Таным

Сезімтал өсімдіктер

Табиғат
Кактустың «көңілін» аула

Қоршаған ортаның адамға тигізетін әсері орасан зор екендігі белгілі. Әсіресе, өсімдік әлеміне қандай көзқараспен қарасаңыз, ол да сізге солай «жауап» береді. Адамзат баласы сан ғасырлар бойы өсімдікті ем ретінде қолдануда. Өсімдік әлемінің адамға берері көп десе де болады. Мысалы, гүлді құмырасымен біреу сыйға тартса, сіз ол адамға сол гүл үшін аз болса да ақы төлеуіңіз керек екен. Себебі құмырадағы гүл «мені бағалады» деп «риза» болып, одан әрі жайқалып өсе түседі екен. Ал өсімдіктерге дұрыс қарамаса, уақытында суғарып тұрмаса «ренжіп», адам ағзасына зиянды улы химиялық заттар бөліп шығаратын көрінеді. Мысалы, қызанақ көшетін бөлмеде өсіріп, су құюды ұмытып кетсеңіз, түнімен ұйықтай алмайсыз. Ал кактустар да адамның көңіл-күйіне әсерін тигізеді екен. Кактусқа «түу, түрі құрысын, қандай сүйкімсіз» деп айтқан сәтте-ақ құрамында алкогольдік қоспалар бар улы зат бөліп шығарады екен. Бұл зат адамды ішімдікке итермелейтін көрінеді. Содан адам ішімдікке әуестеніп кететін кездері болғанын ғалымдар анықтаған.

Фикус  – «қызғаншақ» өсімдік

Кейбір өсімдіктер өз қожайынын басқа бір адамнан қызғанатын көрінеді. Ағылшын ғалымдары көп жылдар бойы адам мен өсімдіктердің қарым-қатынасы туралы зерттеулер жүргізген. Ағылшын физиологы С.Мейсонның бөлмесінде көп жылдар бойы фикус өсіп тұрған. Ғалым үйленгеннен кейін оның әйелі күннен-күнге әлсіреп, сырқаттанып қалады. Ал жерік болған кезде берекесі қашып, тіпті, дәрігерлердің қандай ем қолданғанына қарамай, түсік тастайды. Ғалымның ойына бөлмесінде өсіп тұрған фикус түседі, әйелінің ауруға шалдыққанына сол кінәлі деп оны үйдің қасындағы баққа апарып қояды. Көп ұзамай әйелі құлан-таза айығып, қайтадан бала көтеріп, дені сау, әдемі сәбиді дүниеге әкеледі. Сөйтсе, фикус өз қожайынын әйелінен қызғанып, химиялық қоспа заттар бөле бастаған, ол зат Мейсонның өзіне ешқандай әсер етпеген.

Қазтамақ – ең жағымды гүл

Әрине, өсімдіктердің барлығы тек зиянды екен деуге болмайды. Мысалы, фиалка (шегіркүл) өз қожайынын жақсы көретіні соншалық, ол басқа жаққа сапарға кетсе, сағынады екен. Ал қазтамақ (герань) бірінші суғармаса, кәдімгідей «ренжитін» көрінеді. Өзінің ренішін ол көпке дейін гүл ашпай тұру арқылы білдіреді.
Ертеде адамдар зығыр (лен) еккен кезде, жалаңаштанып егеді екен. Әйтпесе мол өнім болмайды деп есептеген. «Көрдің бе, сен (зығыр) өнім бермесең, мен жалаңаш қаламын» деп айтады екен. Адамдар киімді зығырдан жасап, кигені белгілі ғой.
Ертеде «қыдырып» кеткен күйеуін үйге қайтару үшін әйелдер жатын бөлмеге алқызыл түсті гүлді қойған. Сол бөлмеде үш күн қонған ер адам бұдан әрі  басқаға қарамай, тек өз әйеліне деген сезімі арта түседі екен.

Ең жағымды гүлдердің бірі қазтамақ деп есептелінеді. Қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс те болмайды, ал бола қалған жағдайда өсімдік адамның жүйке жүйесіне әсер ететін зат бөле бастайды. Содан ұрысып қалғандар тез татуласып кетеді екен. Сондықтан болар, бұл гүлді бұрындары әр үй өсірген.

