Ауыл

Көк мешітке көмек керек

Осыдан он жыл бұрын Ор бойына іссапармен барғанымда Құмсай ауылынан он шақты шақырым жерде, айдалада қаңырап тұрған мешітті көріп, оның архитектуралық құрылысына тамсана қарап, бірнеше суретін түсіріп алғанмын. Маңынан жөнін сұрайтын бірде-бір адам кездеспегендіктен, бұл мешіт маған жұмбақ күйінде қала берді. Ал мешіттің суреттерін жеке мұрағатыма сақтап қойғанмын.Тарихы құпия күйінде қалған бұл суреттер Мұғалжар аудандық энциклопедиясына да жарияланған болатын.
Бір күні маған жергілікті кәсіпкер Қылышбай Тәжімұханов, ішкі істер бөлімінің ардагері Еділ Ізбасаров және Ор мешітіне он жылдай имамдық еткен Дүйсенғали Қонақовтар келіп, Ор бойындағы осы мешіт туралы әңгіме қозғады. Өздері арнайы қор ашып, халыққа үндеу жариялағысы келетіндіктерін айтып, мешіт туралы деректерді жариялауға көмек беруімді өтінді. Кейін Ор бойының азаматы, он жылдай Құмсай ауылында мешіт имамы болып қызмет еткен, ауыл шаруашылығы саласында да ұзақ жылдар жұмыс жасаған Дүйсенғали Әлімұлымен қайта кездесіп, оның жазып берген естелігін оқып шықтым. Алла үйінің ақ кірпішін қайта қалап, күмбезін қайта тұрғызуды қалаған абзал азамат былай деді:
«Құмсай ауылдық округіне қарасты Ор өзенінің бойында осыдан 110 жыл бұрын мешіт салынған екен. Маған бұл деректерді Ор бойының тумасы, Таманың Көкісі Тілеужан Қазбағамбетов есімді туыс ағам баяндап берді. Бұл жер, әсіресе, Ор бойы Тамалардың қонысы болса керек. Кезінде мешіт Тамалардың қолдауымен, солардың жиған қаржысына салынған. Мешіт құрылысы 1902 жылы басталып,1905 жылы пайдалануға берілген. Мешіт «Таманың көк мешіті» деп аталады. Қабырғалары қоңыр тастан қаланған, төбесі ағашпен және қаңылтырмен жабылған. Кірпіш тасын Ор өзенінің күншығыс жағынан мешіттен 15-20 шақырым жердегі Төсқи деген төбеден өгіз, ат арбамен тасып жеткізген. Ең кереметі — тасты төбеден қазып алғанда, өте жұмсақ болады екен. Сол жерде оны кесіп, қашап, керекті формаға келтіреді. Тас та тез қататын көрінеді».
Өзіндік архитектуралық пішіні бар ғимарат өте әдемі салынған. Дәл осындай үлгідегі мешіт Ақтөбе қаласында, Ойыл, Темір аудандарында да бар. Бұған дейін мешіттің кіреберіс тұсында болған жоғары шығатын баспалдағы қазір жоқ. Сол баспалдақ арқылы мешіт азаншысы жоғары шығып, әдемі, ашық дауысымен азан шақырып, жамағатты намазға асықтырған. Бұл — мешіттің күмбезі арқылы айшығына шығатын да жол.
«Мешіттің іші ақ бор іспеттес, көк бояумен сырланған. Ел-жұрттың оны «Көк мешіт» деп атап кетуінің себебі де осы болса керек. Сыртында шам ілінетін тұғырлары болатын, түн ішінде мешіттің жарығы маңайды түгелдей жарық етіп тұрушы еді. Үш бөлмелі, яғни кіреберісі, имамдар бөлмесі және намаз оқитын орын бар. От жағатын орны да болатын. Төрт қабырғаның айналасы қуыс, жылу сол арқылы тарайтын. Ал қабырғаға ілінген жапқыштар келген жылуды жібермей ұстап тұрады. Бұл тесіктер азан шақырылған кезде жаңғырып, дауыс ұлғайтқыш құрал есебінде де пайдаланылса керек», — деген еді Дүйсенғали ата.
Мешіттің ашылу салтанатында Таманың Көкісі Қосуақ деген ақсақал ұзақ, шамамен бір жарым сағат бойы бата берген деседі. Таманың Есалысы Тобажан деген кісі мешітке имамдық еткен. Оны жұрт Сары ишан деп атап кеткен. Оның денесі мешіттен бір жарым шақырым жердегі Қызылжар қорымына қойылған. Тобажан ишанның дауысы 15-20 шақырым жерге дейін естілетін болған.
Тобажаннан кейін оның баласы, кейіннен Қара ишан аталып кеткен Сәлмен ишан мешіт имамы болған.1937 жылдары Сәлмен ишанды үкімет «халық жауы» деп ұстап әкеткен.Үштіктің ұйғарымы бойынша атылған оның сүйегі Ақтөбенің жанындағы Түйетөбеде жерленген. Ишанның көзі болып қалған қос қызы — Жұмақыз бен Райхан бүгінде дүниеден озыпты.
Бұл мешітті кезінде қылышынан қан тамған қызыл империяның адамдары құлатпақ ниетте болған, әйтсе де арам пиғылдары аяқсыз қалды. Мешіт айшығы мен күмбезін сол жердің басқарушысы болған Беляков деген кісі трактормен тартып құлатқан. Ғасырлар бойына бабалар мұрасы болып тұрған мешіт қабырғалары бүгінде құламай қаз қалпында сақтаулы тұр. Кезінде мешіт жанында балалар білім алған, тастан қаланған медресесі де бар болған. Алайда оның төбесі құлап қалған. Ал мешіттің қасында имам мен мешіт қызметшілері тұратын үлкен үй, жанында құдық болған. Бүгінде оның орны ғана сақталып, құдығы қоқысқа толған.
Мешіттің тұрған орны — Мұғалжар ауданының Темір кеңшарының №2 фермасының орны. Қазір бұл жерде ел жоқ. Ерболат есімді жігіт қана осы жерде мал ұстап, шағын кәсіпкерлікпен айналысып отыр.
Кезінде әртүрлі себептерге байланысты бұл мешіт үкіметтің қорғалуына жататын мәдени-тарихи мұралар тізбесіне ілінбей қалған. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Шәмшат Әбдірзақовтың айуынша, мешітті мемлекет қорғауына жатқызу үшін қажетті құжаттар Астанаға жіберілген.
Мешітті қайта жөндеп, қаз қалпына келтіруге ынталы азаматтар бұл істі қолға алуды көздейді.Тек қаржының кемшіндігі ғана қолға тұсау. Ендеше, осындай ізгі іске атсалысамын деуші азаматтар болса, Кульбаев Базарбай Елубаевичтің атына ашылған мына есепшотқа ИИН_720709302239 өз көмегіңізді жолдай аласыз.
Бүгінде құр қаңқасы ғана қалған қасиетті мұраның көркін келтіріп, келешектің көруі үшін, тарихты білуі үшін аманат етіп табыстау — азаматтық әрі абыройлы міндет.

Базарбай ҚҰЛБАЕВ,
Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button