Әлеумет

Бұқара

Ілтипат

Ұям мен ұстаздарым

Дәурен Симағамбетов – №36 Ақтөбе орта мектебінің түлегі. Осы білім ордасынан шыққан «Алтын белгі» иегері. Қазір Қазақстан-Британ техникалық университетінің озат студенті. Дәурен біздің газет арқылы алтын ұя мектебіне деген ыстық ықыласын білдіргісі келеді.

Қолыма қалам алып, ұстаздарыма деген  ризашылығымды білдіруге түрткі болған – мектебімнің «Үздік жалпы білім беретін мектеп» номинациясы бойынша облыс әкімінің грантына ие болуы.

Осы мектептен алып шыққан білімімнің салмақты екені жоғарғы оқу орнында да көрінді. Оқу озатымын. Бұл – менің өзімнің еңбекқорлығымның ғана емес, мектептегі аяулы ұстаздарымның өлшеусіз еңбектерінің арқасы. Қалам ұстатқан алғашқы ұстазым Бибігүл Бөлебаеваның еңбегі ұшан-теңіз. Ұстазым біліммен қоса имандылыққа да баулыды. Бастауыштан алған біліміммен орта буын ордасына бардым. Осы ортада менің білімдегі, өнердегі жетістіктерім басталды. Физика пәнінің мұғалімі Жексен Жылгелдин ағайыммен кей күндерді 4-5 сағат бойы физика әлеміне кіріп кетіп, айналаны ұмытып, физиканың небір қыр-сырлары туралы қызу тартыс болатын. Анам телефон шалып шақырғанда ғана үй есіме түсетін. Оқушыға жете үйрете білген, өз мамандығына  жан-тәнімен берілген Жексен ағайымның әр оқушысының жүрек түбінен алар орны бөлек. Физиканың нәрімен сусындатуы арқасында біразымыз техникалық мамандықты таңдадық. Ағайдың алдында бірге сабақ алған балалар әркез біргеміз, доспыз. Футболды бірге ойнадық, бірге табиғат аясына шықтық, бірге жүріп, бірге қыдырдық. Мұның өзі ағайымның біліммен қоса, достыққа да баули білуінде деп есептеймін.

Мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық жарыстар мен олимпиадаларға қатысқанда да әркез жанымнан табылатын  сынып жетекшім Әлия Қияқбаева апайым өз анамнан еш кем болмады. Әлі күнге дейін Әлия апайыма арқа сүйеймін. Саналы ғұмырын шәкірттер тәрбиелеуге арнап, мектепті өз үйіндей, шәкірттерін өз баласындай көретін Шайзада Орынбасарқызындай басшысы бар мектептің болашағы тұғырлы да табысты болатынына сенімдімін. Менің Қазақстан-Британ техникалық университетін таңдауыма да осы Шайзада Орынбасарқызының айтқан ойы түрткі болды. Университеттің ашылуына  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев себепкер болған екен. Бұл жерде республикамыздың түкпір-түкпірінен келген дарынды балалар оқиды. Маусым айында университет әлемдік стандартқа сай аккредитациядан өтіп, халықаралық үлгідегі диплом беру сертификатына ие болды. Қазір осы оқу ордасында білім алып жатқаныма еш өкінбеймін. Алғашында  мектебімнің сенімін ақтай аламын ба деген күдік те болды. Бірінші семестрді аяқтап, қысқы демалыс кезінде мектебімдегі ұстаздарыма сәлем беруге барсам, мен оқитын университет әкімшілігінен оқу үлгерімімнің нәтижесін айтып жазған Алғыс хат алып қуанып отырған ұстаздарымның жарқын жүздерін көріп, ерекше күйде болдым.

