АуылБасты жаңалықтар

Қора малға, қамба астыққа толсын

Өткен сенбі күні аймақтың ауыл шаруашылығы қызметкерлері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен дәстүрлі мерекелерін атап өтіп, сала бойынша жыл ішіндегі атқарылған жұмыстарды қорытындылады, алдағы кезеңге жаңа міндеттер белгіледі.

Көрме

Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде өткізілген салтанатты шара осы оқу орнының аумағындағы шағын саябаққа шырша ағаштарын егумен басталды. Облыс әкімі және ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері алдын ала дайындалған жерлерге шырша көшеттерін отырғызды. Мұнан соң колледж жанындағы жылыжайда болып, оқушылардың қолымен егілген көкөніс түрлерін көрді. Оқу ғимаратының кең дәлізіне жасақталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады. Облыс аудандары мен Ақтөбе қаласының 50-ден астам өнім өндірушілері қатысқан көрменің қойылымдарын қараған кезде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен, тауар өндірушілермен және қайта өңдеу кәсіпорындары басшыларымен жеке-жеке әңгімелесіп, олардың ұсыныс-тілектерін білді. Кейбір мәселелер бойынша пікірлесіп, жұмыстары мен бастамаларына бағыт-бағдар берді.
Биылғы көрменің ерекшелігі, әдеттегідей ет, сүт, ұн, балық, көкөніс, тәтті тағамдар өнімдерімен бірге, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдермен өндірілген тауарлардың түрлері де қойылды. Соның ішінде ешкі сүті өнімдерінің, бөдене, балық шаруашылығының таныстырылуы көрменің биылғы жылғы жаңалығындай сезілді.
Ешкі шаруашылығын дамыту қадамдарымен осы көрмеге қатысқан алғалық жеке кәсіпкер Алдаберген Иманов мемлекеттен үлкен қолдау көріп отыр. Соның арқасында Ресейдің Самара қаласынан ешкі сауатын арнайы жабдық алған. Қазір сауыншылар ұстап, алғашқы өнімдерін саудаға шығара бастады. Ешкі сүтіне сұраныс жоғары. Өйткені азықтық артықшылығын былай қойғанда, ешкі сүті көп ауруларға ем. Әсіресе, жаңа туған жас сәбилер мен балалар үшін құнарлы азық. Біздің өңірде ешкі шаруашылығы кештеу қолға алынды және кенжелеу дамып келеді. Бұл саладағы кәсіпкерлердің қадамдарын құптаған облыс әкімі ешкі шаруашылығын жедел дамыту міндетін қойды. Бұл ретте бізге қарағанда табиғаты өте нашар көршілес Атырау облысының соңғы жылдары көкөніс өсіруде де, ешкі сүтін өндіруде де ілгері озғанын айтты. Қазір бұл облыс көкөніспен өзін-өзі қамтуға жетіп қалған. Ешкінің сүтінен 7 түрлі өнім шығарып отыр. Бір шаруа 700-ге дейін ешкі ұстайды. Ал біздің шаруа қожалықтарында бұл малдың саны мүлде аз.
Бізге ешкіден гөрі бөдене шаруашылығы өңірде еркін дамуға бағыт алғандай көрінді. Мұны көрменің әр тұсынан аңғаруға болатын еді. Торға қамалған бөдене құстың өзін де, арнайы ыдыстарға салынған жұмыртқаларын да бірсыпыра аудандар мен Ақтөбе қаласы кәсіпкерлері көп әкелген. Нарық жағдайында қандай кәсіп көп пайда әкеледі, сол алға шығатыны белгілі. Қазір бөдененің қымбат жұмыртқасы саудада жүріп тұр. Бөдене ұстаушы кәсіпкерлердің көбеюі осымен байланысты. Қобда ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрпейісов осы көрмеге бөдене өсірумен шұғылданатын жеке кәсіпкер Гүлшара Нұрпейісованың шаруасымен таныстырды. Ол мемлекеттен 2 миллион теңге несие алып, шаруасын бастаған. Қазір 1 мың бөдене ұстап, өнімін аудан, облыс көлеміне шығарып отыр.
Көрмеде көпшіліктің көңілін аударған Хромтау ауданының балық шаруашылығының табыстары болды. Осы аудандағы «Тұлпар» акционерлік қоғамының Мағажан су қоймасында өсірген балықтары үлкен аквариум ішіне жіберіліп, көпшілікке көрсетілді. Әсіресе осындағы тоғанға шабақ кезінде жіберіліп, 8 жыл өсірілген тұқы (карп) балығы жұртшылықтың назарын өзіне еріксіз аударды. Акционерлік қоғамның директоры Мықтыбек Есмағамбетовтің әңгімесіне қарағанда, салмағы он келіден асатын бұл балық қазір уылдырық шашатын дәрежеге жеткен. Бұдан 7 жыл бұрын су қоймасына жіберілген 50 мың шабақтың нәтижесі бұл. Мұнда шортан, мөңке, алабұға сынды табиғи балықтармен бірге, сырттан тасымалдап жыл сайын мыңдап жіберілген шабақтар да қазір жақсы өсіп өнген. Соның нәтижесі — тек биылғы жылы 7 тонна балық ауланып, сауда орындарына түсірілген.

