БілімБасты жаңалықтар

Қосымша білім беру: Жұмыс пен жоспар

Кеше Ақтөбе қаласында ғылыми-техникалық бағыттағы білім беру ұйымдары басшыларының республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын алдында кеңеске қатысушылар балалардың туындылары қойылған көрменің жұмысын тамашалады.
Басқосуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер қатысты. Сонымен қатар жиынға заң шығарушы және атқарушы органдардың, ҚР білім және ғылым, әділет, инвестициялар және даму, ішкі істер министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп директорлары мен орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды.
Кеңес жұмысын ашып, жүргізген Раиса Шер республикалық кеңестің мақсаты туралы әңгімеледі. Бұл басқосу — білім беру ұйымдары басшыларының республикалық үйлестіру кеңесінің төртінші, яғни қорытынды жиыны. Кеңейтілген кеңес біздің облыстың әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр.
— Басқосудың негізгі мақсат-міндеті — жыл бойы істелген жұмыстарды қорытындылау, алда атқарылатын жұмыстардың кешенді жоспарын құру. Сонымен қатар, балаларға қосымша білім берудің дамуын, тенденцияларын және мәселелерін талқылау.
Жалпы білім бе¬ру жүйесінің құрамдас бөлі¬гі — қосымша білім беруді дамы¬тудың маңызы зор. Қазақстан Республикасында білім беру¬ді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында балалар¬дың шығармашылық озық идеяларын дамытып, қоғамдық ортада өзінің орнын жақсы білуі, білімділігі мен ұтқырлығына сенімді болуы ел дамуына өзіндік үлесін қоса алатын тұлға қалыптастыруда зор рөл атқаратыны көрсетілген.
Елімізде ғылыми-техникалық бағыттағы бағдарламалар бойынша жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарында 55 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Яғни балалардың техникалық шығармашылықпен қамтылу көрсеткіші 2 пайыз деген сөз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруымыз керек.
Ақтөбе қаласында қалалық техникалық шығармашылық орталығы ұзақ жылдардан бері тұрақты жұмыс жасап келеді. 23 бағытта жұмыс істейтін орталықтың жұмысы жемісті, — деді Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры. Ол өз сөзінде үйлестіру кеңесінің жиынын өткізу үшін біздің облыстың неліктен таңдалып алынғаны туралы айтты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Ақтөбе қаласын еліміздің қазіргі заманғы урбанистік орталықтарының алғашқыларының бірі ретінде атап өткен болатын. Ақтөбе Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен бірге агломерациялық ірілену орталығы ретінде дамитын болады. Ғылыми-техникалық бағыттағы білім беру ұйымдары басшыларының республикалық үйлестіру кеңесінің қорытынды отырысын өткізу үшін Ақтөбе облысының таңдап алыну себебі — осы. Кеңес жұмысын өткізуге үлкен қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығымды білдіремін.
Биыл республикалық тамыз кеңесінде аталған кеңестің тарихында бірінші рет қосымша білім беру мәселесі көтерілді. Сол кезде Үкімет басшысының орынбасары қызметінде болған Бердібек Машбекұлы республикалық тамыз кеңесіндегі сөйлеген сөзінде қосымша білім беруді дамыту мәселесін көтеріп, қосымша білім берудің маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Тиісті мекемелерге нақты міндет жүктеді. Қосымша білім беру орталықтарының педагогтері: «Біздің де жағдайымыз түзелетін болды-ау» деп шын қуанды, — дей келе, Раиса Шер сөз кезегін Бердібек Сапарбаевқа берді.
Өз сөзінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев республикалық үйлестіру кеңесінің қорытынды жиынының Ақтөбе өңірінде өткізіліп жатқаны үшін рақмет айтты.
— Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе — өзекті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың міндеттерін орындаймыз десек, жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды экономикаға енгізуіміз керек. Бұл жұмысты балалардан бастауымыз қажет. Талапты, талантты, дарынды балалар өте көп. Біздің, ересектердің негізгі міндеттерінің бірі — балаларға әр кез қолдау, көмек көрсету. Мектептерде балаларға жалпы білім беріледі. Қосымша білім беру орталықтары баланың шығармашылығын дамытып, қабілетін арттырады. Балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырудың тағы бір пайдасы — тәртіпбұзушылық болмайды, құқықбұзушылықтың алдын аламыз, — деді облыс басшысы. Ол өз сөзінде қосымша білім беру саласына қолдау көрсету үшін облыста қандай жұмыстар атқарылатыны туралы әңгімеледі.