Өсімдіктер де «өш» алады

Гүлді өз қолыңыздан егіп, күтіп-баптаған жөн. Оларды сәбиді баққандай күтсеңіз, өскен соң сіздің денсаулығыңызға, отбасыңызға оң әсер етеді дейді. Гүлдердің қасында бір сағаттай отырсаңыз көңіл-күйіңіз көтеріліп, барлық жаман ойдан арыласыз.
Ал мына бір оқиға осыдан 7 жыл бұрын болған. Бір үйдің ауласында жапырағы жайқалып, әдемі үлкен ағаш өсіп тұрған. Үй иесі отыздағы әйел бұл ағашты шауып тастайын деп, алдымен оның қабығын аршып тастайды. Ағаш солып қалған соң, кесіп тастамақшы болады. Әне-міне деп жүріп қолы тимейді. Бір күні әйел өз болашағын білмекші болып көріпкелге барады. Көріпкел оған «отыз жасыңда өлесің» дейді. Әйелдің өзі де, туыстары да «дені сап-сау, аяқ қолы балғадай адам қалай өледі?» деп, көріпкелдің сөзіне аса мән бермейді. Тамыз айында әйел отыз жасқа толады да, туыстарын, көршілерін, жора-жолдастарын шақырмақшы болып, той қамына кірісіп кетеді. Құрбысы екеуі есіктің алдына шығып, мерейтой туралы әңгімелесіп тұрған сәтте ауа райы күрт өзгеріп, аспанды қара бұлт торлап, қатты жел соғады. Онсыз да әрең тұрған ағаш желдің күшімен тура екі әйелдің үстіне келіп құлайды. Біреуі қашып үлгереді, екіншісі ағаштың астында қалып, қайтыс болады. Тура отызға толған күні, көріпкел айтқандай, ағашты кескен әйел қайтыс болыпты. Көріпкелдің айтқаны тура келді. Бұл оқиғада ең таң қаларлығы – ағаштың әйелден өшін алғаны. Мүмкін, кездейсоқ болған шығар. Кім біледі? Бірақ «ағаштың да жаны бар, олар да сезеді» дейді өсімдіктанушылар.

Алғашқы дәріхана – орман мен дала
Адамзат дамуының алғашқы дәуірінде адамның негізгі қорегі өсімдік болды. Тағам үшін ішіп-жейтін өсімдіктер түрінің көбеюіне қарай, адам осылардың

кейбіреулерінің ерекше қасиеті бар екенін байқаған. Бертін келе сол өсімдіктерді емделуге пайдалана бастаған. Яғни айтқанда, адамның тұңғыш ұстазы табиғат, алғашқы дәріханасы орман мен дала болды. Сөйтіп, адам өсімдіктерді тағам ретінде пайдаланудың арқасында халық медицинасын ашты.
Ертедегі египеттіктерге алоэ, қараған, анис, медуница, зығыр, лотос, көкпар, жалбыз, тал, арша, т.б. өсімдіктердің шипалық қасиеті белгілі болған. Ғажап сиқырлы күші бар шөптермен Үндістанның аты шыққан. Бұдан 4 мың жыл бұрын үндістандықтар 760 дәрілік өсімдікті пайдалана білген. Қытайда дәрілік өсімдіктер жөнінде алғашқы кітап бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған. Орта ғасыр ғалымы Парацельс ерте заманнан келе жатқан ілім бойынша «емдік өсімдіктің пішіні, түсі, дәмі мен исі аурудың сипатына сай келуі тиіс» дейді. Мысалы, сарғайып ауырған адамды сары түсті өсімдікпен, бүйрек ауруын жапырағы бүйрек тәрізді өсімдікпен емдеу қажет.