Мені мақтаныш тұтып, мектеп қабырғасына екі стенд жасап қойыпты. Ол аздай «Шоқтығы биік шын тұлпар» атты журнал мен  «Үлкен қоңырау» атты газет шығарыпты.  Осының бәріне мұрындық болған  Ғалида Абылайқызына айтар алғысым тіпті ерекше. Деректі материалдарды жинап, үйлестіріп шығаруға қанша алтын уақыттарыңыз кеткенін мен жақсы түсінемін. Кісі баласының жетістігіне қуанып, мақтана білетін ұстаздарым менің! Ұстаздар  Ғалида апайдай-ақ болсын!

Қаншама қауырсын қанат балапандарыңыз қыран боп түлеп самғап ұшып жатыр.

Білім жолында жетістіктерге жетуім осы ұстаздарымның арқасы. Сондықтан облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Жетістіктеріңіз құтты болсын! Қашан да алдыңғы сапта, биіктерден көріне беріңіздер, ұстаздарым, алтын ұя мектебім! 

Дәурен СИМАҒАНБЕТОВ,

ҚазақстанБритан техникалық университетінің 3курс студенті.

Отбасы

Он төрт баланың шаңырағы

немесе Надяның қадамы

Қобда аудандық отбасы үлгісіндегі балалар үйінде аудан басшылығы балалармен кездесіп, жаңа оқу жылымен құттықтады. Осы балалар үйінің тәрбиеленушісі Надя Березан биыл Қобда орыс орта мектебінің  9-шы сыныбын аяқтап, Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжіне тегін жолдамамен оқуға түсті.

Отбасылық үлгідегі балалар үйінде қазір 14 бала тәрбиеленіп жатыр. Балалардың үлкені Алена Мыц Қобда орыс орта мектебінде 11-сыныпта оқыса, ең кішісі Женя 2-сыныпқа барды. Балалар үйінің 8 баласы бүгінде Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжінде технолог, қаржыгер сияқты мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Балалардың алды 22 жастағы Маринель Мыц

Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылық колледжінің 3-курсында оқиды. Ол алғашқы еңбек жолын Қобдадан бастағысы келетіндігін айтады. Ал болашағынан үлкен үміт күттірген жас боксшы Александр Фырфа – аталған оқу орнының 2-курс оқушысы. Болашақта былғары қолғаптың шебері болуды армандайтын Саша демеуші болмағандықтан, әзірге боксқа белсене кірісе алмай жүр.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан 14 балаға аудан басшылығы қолдау көрсетіп отыр. Өткен жылдары балаларға сауын сиыр алып беріп, қора салдырды. Қазір малдың басы көбейіп, балалар қыста кезек-кезек мал жайлайды, сиырларын жазда өрістен айдап әкеледі. Әр мереке сайын аудан кәсіпкерлері, мекеме басшылары, қайырымды азаматтар балаларға сыйлықтар табыстап жатады.

Биыл он бала қала жанында ашылған жазғы «Достық» лагерінде демалды. Екі бала Тараз қаласында «Тау самалы» лагерінде, көбісі Алға қаласындағы «Шипагер» сауықтыру орталығында болып, Астана, Көкшетау қалаларына саяхаттап қайтты. Алена мен Надя биыл алғаш рет «Жасыл ел» жасағында бір ай бойы жұмыс жасап, алғашқы еңбекақыларын алды. Надя Березанды оқуға шығарып салуға аудан әкімінің орынбасары Б.Елеусінова, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы А.Оразова, Қобда ауылының әкімі А.Жолдыбаев, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Е.Бажраев және аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты. Олар Надяға ақ жол тілеп: «Мықты маман ретінде ортамызға қайтадан оралуыңды күтеміз», – десті.

Надя мектепте өте алғыр оқушы болды, түрлі өнер үйірмелеріне қатысты. Ол қазақ тілінде таза сөйлейді, бос уақытында күй тартқанды жақсы көреді. Облыстық білім бәйгелерінің жүлдегері атанып жүр. Осыдан екі жыл бұрын ол Италияға саяхатқа барды. Бала кезінен орыс мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуды армандап өскен қыз енді оны жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.