— Бұл саланы дамыту үшін қосымша қаржы көздерін қарастырамыз. Жұмысты жандандыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігінің маңызы зор. Бұл мақсаттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіземіз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарынан балабақшалар ашу туралы тапсырма берген болатын. Таяу уақытта құрылыс компанияларынан, мердігер мекемелерден көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын мемлекет қаржысы есебінен сатып алып, онда қосымша білім беру мекемелерін ашатын боламыз.
Ақтөбе өңірі қосымша білім беруді дамытуда еліміздегі алдыңғы қатардағы аймақтардың бірі болғанмен, бұл салада шешілмеген мәселелер де бар. Біздің облыста қосымша білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін балалар аз. Облыс орталығынан бастап ауылдарда қосымша білім беру орталықтары жеткіліксіз. Кейбір аудандарда мектептен тыс білім беру мекемесі мүлде жоқ. Біздің мақсат осы жұмыстарды жандандыру.
Республикалық үйлестіру кеңесінің отырысы Ақтөбе облысындағы қосымша білім беруді дамытуға ықпалын тигізеді деген сенімдемін, — деді Бердібек Сапарбаев.
Қазір елімізде 28 жас техниктер станциясы мен орталығы бар. Балалар сарайы мен үйірмелерінің ғылым, техника бөлімдерінің 340-тан астам техникалық профильдегі үйірмелері жұмыс жасайды. Бұл орталықтарда 7-17 жастағы 28 мыңнан астам оқушы, сонымен қатар 1896 мектеп жанындағы үйірмелерде 27 344 бала тәрбиеленіп жатыр.
Үйлестіру кеңесінде ведомствоаралық әрекеттестікті күшейту негізінде ғылыми-техникалық бағыттағы қосымша білім беруді дамытудың жаңа тәсілдерін және ұйымдастыру нысандарын анықтау мәселелеріне басты назар аударылды.
Жиында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бөлімінің басшысы Әсет Оспанов «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда бос уақыт қызметінің маңызы», «Челябинск облысы жасөспірімдердің техникалық шығармашылығы үйі» мекемесінің директоры Владислав Халамов «Технологиялық білім беру бағдарламасы: Балабақшадан өндіріске дейін»
тақырыптарында баяндама жасады.
Сонымен қатар кеңес отырысында Павлодар қаласындағы Балалар техникалық мектебінің директоры Александр Зозуля аталған орталықтың тыныс-тірлігі туралы баяндап, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа балалар жасаған кемені тарту етті. Жиында «UCMAS Қазақстан» халықаралық орталығының медиаторы Жазира Байжұманова орталық жұмысы туралы әңгімеледі.
«UCMAS» халықаралық орталығы әлемнің көптеген дамыған елдерінде бар. Бұл орталық елімізде бірінші рет 2011 жылы Алматы қаласында ашылды. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде «UCMAS Қазақстан» халықаралық орталығының 20-ға жуық бөлімшесі бар. Ақтөбе қаласында орталықтың 4 бөлімшесі жұмыс істейді.
— Біздің орталықта балалар ойша есептеуді үйренеді, балалардың ойлау, есте сақтау қабілеті дамиды. Орталыққа негізінен 4-12 жастағы балалар қабылданады. Бағдарлама 10 деңгейден тұрады. Балалар 3-3,5 жылда бағдарламаны толық меңгереді. Нәтижесінде балалар бір таңбалы саннан бастап алты таңбалы сандарды бір-біріне қосып, азайтып, көбейтіп, бөле алады. Бұл бағдарламадағы негізгі көмекші құрал — абакус деп аталатын көне қытай шоты.
Бағдарламаны меңгерудің арқасында балалар тез уақытта есеп шығарумен қатар, өлең-жырларды дереу жаттап алады. Сонымен қатар, аталған бағдарлама балалардың ағылшын тілін меңгеруіне де ықпал етеді, — деді Жазира Байжұманова.
Жиын соңында республикалық кеңестің қорытындысы бойынша ұсынымдамалар қабылданды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button