Халықтық медицинаның ел арасына көп тараған және тәуір дамыған саласы – шөппен емдеу. Қазақ халқының емшілік салтында шипалы өсімдіктерді пайдалану ежелден бар дәстүр. Халық емшілері бұл жөнінде көптеген тәжірибелер де жинаған. Мысалы, қазақтардың қылшадан дәрі жасауына сүйеніп, 1924 жылы П.С.Моссагетов Қазақстанда өсетін қырықбуын қылшасының шипалы қасиетін ашқан. Оның құрамында емдік эфирин заты табылды. Шырғанақтан алынатын майды қазақтар жараны, күйікті жазуға, итмұрын жемісінің қайнатылған тұнбасын аурудан әлсіреген адамға әл беру үшін, тобылғы сабағын қыздырғаннан кейінгі майын теміреткіні және қотырды емдеуге, қалақай, мыңжапырақ тұнбаларын қан тоқтатуға пайдаланған.
Айта кететін бір жайт – қазақ халқы дермене жусанды емдеу үшін пайдалануын ғылыми медицинаға қосқан үлкен үлес деп бағалау ләзім. Өйткені дермене жусанды қазақтың халық медицинасы ішек құрты ауруына қарсы пайдаланған. Бабаларымыз аталмыш өсімдікті атам заманнан бері шетелдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп тұрған. Ол өте бағалы шипалы шөп ретінде жоғары бағаланған. Себебі бұл жусан Қазақстанның оңтүстігінен басқа жерде өспейді, яғни бұл өсімдікке дүние жүзінде сұраныс көп болған.
Халық медицинасы арқылы дәрілік шөптердің тізімінің ішінде атақты женьшень өсімдігімен таласа алатын бірден-бір өсімдік – қызғылт семізот (радиола розовая). Немесе оны халық «алтын тамыр» деп те атап кеткен. Алтайдың халықтық медицинасында «алтын тамыр» адамның жұмыс қабілетін арттыратын дәрі ретінде пайдаланылып келді.
Кейінгі жылдары ғалымдар алтын тамырдың құрамындағы экстракттың ағзаның дене жұмысына шыдамдылығын арттыратынын, жүрек-буын жүйесін жақсартып, жоғарғы жүйке жүйесінің ырғағына жағымды әсер етіп, қан қысымының реттелуіне көмегін тигізетіндігін анықтады.
Қазақстан бойынша семізот (алтын тамыр) туысының он бір түрі кездеседі. Оның ішінде жалғыз қызғылт семізот түрінің ғана шипалық қасиеті бар.

Қазақстанда өсетін тағы да бір шипалы шөп – мақсыр немесе марал тамыр (рапонтик). Бұл да шипалық өсімдіктер тізіміне халықтық медицина арқылы енген өсімдік. Алтайлықтар көктем кезінде бұл өсімдікті маралдар тұяғымен қазып, тамыр сабағын жейтіндігін байқаған, осыдан «марал тамыр», «марал шөп» деп атап кеткен. Мақсырды халық ертеден бері «алтын тамыр» және женьшень сияқты әл беретін дәрі ретінде пайдаланып келді. Халық медицинасында пайдаланылғаны жөнінде алғашқы дерек 1897 жылдан белгілі.

Терек мамығының зияны

Кейде адамдар терек ағаштарынан көрместі көріп жатады. Жаз басталар шақта теректің ақ үлпегі адамдардың аузы-мұрнына кіріп, әбден әбіржітіп болады. Дәрігер мамандардың айтуынша, теректің ақ тозаңы аллергия, демікпе ауруларын күшейтетін көрінеді. Статистикаға сүйенсек, терек бүршігінің ақ ұлпасына Қазақстанның әрбір үшінші тұрғынында кері реакция жүреді. Тал-теректен тараған тозаң адам бойында паленоз ауруын тудырады.

Терек мамығы денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортаға да зиянын тигізуі мүмкін.

Мамықтардың салдарынан өрт оқиғалары да өрши түсетін көрінеді.

  • Пайдалы кеңес

Түйежапырақтың пайдасы

Буын ауруына шалдыққан адамдарға халықтық медицинаның көмегіне жүгінуге болады. Мұндай ауруға түйежапырақтың берері мол. Ол үшін не істеу керек?

Түйежапырақ өсімдігінің жапырақтарын тазалап алып, ет тартқыштан өткізесіз. Одан шыққан жасыл қойыртпақты жақсылап сығып, суын ыдысқа құйып аласыз да ауырған жеріңізге таңып, сыртынан ауа өткізбейтін нәрсемен орайсыз. Таң атқанша ұстасаңыз, буыныңызды қыздырып емдейді.

Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Сәлеметсіздер ме?достарым маған сіздердің сезімтал өсімдіктер жайлы жазған макалаларыңыз өте ұнады,өте әсерлі де есте сактайтын кеңестер екен.Ендеше сіздерден сұранарым маған сарымсак жайлы онын пайдалы жактары мен жағымсыз жактарын коса жазып жіберулеріңізді суранамын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button