Ауыл

Астанадан Ырғызға жол тартыла ма?

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында Елорданы еліміздің батысымен байланыстыратын автокөлік жолын салу жөнінде нақты тапсырмалар берілгені баршамызға белгілі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» учаскесі «Орталық-Батыс» автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобасы бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мамандар пікірінше жобаны дайындау барысында елді мекен тұрғындарының жол салудағы ұсыныс-пікірлерінің маңызы зор. Осы орайда арнайы өкілдер жол өтетін аймақ халқымен кездесіп, қоғамдық тыңдаулар өткізіліп келеді.
Аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінде өткен «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» автокөлік жолының жобасының кезекті таныстырылымы аудан тұрғындарының көңілінен шығып, бірауыздан мақұлдады.
Аудан әкімі Мейірхан Дуанбековтың төрағалығымен өткен жиынға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің кеңесшісі Қанат Сердалиев, бас сарапшы Әсел Қарымбаева, «Юпитер» жобалау институтының бөлім басшысы Сәкен Құпанов, ардагерлер, мекеме, кәсіпорны басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жобалау институтының бөлім басшысы Сәкен Құпанов жол жобасын экраннан слайд түрінде көрсетіп, Астанадан он тоғыз шақырым қашықтықтан басталып, Ырғыз ауданы орталығына дейін 894 шақырым қашықтықты құрайтын «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз» автокөлік жолының жобасын кең көлемде таныстырды. Бұл бағыттың учаскенің республикалық маңызы бар автомобиль жолы Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарының аумағымен өтетіндігі, құрылыс жұмыстары Халықаралық қаржы институттары көмегімен жүзеге асырылатындығы атап өтілді.
Аталған автомобиль жолын қайта құру-жаңарту жобасы жобалау институттарымен бірігіп әзірленуде. Жол жабындысы мен төсемесінің түрі — жылы асфальт-бетон.
Жоба таныстырылымынан соң зейнеткерлер Н.Сәрсенбайұлы, Қ.Кенжебаев, Т.Маханбетов, село тұрғыны А.Бейсенбайұлы ауданның болашағы үшін маңызды жобаның қоршаған ортаға зиянсыздығы мен экономикалық тұрғыда пайдалылығын айтып, жоба жетекшілеріне ризашылығын білдірді.

Тұрсынбек БЕКЖАНҰЛЫ,
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button