Мерейлі сәт

Аталған оқу орнының үлкен мәжіліс залында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің добырашылар ансамблі асқақ күймен шымылдығын ашқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерейлі сәті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлының баяндамасымен жалғасты. Жыл он екі айда бір айналып келетін дала еңбеккерлерінің төл мерекесін атап өтудің қалыптасқан дәстүрі бойынша саланың төрт маусымдағы атқарған жұмыстары қорытындыланып, келер жылға міндеттер белгіленді.
Баяндамада аталып өткеніндей, әлемдік дағдарыс жағдайына қарамастан, облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда мол өнім өндірді. Агроөнеркәсіп саласына тартылған қаржы көлемі өсті. Мемлекеттік қолдау нығайды. Соның көрінісі — аймақтағы 166 шаруашылыққа 558 млн. теңге субсидия төленді. Салаға салынған қаржы шығындары 50 мен 80 пайыз аралығында қайтарылды. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты.
Салтанатты басқосуда ауыл шаруашылығының аймақта даму қарқынына нақты мысалдар мен деректер келтірген баяндамашы, Елбасы тапсырмасына, облыс әкімінің алға қойып отырған міндеттеріне байланысты әлі де шешімін табуға тиісті мәселелерді атады.
Мерекелік басқосудың нағыз жұлдызды, салтанатты сәті жетіп, сахнаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерілді. Ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі басталды. Облыс әкімі Ойыл ауданының ауыл шаруашылығы ардагері Рысбай Есмұхановқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, «Пригородный» ауыл шаруашылығы бірлестігінің басшысы Ермек Жұмағазинге, Алға ауданының «Реймкүл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұловқа «Ауыл шаруашылығы саласы үздігі» төсбелгісін тақты. Мұнымен бірге, озаттардың үлкен тобына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын, облыс әкімінің Алғыс хатын, заттай сыйлықтарын тапсырды.
Ең алдымен облыс басшысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мерекелерімен құттықтады. Олардың құрметті де қиын еңбектеріне жылы лебізін білдіріп, табыс тіледі.

