Ауыл

Кәсіптің көзін тапқан

Тынбай еңбек еткеннің тұрмысы берекелі болады. Бүгінгі заманның талабы да осы. «Кәсібіне қарай — нәсібі» демекші, бүгінде өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелентіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді.
Сондай кәсіпкерлердің қатарында қызылжарлық Жұлдызай Жақсылықова мен анасы Маржан Есмамбетованың есімдерін үлгі етуге болады.
Жұлдызай 2013 жылы «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы желісінен шағын наубайхана бизнесі үшін несие алды. Жұлдызайға бизнесті бастамас бұрын жеке ғимарат қажет болды. Осы кезде «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, анасы Маржан қолдау көрсетіп, Құрылыс ауылының орталық көшесінен кәсіпкерлік нысан салу мақсатында жер учаскесін рәсімдеп, құрылыс жұмысын бастады.
Осы ретте отбасылы кәсіпкерлер облыстық кәсіпкерлер палатасы Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шамиеваның шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін кеңейту үшін несие алу жолдарын түсіндірудегі еңбегіне алғыстан басқа айтары жоқ. Палата тарапынан кәсіпкерге тегін бизнес-жоспар әзірленіп, «Шағын наубайхана» жобасы сүйемелденіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған «Ақтөбе СтарТап» жобасына қатысып, пайызсыз 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Бұл күнде ауылдың ортасынан бой көтерген наубайхана мен дүкен, «Махаббат» кафесі тұрғындарға үш түрлі қызмет түрін ұсынуда.
Жуырда Құрылыс ауылында ауыл тұрғындары, сырттан келген қонақтар кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатының куәсі болып, кәсіпкерлердің игілікті ісіне ризашылықтарын білдірді.
Сөйтіп, біздің Құрылыс ауылы тағы бір халыққа қызмет көрсететін нысанмен толықты.

Самат ЖАЛДЫБАЕВ,
Құрылыс ауылы,
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button