Әлеумет

Он сегіз жаста от кешіп…

Мерей

1942 жылы қанды майданға 18 жасқа толмаған кезінде аттанған Темірболаттың тағдыр сынына іліккені осы ғана емес еді. 37-ші жылғы топалаң кезінде әкесі атылып кетті. Шешесіне тірек те, қамқоршы да өзі еді. Ақтөбеден теміржолмен Башқұртстандағы командирлердің кіші буынын дайындау мектебіне жолдама алған баласын анасы вокзал басында жылап тұрып шығарып салды. Сірә, жүрегі әлденені сезген болуы керек. Екі баласын майданға жіберген анасы бірталай уақыттан соң көз жұмды.

Орынбор маңында арнайы дайындықтан өткен жас сарбаздарын бастаған қызыл әскер сержанты Қайсаров 1943 жылдың мамырында алдыңғы шепке бет алды. Әйгілі 181-ші Сталинград дивизиясының құрамында болған ол – Сталинград маңында ойсырай жеңілген неміс әскерлерін қуып, жаудың кіші топтарға бөлінген бөліктерінің көзін жоюға қатысты. Днепр өзеніне дейін қуып, жол-жөнекей орналасқан орыс және украин елді мекендерін азат етті. Сол Днепрдің арғы бетіне қол жинап, қарсылық көрсетпекші болған немістер қызыл әскер жауынгерлерінің өткелден өту кезеңін аңдып, артилериямен оқ жаудырды. Бұл өткелден аман-есен шыққанымен, өзен бойында орналасқан немістер басып алған ауылды азат ету барысында жарақат алды. Жарақаты ауыр болғандықтан, бірден емделу госпиталына жіберілді. «Көптеген жас жауынгерлерді тез арада оқытып, соғыс өнеріне үйрету кезінде, олармен достасып, кейін ұрыс барысында қаза болғандығын көру маған өте ауыр болды», – дейді қарт жауынгер. Емделіп шыққан соң, өз әскери бөлімін Польша жерінде қуып жеткен Темірболат Қайсарұлы 1944 жылдың тамыз айында кішкентай ғана поляк ауылын азат етіп жүріп, тағы да жарақаттанды.

Қызыл әскер қатарында Кеңес Одағын, содан соң Еуропаны ішінара аралап шыққан жерлесіміз жеңісті Эльба жағалауында жылап тұрып қарсы алыпты.

Соғыстан оралған Темірболат Қайсарұлы өз еңбек жолын дизель электрстансасының қызметкері ретінде бастады. Өмірде жинаған тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасында өз әріптестерінің арасында сыйлы бола білген ол 1959-1970 жылдар аралығында сол кездегі Ленин ауданының Батамша елді мекенінің халық депутаттары кеңесін басқарды. Сөйтіп жүріп, құқық нормаларын біліп, күнделікті өмірде пайдалана білетін адам болуды мақсат етіп, Мәскеу қаласында жалпы кеңестік заң институтын 1973 сырттай тәмамдады. Кейін Ленин аудандық сотында судья болып 17 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен Темірболат Қайсаровқа деген халықтың сенімі зор болды деп айта аламыз. Бұлай дейтініміз, аудан тұрғындары оны үш рет судьялыққа сайлаған.

Қазір Темірболат атай өз ауылдастары арасындағы сыйлы азамат. Биылғы жылы өзінің 85 жасқа толған мерейтойын атап өтпекші. Сот жүйесінің ардагерінің қазіргі күні сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялармен тұрақты түрде кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отыратындығы да, оның шуақты көзқарасының көрінісі. Мерейтойыңыз құтты болсын, Темірболат Қайсарұлы!

Нұрлан КҮНТУОВ,

облыстық соттың баспасөз

қызметінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button