Табысты саланың түйткілдері

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде табысты саланың жетістіктерін атап көрсете отырып, оның түйткілді тұстарын да атап өтті. Саланы дамытудың басым бағыттарына тоқталды.
— Дүниежүзіндегі дағдарысқа байланысты біз экономикамыздың даму қарқынын төмендетпеуіміз керек. Оның қосымша көздерін іздеп табуымыз қажет. Соның бірі — осы ауыл шаруашылығы саласын дамыту болмақ. Жақында Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жөнінде барлық деңгейдегі басшыларға тапсырма берді. Біздің алдымызда тұрған міндет — мүмкіндігінше өзімізді-өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етуге жету болмақ. Сырттан келетін тамақтың түрлерін азайтуымыз, экспортқа шығатын азық-түлікті көбейтуіміз керек. Ол үшін біздің барлық мүмкіндігіміз бар, — деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы облыста мал басын көбейтуге және асылдандыруға толық мүмкіндік бар екенін айтып, бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тиімді пайдалану міндетін қойды. Сондай-ақ егіншілікпен айналысатын барлық серіктестіктер мен шаруа қожалықтарына көктемгі егіс науқанына қазірден бастап дайындалып, егіс сапасын арттыруға күш салу керектігін ескертті. Суармалы алқаптарды тиімді пайдалану арқылы көкөніс түрлерін молайтудың жолдарын көрсетті. Бұл жұмыстарды табысты жүргізу ең қажетті азық-түлік бағаларын тұрақты ұстауға септігін тигізетінін атап өтті.
Кейбір ауылдарда нан бағасы қымбаттағанын сынады. Ауылда тұрғаннан кейін етті, сүтті, нанды сатып алмай, еңбектену қажеттігін айтты. Ол үшін барлық жағдай жасалып отыр, жер, су, мемлекет тарапынан қолдау да бар. Бұл жерде тек ауыл әкімдері жұмыс істеу керек.
Облыс әкімі облыс орталығы мен Ақтөбе агломерациясына кіретін елді мекендерді азық-түлікпен қамту мәселелеріне айрықша тоқталды. Өкінішке қарай, аграрлық сала қызметкерлері азық-түлікпен толық қамтып отырмағанын, бұл көрсеткіш 75 пайыз ғана екенін, облыстың өзін-өзі толық қамтуға мүмкіндігі жеткілікті екендігін айтты.
Жерді тиімсіз пайдалану, дақыл түрлерін орынсыз кеміту, жеткілікті деген өнімнің түрлерінің күн санап қымбаттау фактілерін сынады. Әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің даңқымен аты шыққан, кешегі кезеңде 100 мың гектарға дейін тары дақылын еккен аймақ бұл дақылды қазір ұмытқандай. Өткен жылы облыс бойынша 5000 гектар алқапқа ғана тары егілген. Сондай-ақ облыс басшысы айтқан тағы бір сын — азық-түліктің кейбір түрінің орынсыз қымбаттауына байланысты болды.
— Біз өзімізді өсімдік майымен бір жарым есе қамтамасыз етілген деп есептейміз. Олай болса, оның бағасы төмен болу керек қой. Ал бізде керісінше болып шықты. Соңғы бір жарым айда күнбағыс майы облыста бір жарым есе қымбаттаған. Сол сияқты картоп кейінгі бір аптада 4 пайыз қымбаттаған. Қызылша, сәбіз, қырыққабат та сондай, — деді әкім.
Дала еңбеккерлерін қат-қабат науқандық жұмыстар күтіп тұратыны белгілі. Әр шаруаны ертерек ойламаса болмайды. Осы ретте облыс басшысы көктемгі егіске дайындықты қазірден қолға алуды, қар тоқтату жұмыстарын жүргізуді, егілетін тұқым сапасын арттыруды тапсырды. Суармалы жерлердің 43 пайызы ғана пайдаланылып отырғанын еске салды.
Аймақта жарты миллион текше метр су бар үш су қоймасы, 30-дан астам өзен, мыңға жуық көл бар. Осынша мүмкіндік тиімді пайдаланылмайды. Алда суармалы жерлерді көбейту керек болады.
Мал шаруашылығы мәселесіне тоқталғанда облыс басшысы сүт тағамының түрлерін молайту жағдайларын атап өтті.
Осы басқосу өткізілген ауылшаруашылық колледж ұжымының, оның басшысының жұмысына жоғары баға берді.
Дала еңбеккерлерінің мерекесінде құттықтау сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Кеңес Абдуллиннің, ауылшаруашылық колледжінің 4-курс оқушысыТұрсынгүл Шалабаеваның, «Жұмабаев» шаруа қожалығының басшысы Берген Жұмабаевтың айтылған тілектері алдағы жылы да қорамыз малға, қамбамыз астыққа толсын дегенге сайыды. Бұл басқосудың түйіні де осы еді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button