Қазақ тілін терең меңгеріп, оны өзге ұлт өкілдеріне үйрету – алдыма қойған мақсатым. Бәрін де, әсіресе, тіл үйретуді бастауыштан бастау керек деген оймен Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжіне бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Қазақ тілін оқытатын мұғалімді даярлайтын арнайы бөлім биыл белгілі бір себептермен жабылып қалыпты. Үш жыл оқып келген соң, жұмысқа орналасып, жоғары білім алуға тырысамын, – дейді ертеңгі күнге сеніммен қарайтын Надя.

Арайлым ШОЙМАНОВА.

Шаруа

Үш үйдің тұрғындары

Өткен жылы жаңадан селолық округ болып құрылған Жайсаңбай ауылында бірқатар жаңалықтар жүзеге асуда. Биылғы маусым айында осында ауыл жастарының аудандық спартакиадасы өтті. Демеушілікпен стадион салынып, бүгінде жастардың бос уақытында спортпен айналысатын орынға айналды.

Сонымен бірге биыл ауылда жеке тұрғындардың күшімен үш тұрғын үй салынды. Ғани Бисенов, Нұрбақыт Қалмашев, Бәкен Құлжаев сияқты азаматтар өздеріне баспана тұрғызып алды. Осындай жаңадан үй тұрғызған жігіттердің бірі Ғани Бисеновті әңгімеге тартқанбыз.

Үйдің құрылысын биылғы жиырмасыншы шілдеде бастадым. Алдымен іргетасын құйып, төрт мың бес жүз кірпіш бастым. Үйдің төбесін жабатын материалдарды Ақтөбе қаласынан алдырттым. Бұйыртса, бір миллион теңгенің үстіндегі қаржыға баспана дайын болғалы тұр, – деді ол күліп.

Ғани тәрізді азаматтың мұндай ісі ауылдастарына да үлгі болуда. Үйдің есік-терезелері еуроүлгідегі материалдармен жабдықталған. 32 жастағы жігіт биыл жаңа қонысқа кіруді жоспарлап отыр. Мектепте мұғалім болып қызмет жасайтын зайыбы, үш баласы бар азамат осылайша ешкімге алақан жаймай-ақ, өз еңбегімен баспана мәселесін шешпек.

Аудан орталығынан жүз отыз шақырым қашықтықта орналасқан жырақтағы Жайсаңбайда осындай игілікті шаралардың қолға алынуы құптарлық.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Зейнет

Тракторшы Қырмызы

Қажырлы еңбегінің арқасында көпшілікке танылған қарапайым еңбек адамының жүріп өткен жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге  боларлықтай…

Әңгімемізге арқау – Кішіқұм селолық округіне қарасты Қарашоқат бекетінің тұрғыны, «Тоғыз» кеңшарында көп жыл трактор жүргізген еңбек ардагері Қырмызы Садықова – кезіндегі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Ол 1947 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданының Сексеуіл стансасында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген.

Мектепті аяқтағаннан кейін механизаторлар курсын оқып, еңбек жолымды Арал ауданындағы Құланды жылқы зауытында тракторшы болып бастадым. Сондай-ақ, Құландының тұрғындары судан қашық орналасқандықтан, олардың күнделікті ауыз суларын «МТЗ-50» тракторына тіркеме тіркеп, тасыдым. Еңбегімнің нәтижесі болар, міне, сол күннен бастап мені ауданда, облыста өтетін түрлі жиындарға шақырып, құрмет көрсетті.

1968 жылдың көктемінде отбасыммен «Тоғыз» кеңшарына көшіп келісімен, сол жұмысымды қайта жалғастырдым. Кеңшардағы мал қыстақтарының салынып жатқан уақыты болатын, трактормен соған құрылыс материалдарын тасыдым. Кейіннен №1 фермада қанша шөп шабылса, солардың бәрін бір өзім трактормен жинайтынмын. Кеңшар директоры – Социалистік Еңбек Ері, марқұм Нағым Қобыландин жаңа трактор келсе, соны маған беретін. Сеніп тапсырылған техниканы мүмкіндігінше күтіп, таза ұстауға тырысатынмын. Қысқасы, біз күн демей, түн демей жұмыла жұмыс істедік. Еңбек бәрін де жеңбек, – дейді кейіпкеріміз.

