Бірақ кейінірек өлең жазуын сиретіп, біржола журналистикаға бет бұрды.

Осылайша әуелі аудандық, арада бес- алты жыл өткесін облыстық «Коммунизм жолы» газетіне қызметке  тұрған жас журналист:

Кеңдікті мінезіме дала сыйлап,

Өзіңде ақыл толды, сана ширап.

Туған жер, жатырқама, қабағыңда аш,

Кешегі мен ұлыңмын қара сирақ, – деп өлеңдетіп айқайлап келгенмен, айтулы ақындардың тобына қосыла алмайды. Жазған жырлары оқта-текте мерзімдік баспасөз беттерінде ғана көрінеді. Есесіне оқырмандармен облыстық газет бетінде журналистика жанрларымен жиі қауышады. Әсіресе, алпысыншы жылдардың аяғы мен жетпісінші жылдардың басында өндіріп жазып, өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырады. Ал адал еңбек, маңдай тер қашан да еленбей қалмайды. Әбдіқаниды оқырман қауым танып қоймайды, өздерінде қызмет істеуге лайықты деп бағалап, республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті  жұмысқа шақырып, Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші етіп тағайындайды. Ол жөнінде Әбекеңнің әріптес інісі , белгілі журналист Амангелді Смағұлов:

– Ағамыздың шығармашылығы, баспасөздегі қызметі өз алдына бөлек әңгіме. Аудандық облыстық, газеттерде қызмет атқарып, кейіннен ұзақ жыл республикалық аға газет «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») облыстағы меншікті тілші қызметін атқарды. Үлкен беделге ие болды. Қазір облыстың қай жеріне барсаң да, «пәлен жылы бізге Әбекең келіп еді» деп айтып отырады. Айтқанда да сондай бір жылы ықыласпен, үлкен құрметпен айтады.Содан басталған әңгіме ұзаққа созылып кететіні де бар. Себебі  «Әбекең үй деп еді, бүй деп еді» деген естеліктер ағытылады. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген сияқты, жайсаң адамның жайсаң сөздері де есте қалғаны ғой, – деп еске алады.

Иә, Әбекеңнің асыл сөздері далада қалған жоқ. Ол біркездегі облыстық «Коммунизм жолы» мен бүгінгі «Ақтөбе» газетінің әр жылдардағы тігінділерінде тұр. Елдің аузында жүр. Рас, көзінің тірісінде ағамыз жазғандарын, жиған-тергендерін жариялауға, басын құрап кітап етуге құлықсыздық танытты. Алайда, қазақта «Қап түбінде біз жатпас» деген сөз бар. Әбекеңнің де ел арасындағы өлмейтін сөздері, қоржынында қалған жазбалары өзі дүниеден өткеннен кейін көп кідірмей жарық көрді. Жары Балсұлу, балалары әр жылдардағы шығармаларын жинап, басын құрап, «NOBEL» баспасынан «Адамды сүйем» деген атпен көлемді кітап етіп шығарды.

Қай ауылға барсаң да бүгінде ел арсында «Әбдіқани айтыпты» деген сөздің талайын естисің. Соның бірі былай келеді: – Сексенінші жылдардың аяғы болса керек. Дүкен сөрелерінен арақ жоғалып, ел талонға қараған кез. Әбекеңнің үйінде бір қуаныш болып, қонақ көп жиналады. Асаба жігіт кезек-кезек тілек айтқызып, орайы келсін, келмесін қонақтарға алдырта береді. Әне-міне дегенше арақ та таусылуға айналады. Сонда Әбекең асабаның құлағына:

– Шырағым-ау, менің арақ зауытының директоры емес екенімді білетін сияқты едің ғой, – деп сыбырлаған екен. Аяқ астынан сөз табатын мұндай жігіттерді қазақ от ауызды, орақ тілді деп бағалаған. Әбекең сондай азамат еді. Оның өткір әзіл-оспағын іздеген оқырман жетпісінші жылдардағы «Коммунизм жолы» (бүгінгі «Ақтөбе») газетінің тігінділерін ақтарсын.

***

Ғанидың ізі

Ғани Есмағанбет – қазақ журналистикасының есігін сонау елуінші жылдардың аяғында ашты. Алғашқы қадамын Қобда аудандық «Заря коммунизма» газетінен бастады. Жалынды жас аудандық комсомол комитетіне шақырылып, біразырақ жыл жастармен жұмыс істеді. Содан кейін аудандық «Еңбек туы» – «Знамя труда» газетіне жұмысқа ауысты. Осы шаңырақта бес жарым жыл еңбек етіп, газет жұмысына төселіп, ысылды. Кеңестік  заманның талабына сай, Алматы жоғарғы партия мектебіне жолдама беріліп, оқуға түсті. Оқуды бітірген соң облыстық «Коммунизм жолы» газетіне қызметке келеді. Демек, биыл 85 жыл толып отырған бүгінгі «Ақтөбе» газетінің тарихында  Ғани Бұрханаддинұлының да ізі қалған. Анау жетпісінші жылдардың басында газет бетінде күн құрғатпай жарық көрген  қолтаңбасы қалыптасқан журналистің мақалалары сол тұстағы оқырмандардың есінде болу керек. Алайда, ол мұнда көп уақыт жұмыс жасай алған жоқ. 1972 жылдың қыркүйек айында отбасы жағдайымен Алматыға оралды.

Осы кезден бастап астана қаламгерлері арасына сіңеді. «Қайнар» баспасында аға редактор болып орналасып, өзінің іскерлігімен көзге түсті. Редакция меңгерушісі қызметіне жоғарлады. Арада тоғыз жыл өткенде «Қазақстан ауыл шаруашылығы – Сельское хозяйство Казахстана» журналына қызметке келді. Екі тілге бірдей жүйрік журналист бұл журналда да және тоғыз жыл абыройлы қызмет атқарды.

Ел өзгеріп, қоғам жаңарғанда Ғани жаңадан ашылған «Атамекен» газетіне жауапты хатшы болып ауысты. Арада аз уақыт өткенде осы газеттің бас редакторы болды. Кейін қаржы мәселесіне байланысты ол газет жабылғанда, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының «Бастау» ғылыми – баспа орталығының директорлығына шақырылды. Осы баспа орталығынан шығатын «Вестник сельскохозяйственной науки Казахстана» және «Жаршы» журналының бас редакторы қызметін қоса атқарды. Жақсы журналист болумен бірге, қабілетті ұйымдастырушы Ғ.Есмағанбет баспаны қаржыдан қысылдырмай, журналдың сапасын ай сайын жақсарта отырып, қиын-қыстау жылдардан аман-есен алып шықты. Сөйтіп 1999 жылдың күзінде құреметті демалысқа шықты.

Жасы ұлғайған шағында туған жерін аңсап, Ақтөбе қаласына қоныс аударып, жерлес достарының, жолдастарының арасына оралып еді. Дін жолын ұстанып, балаларына, отбасына бас-көз болып отыр еді. Ойда жоқта таяуда көлік қағып кетіп, жетпіс үшке қараған жасында қайтыс болды. Сөйтіп бала күнен бірге ойнап өскен, жастығымыз бірге өткен, қайда жүрсек те аңсап көрісетін қимас досымыздан айрылдық. Адамшылығы, кісілігі қандай еді?! Алтынды ердің қасы сынды азамат еді.

Мұхамедяр ҚАНАШЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button