Ауыл

Серіктің сергек тірлігі

Хромтау өңірінің жұтшылығы Самара-Шымкент тасжолы бойында орналасқан «Аманат» қонақүйін көргенде Серік Оразымбетовті әңгімелей бастайды. Әрине, бұл кісіні үлгі тұтар жан ретінде сөз етеді. Бірінші топтағы мүгедектің осындай үлкен істі басқарып, шаруаны шыр айналдырып отырғаны кім-кімді де тамсандырып, ойға қалдырады.
Екі аяғынан айырылған Серік көлік жүргізіп, талай жерді шарлап, шаруасын реттеп жүр. Серік жол апатына ұшырап, осындай күйге түскен. Дегенмен рухы мықты жігіт мүгедектігіне қарамастан, отбасын асырау қамына кіріседі. Серіктің зайыбы Күләш: «Бірде Серік маған жер алып, сол жерге шайхана ашу туралы ұсыныс тастады. Сөйтіп, бұл бастаманы жүзеге асыруға кірістік. Әрине, жаңа бастаған істің шаруасы да көп болады. Құжаттарының өзі біраз әлекке салды. Бірақ соның бәріне шыдас беріп, құжаттарды Серіктің бір өзі дайындады. Кейін шағын шайхана салған кезде де құрылыстың басы-қасында өзі болды. Арасында құрылысшыларға дәнекерлеудің ыңғайын да үйрететін», — дейді.
Серік Оразымбетов он екі мүшесі сау кезінде Хромтаудағы «Жастар» шахтасында 16 жыл электрмен дәнекерлеуші болып еңбек еткен. Қазіргі күні денсаулығына байланысты бірінші топтағы мүгедектер қатарында.
Қазір кәсіпкер отбасылық бизнесті дамытуды жолға қойған. Жиырма адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Шағын шайханадан басталған бизнес бүгінде өркендеп, аудан жұртшылығына қызмет көрсететін беделді орталықтардың біріне айналды. Серіктің иелігінде екі қабатты етіп қаланған 3 ғимарат бар. Олардың екеуі — қонақүй, бірі шағын дәмхана мен монша, шаштаразға айналған. Иелігінде көлік тұрағы тағы бар.
— Он екі мүшесі сау адамның қол қусырып, қарап отыруына болмайды. Егер қандай да бір қиындықтар кезіксе, сабырлылық пен жігерлілік, төзімділік таныту қажет. Балаларыма үнемі осыны айтамын. Маған отбасым ерекше қолдау көрсетеді, — дейді Серік Оразымбетов.
Бүгінде Серік пен Күләштің шаңырағында дүниеге келген үш баладан тараған немерелер қазір ата-әжесінің ауласында ойнап жүр.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,
Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button