1968 жылы Қырмызы әже Қази атамен отбасын құрып, кеңшарда бірге механизатор болып жемісті еңбек етеді.

1971 жылы жарыққа шыққан «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттары» деген кітаптағы мәліметтерге қарағанда, ауданымыздағы село қыздарының ішінен бірінші болып трактордың рулін қолға алған Қырмызы Садықова сменалық жұмыс нормасын ұдайы асыра орындаған. Соңғы үш жылдың ішінде 835 кг. жанар-жағар май материалын үнемдеген. Осындай еңбектері үшін ол «Құрмет Белгісі» орденімен және «Ерлік еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» мерекелік медалімен наградталған.

Кейін тракторды қойып, «Жеңіс» комсомол жастар бригадасына жетекшілік етеді. Мұнда да алдыңғы қатардан көрінеді. Айталық, жұбайы Қази ата Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалін иеленеді. Бригада тарағаннан кейін өз алдарына бір отар қой алып бағады. Қандай еңбектері болмасын өзінің лайықты бағасын алды.

Он төрт жыл бұрын Қырмызы әже отбасымен Қази атаның туып-өскен жері Қарашоқатқа көшіп келеді. Өткен ғасырдың басында ағартушы-педагог Спандияр Көбеев мектеп ашқан бұл жерде 2004 жылы Қарашоқат мектебінің ашылуына да Қырмызы әже ықпал етіпті.

– Сол кездегі ҚР Білім және ғылым министріне мектептің тарихы, ауылымыздың тұрмысы, жыл санап бала санының көбейіп келе жатқандығы жөнінде хат жолдадым. Бұл ұсынысым оң шешімін тапты. Қазір мектебіміз ауылдықтардың үлкен қуанышына айналып отыр. Халық үшін жасаған еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Ауылда үй салғанымызда да аудан әкімі Рахат Сыдықов, №8 Шалқар жол дистанциясының бұрынғы директоры, аудандық мәслихаттың депутаты болған Серғали Жайлаубай және ауыл әкімі Құсайын Сәрсенбайлар көмек берді. Осы азаматтардың еңбектеріне табыс тілеймін, – дейді Қырмызы Ілиясқызы.

Жастайынан еңбекке араласып, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан еңбек адамы бүгінде де бос отыруды жөн санамайды. Ол тігіншілік кәсібімен айналысады. Қырмызы әже жыл сайын ораза ұстайды. Намазын да қаза қылмайды. Балалары мен немерелеріне «бейнет түбі – зейнет» екенін айтып, еңбекқорлыққа тәрбиелеп отырады.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Мұра

Ізгі адамның ізі

Жақында «А-Полиграфия» баспасынан соңында жарқын із қалдырған азамат

Көпжасар Оспағамбетовтің «Өмір-дәурен» жинағы жарық көрді. Жинақты құрастырып, баспаға ұсынған оның ұлы – Нұрлан Көпжасарұлы.

Кезінде Гурьев педагогикалық институтының тарих, қазақ тілі және әдебиет факультетін үздік дипломмен бітірген Көпжасар Оспағамбетұлы ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті, мектеп директоры болды. Кейін Темір қалалық кеңесінің төрағасы, Шұбарқұдық кентінің әкімі, аудан әкімінің орынбасары тәрізді қызметтер атқарды.

Қай қызметте жүрсе де ол қаламын қолынан түсірген жоқ. Студент кезінен бастап жазған өлеңдері әр кезеңдерде облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды. «Жазушы» баспасынан «Хат» деп аталатын жеке жыр жинағы жарық көріп, топтама өлеңдері бірнеше жинақтарға енгізілді.

