Ауыл

Жасұландық жерлесіміз жарады

Астана қаласында ХVII республикалық «Жас Ұлан» әскери ән байқауы өтіп, оған еліміздің барлық әскери бөлімшелері қатысты. Отан алдындағы борышын өтеп жатқан жиырмадан астам өнерлі өрендердің арасында жерлесіміз Бағдат Сейт те бар болатын.
Ақтау қаласындағы 25744-әскери бөлімінің артиллерия дивизиясының
3-батареясы атынан өнер додасында бақ сынаған саржансайлық Бағдат Сейт бұл байқауда екінші орынды еншілепті.
Байқауда талантты сарбаздар егемендік тақырыбында арнау айтқан. Мұндай әуендер тыңдармандарды отансүйгіштікке баулып, мәдени-рухани тұрғыдан да тәрбиелейді. Тәуелсіз елдің сарбаздары Отан қорғауды өзінің парызы санауға тиіс. Сондай-ақ, әскери-патриоттық әндер жауынгерлердің еңсесін көтеріп, рухтандырып, күш-қуатын арттырып, жігерлендіруге серпін береді.
Қазылар алқасы Бағдаттың жағымды дауысы мен әуен ырғағына риза болған.
Бағдат мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ бойындағы өнерімен білім ордасының абыройын асқақтатқан жас. Облыс, аудан көлемінде өткен өнер додаларында ылғи жүлдемен оралып, мектеп мақтанышына айналған Бағдат туралы музыкадан жетекшілік еткен ұстазы Медет Бекжанов былай дейді:
— Бағдат мектепте жүргенде өнерге бейім еді. Енді, міне, әскери парызын өтеп жүріп, патриоттық әндер байқауында өзін көрсетіп, туған жерін, ауылын алыстан қуантып жатыр. Бағдаттың бойындағы талантымен әлі талай биіктерді бағындыратынына сенімдімін.
Бағдаттың әскери борышын өтеп, ортамызға аман оралуына тілектеспіз.

Аманат ҚАЛПИЕВА,
Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button