Қалың жұртшылыққа ұсынылып отырған «Өмір-дәурен» кітабына туған жер, жастық шақ, асыл махаббат, өмір туралы өлеңдері, сондай-ақ, әр жылдары жазған поэзия, өнер туралы мақала, очерктері іріктеліп алыныпты.

Кітаптың алғысөзінде белгілі ақын ағамыз Мұхтар Құрманалин: «Көпжасар Атыраудың (ол кезде Гурьев) институтында оқып жүрген студент кезінде-ақ табиғи талантымен өлең өлкесіне батыл қадам басып, таныла бастаған екен. Бұл туралы қазақ әдебиетінің беделді қаламгерлерінің бірі, ақын Фариза Оңғарсынова қатар жүрген құрбысы жайлы сөз болғанда: «Көпжасар студент шағында-ақ жарқ етіп көрініп, болашағынан көп үміт күттірген жалынды жастардың бірі еді. Кейін жоғарғы білімді ұстаз атанған кезде қоғамдық жұмыстардан қолы босамай, қаламын ұштай түсуге мұршасы болмады ма, қымбат уақытын өткеріп алған секілді» деген еді. Иә, Темір ауданы аумағында басшы боп, қосшы боп, халқына қалтқысыз қызмет еткен азаматтың ел алдындағы борышы өлеңнен тыс өтелген болса, бұл да аз абырой емес», – деп жазады.

Жинақтың әр бөлімі өзінше сыр шертеді. «Атамекен – асқақ ән» және «Сағыныш симфониясы» бөлімдерінде ұстаз қаламгердің сан алуан тақырыптарға арналған лирикалық өлеңдері жинақталған. Ал тағы бір бөлім мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен очерктерін топтастырып тұр. Жинақтың соңындағы «Естеліктер» атты бөлімі Көпжасар Оспағамбетұлын жақсы білетін азаматтардың естеліктеріне арналыпты.

Қанды соғыс кезеңінде, 1942 жылы дүниеге келген қаламгер-ұстаз  күні кеше арамыздан өткенге дейінгі аралықта ел мен жұртқа еңбегі сіңгені үшін  көрсетілетін лайықты құрметке бөленіп жүрді. КСРО және Қазақ КСР-ы «Білім беру ісінің үздігі» белгілерімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, көптеген грамота, алғыстармен марапатталды. Естеліктерде Көпжасар Оспағамбетұлының қызмет бабында атқарған өрелі істері мен өнегелі үлгілері айтылыпты.

Абзал аға өлеңдерінің бірінде:

«Елді ойлаймын,

Ақын болып, кісі боп,

Жерді ойлаймын ұлы болып, кіші боп.

Көз алдымда бүкіл дүние дидары,

Көңіл –  таза,

Кеудем – жалын.

Ішім – от», – деп жазған екен.

Расында да Көпжасар Оспағамбетұлы әу баста өмірді өте шығатын аумалы-төкпелі дәурен ретінде емес, ер-азамат кейінгі жұрт сүйсініп айтатындай із қалдырар ғұмыр деп түсінгені оның өлеңдерінен де, атқарған істерінен де анық байқалады.

«Өмір-дәурен» – сол кезеңдердің бір белгісі.

А.БАЛЖАНАЙ.

Бүгінгі әңгіме

Дағдарыстың дауасы

Дүние жүзін темір құрсауына алған қаржы дағдарысынан қалай шығу жолдарын сарапшылар мен үнемшілдердің (экономистердің), Үкіметтің үлесіне қалдырып, біз ауылдағы қара шаруа Малдыбайдың қам-қарекетіне зер салып көрелік.

Бүгін Малдыбайдың қойының кезегі. Күн ұясынан шыға ол ауланың аузын ашып, қойды өріске беттетті де, күрең қасқаны мама ағашқа байлап, әйелі Жанымайға дауыстады.

– Жанымай, мен сәресімді ішіп алайын, атты ерттеп, суарып қой, – деп үйге беттеді.

Малдыекең дәрігердің кеңесімен диетаны қатты ұстанады. Шкафта тұрған бір таба нанды қақ ортасынан омырып алды да, бәңкі толы қаймақпен жәукемдеп, соңынан тегештегі шұбаттан екі кесесін және жылжытып жіберді. «Түске дейін қарным аша қоймас», – деп күбірлеп қойды ішінен.

Малдыекеңнің салмағы керзі етігімен қосқанда 134 келі. Атқа мінген кезде күрең қасқаның белі майысып барып түзеліп кетті. Қой Шотанға келіп, майқара жусан мен мортыққа жабылып жатқанда Малдыбай да соңынан жетіп, биіктеу жерге орналасты. Арқасын көк бұтаға сүйей отырып, қонышынан кешегі келген «Егемен Қазақстанның» соңғы номерін суырды.

Бірінші бет ресми хабарлар екен. Екінші бет «Жол картасына» арналып, үшінші бет «Дағдарыс. Дағдарыс…» деп айқайлап тұр. Мәссаған, мына елде миллиондаған жұмысшы қысқарыпты, мына бір елде банктер банкрот болыпты, француздар өтпеген машиналарын өртеп жатыр екен («Бір бұзаулы сиырға маған неге бермейді екен?» – деп қойды ішінен). Иә, дағдарыс, дағдарыс… «Осы дағдарыс маған не істейді екен?», – деп газетті бетіне жауып, біраз ойланып жатты.

Осы қойдың ішінде Малдыбайдың төлімен есептегенде 200-дей қойы бар. Әкесі марқұм жиырмадан артық жандық ұстамайтын. Нағашы келсе бір қозы, жиен келсе тағы бір қозы, құда мен құрдас келсе тағы сол… томпылдатып бауыздайды да жатады.

Бұған қой жинауға түрткі болған құрдасы Қойлыбайдың тіршілігі болды.

Кешегі аласапыранның кезінде құрдасының 40-50 қойы бар еді, айналасы 7-8 жылда мың бас болып шыға келді. Содан Қойлыбай Ақтөбеде қоларба сүйреп жүрген екі баласын әкеліп қойға салды. «Міне, сендерге жұмыс керек болса. Осы қойдан 500 қозы алсаңдар, әрқайсыңа 100 қозыдан беремін», – деп қойды балаларына. Қазір Қойлыбайдың екі баласының астында сусылдаған екі «УАЗ». Қажет болса, Шалқарға екі күннің бірінде барады. Ішкендері алдында, ішпегендері артында,

Ал Малдыекең… Бір жағынан әйелі қыңқылдап, бір жағынан өзі намыстанып, екі-үш жыл қойға тимеп еді, 100 басқа жетіп барды. Өткен қысқа түскен 100 бас биыл 200 болды.

…Қой жайылып жатыр. Енді Малдыбай «Қысқа түсу бағдарламасын» жасауға кірісіп кетті. «Та-ак», – деп қойды да, саусақтарын бүге бастады. Осының ішінде 10 бойдақ қой бар. Аман болса, қыс түсе бесеуін қаладағы қыздарына, бесеуін келін, балаларына береді. Сатсын, мейлі, сойсын, мейлі, өздері білсін. Енді 50 тоқтыны қою-сұйығы аралас 7 мың теңгеден сатса – 350 мың теңге. Оның 200 мыңына шөп, 150 мыңына жем алады. Қысқа соғымға алты жасар өгізді сойып алса, «ұзынсарыға» дейін жетіп қалар. Шай-суға кемпірі екеуіне 50 мың теңге жетіп артылады. Үш қыздың китінен келген жағалы киімдер қалған өміріне тоза қоймас. Малдыбайды қинайтын бір ғана жағдай – ауылға бұрылатын төрт шақырым жолдың нашарлығы, қыстың ақбас боранында жол қатынасынан зәбір көріп жүр.

«Әттең», – деп тағы да қиялға беріліп кеті ол. Елбасы биылғы Жолдауында селолық әкімдерге 50-100 миллион теңге аралығында ақша беремін деп еді. Береді ғой. Соның 5-10 бөлшегін Мәкеңе берсе, осы жолды өзі-ақ оңдап алар еді.

Жалпы Малдыекеңнің пәлсапасы бойынша, ауылдықтар «асыраушылар» да, қалалықтар «асырандылар». Әйтпесе нан мен ет, сүт пен көкөніс қайдан шығып жатыр? Бір ғана Малдыбайдың 50 тоқтысы қаншама қалалықтың қарнын тойдырады. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп жатыр. Демек, Малдыбайға Үкіметтен шамалы ғана қолдау керек.

Құрметті оқырман! Міне, біздің ауылдағы Малдыбайдың тыныс-тіршілігі осындай. Осы қалпында ол дағдарысыңа пысқырып та қарайтын емес. Аман болса, алдағы жылы баласына бұл да бір сусылдаған «УАЗ» алып бермекші. Әрине, алдыңғы орындықта өзі отырады. Алла тек амандыққа жазғай!

Сағитжан АЙДАРАЛИН,

Шалқар ауданы.

Тағзым

Жұрт жадында жатталған

Света Тәжібекованы облыстың денсаулық сақтау саласының аға буын өкілдері, әсіресе, Байғанин ауданының жұртшылығы жақсы біледі. Ақтөбе медицина училищесін бітірген соң отыз жылдан астам Жем-Сағыз өңірінде – алғашқыда Оймауыт ауылында, кейін аудандық ауруханада акушерка болып жұмыс істеп, қалың жамағаттың алғысын алған. Жүздеген ананы босану үстінде ауыр жағдайдан құтқарып, дүние есігін жаңа ашқан сәбилерге кіндік шеше атанды.

Апамыз өзінен гөрі осыдан он жылдай бұрын дүниеден озған отағасы Бақтығали Жазықов жайында ой қозғайды. Қолында – құжаттар, әр жылдары мерзімдік баспасөзде жарияланған материалдар, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, жоғары санатты оташы куәлігі, ауданда, облыста сайланбалы басшы органдар құрамында болғандығын анықтайтын жәдігерлер.

Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының алғашқы түлектері қатарында Бәкең өзі туып-өскен Байғанин ауданына жолдама алып, бірден-ақ еңбекқорлығымен, үлкен-кішіге жанашыр көзқарасымен көрінді. Соның нәтижесінде кейін ауданның бас дәрігер болып тағайындалды және бұл қызметті табан аудармай жиырма жыл атқарды. Онымен әріптес болған азаматтардың лебіздеріне назар аударалық.

Шекернай Ізтілеуов, зейнеткер, денсаулық саласының ардагері:

– Бақтығали Молдағұлұлы адами қасиеті мол, үлкен-кішімен шен-шекпеніне қарамай тіл табысқан, жаңалыққа жаны құмар азамат еді. Тәуліктің қай мезгілінде де сырқатқа кезіккен жанға қол ұшын беруге даяр тұратын. Бір мысал айтайын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басы. Темір жолдың Қарауылкелді мен Жарлы стансаларының аралығында жол бойында жатқан ұлты орыс азамат аудандық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы жан шошырлық, өзінде ес жоқ, ішек-қарны шашылып қалған, ұсақ тастар мен құмнан қай мүше екенін ажырата алмайсың. Ол кезде дәрігер-анестезеолог жоқ, наркозды бұрын бас дәрігер Бақтығалидың өзі ашық маска арқылы эфирмен беретін. Облыстан көмек күтудің жөні жоқ. Уақытты өткізіп алуға болмайды. Қасына бір әріптесін алып, бастығымыз ота жасауға кірісіп кетті. Бәкеңнің айтуымен наркоз беру маған жүктелді. Сондағы үшеуміздің ыммен түсінісіп, жан ұшыра қимылдағанымыз әлі есімде. Басшымыз шашылған ішек-қарынды фурацилинмен, физикалық ерітіндімен мүмкіндігінше жуып-шайып, тазалап, қанды тоқтатты, ішектің үзілген тұстарын тікті. Асептика, антисептика ережелерін естен шығаруға тура келді. Әлгі азамат бейнет шекпей, жарасы іріңдемей, құлан-таза айықты. Ауруханадан шығарда жанарынан жас парлап тұрып, қайта-қайта рахмет айта бергені есте. Бақтығали осындай кісі алаламайтын қасиетімен көптің жадында қалды.

Шалғай ауданда денсаулық сақтау күзетінде бізде уақытпен санасу мүлде болған жоқ. Бірде таңғы қараңғылықта келе жатып, автокөлігімізбен жол апатына ұшырадық. Жүргізушіден бастап кабинада отырған бәріміз жан-жаққа ұшып кетіппіз, әрқилы деңгейде дене жарақатын алдық, қозғалуға шамамыз жоқ. Ары-бері өткен көліктер тоқтамай өте шығатынын қайтерсің. Әйтеуір иманжүзді бір қазақ кезіккені. Оқиға салдарынан қабырғасы қатты ауырып, демін жөнді ала алмай тұрса да, Бәкең дереу әлгінің көлігіне отырып, Шұбарқұдықтан «Жедел жәрдем» көлігін мамандарымен алып келді, апатқа ұшыраған көлігімізді де далада тастамаудың қамын жасады. Бұл да Жазықовтың азаматтығына айғақ.

Кәдірбек Жәленов, зейнеткер, денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Мен ұзақ жылдар Ноғайты селосында, Сағызда дәрігерлік қызмет жасадым. Бақтығали Жазықов басшы болып тұрған тұста оның қамқорлығын айтарлықтай көрдік. Жұмыста кемшілік болса, көп көзінше шұқымай, оңашада ұғындыруға тырысатын. «Дәрігердің бір қателігі науқастың бар тағдырына кері әсер етеді» деуден танған жоқ. Институтта оқып жүргенде еркін күрестен 52-57 келі салмақта Ақтөбе қаласының чемпионы болған ағамыз жастарға спортпен шұғылданудың пайдасын айтудан жалықпады. Жауапкершілікті сезінгендіктен ғой, бір мезет басты кеңге салғанын көрмеппіз. 1967 жылдың қытымыр қысында түннің беймезгіл уақытында Алдабергенов деген баланы аудандық ауруханаға әкеліп салдым. Бәкең өзі диагнозын дәл анықтады, отаны да өзі жасады. Емделушінің ата-анасы қайта-қайта алғысын жаудырғанда  бәріміз үлкен жүктен арылғандай болдық.

Абзал азамат алпыс үш жасында жалған дүниемен қош айтысты. Дәтке қуат дейтініміз, соңындағы үш баласына шаңырақ көтеріп, немерелердің бетінен сүйді. Ұлы Мұңалбек пен қызы Әлия  ата-ана жолын қалады, бірі Ақтөбе қаласында, екіншісі Алға ауданының Тамды селосында дәрігер, келіні Ақмарал да осы салада.

Байғанин ауданының әкімдігі мен аудандық мәслихат бір топ азаматтардың тілегіне көңіл бөліп, Бақтығали Жазықов үзіліссіз жиырма жыл бас дәрігерлік қызмет атқарған аудандық аурухана ғимаратының қабырғасына мемориалдық тақта орнатуды жүзеге асырды. Ендігі ұсыныс – марқұмның құтты қонысы Байғанин селосында көшелердің біріне есімі берілсе, азаматтың еңбегіне орынды баға болар еді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button