АуылМереке

Осындай оқу орны бар

Малға ота жасалады

Сіз малға ота жасағанды көрдіңіз бе? Ал мен соны осы жасыма дейін көрмеппін. Далада да, қалада да болдым. Ұзақ жыл мал шаруашылығымен шұғылданатын ауданда қызмет істедім. Облыстық газеттің тілшісі ретінде де талай жерді шарладым. Мал мамандарын даярлайтын жоғары, арнаулы оқу орындарына, ветеринарлық қызмет көрсететін мекемелерге де талай бас сұғып жүрдім, бірақ ұшырастырмадым. Кешегі кеңес кезінде адамнан гөрі малға ерекше назар аударылды. Шаруашылықтардың ветеринарлық қызмет көрсететін орындарында дәрі-дәрмек, құрал-жабдық толып тұратын, жоғары білімді мал дәрігері де аз болмайтын. Бірақ қандай да бір малға ота жасап, сауықтырды дегенді естімеппін. Малға жасалатын емнің түрі мұндай жағдайға жетпейтін, тіпті бұндай шаруа ерсі сияқты көрінетін. Әрине, мал дәрігерінің алған білімі, оған қойылатын талап бойынша бұл жұмыстардың қажеттігін сезетінбіз. Бірақ іс жүзінде ол мойындалмай, нақты өмірде, күнделікті тұрмыста дағды алмай келді. Кеңес Нокин ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінің жұмысымен танысу кезінде ота үстеліндегі малды көргенде алғашқыда қатты таңырқағаным осыдан еді. Құдды адамға ота жасап жатқандай, ақ халат киген оташы және бір топ студенттер ота үстеліне төніп тұрды. Тыныштандырылатын дәрімен егілген қой қозғалмай жатыр. Қарны жарылып, қайта тігіліп болып қалған. «Ішкі көк етінен жарық тауып, тіктік. Енді қауіп жоқ. Аз күн өткен соң, сауығып кетеді» дейді оташы. Бұл жердегі мақсат — малды емдеумен бірге, оқушыларға дәріс беру, оларға ота жасауды үйрету, колледж аудиториясынан алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыру екені түсінікті. Менің жанымда осы колледждің бүгінгі жағдайын арнайы көруге келген ардагер ағалар бар еді. Олардың арасында қазір зейнеткерлікте болғанмен, кешегі кездерде мал маманы қызметін атқарған, ұжымшар, кеңшар басқарып, ауданның тізгінін ұстаған белгілі азаматтар да жүрді. Байқаймын, оқу орнындағы әр жаңа бастама, сәтімен біткен көп іс олардың жандарына жағып бара жатқандай. Біз мұнда сәске аударып келіп едік, түскі астың уақыты өтіп барады, бірақ ешкім оны да еске алатын емес. Алды сексеннен шығып, соңы жетпісті қусырып қалған ақсақалдардың кейбірі аяғы ауыратынын да ұмытып, аудиториялардан тәжірибелік кабинеттерге еніп, үздіксіз аралаумен болды. Аумағы да, білім беру ауқымы да кең, шәкірттерді кәсіптік мамандықтарға оқытатын бұл арнаулы оқу орнын жаяу-жалпылап аралау үлкен кісі түгілі, жастың өзіне күшке түсетіндей.
Ғимараттардың бір қабатынан екінші қабатына көтеріліп, жалғасып жатқан оқу кабинеттерін көріп, шәкірттермен сұхбаттасып, білім ордасының жай-күйін ұғынып болғанша, уақыт өте берді. Бүгінгі талапты шәкіртке беретін сан тарау жол, түрлі мамандық түгел осында тұрғандай, олардың бас-аяғын санап болмастай көрінді. Ауыл шаруашылығын механикаландыруға төрт бөлім кіреді. Агрономия, орман шаруашылығы салалары бойынша берілетін мамандықтар өз алдына. Әрине, бұдан өзге мал шаруашылығы саласына қатысты оқылатын мамандықтар өзінше бір сала. Соңғы жиырма жылда беделі түскен бұл мамандықтардың қазір қайтадан қадірі арта бастаған сияқты. Аудандар мен ауылдардан, тіпті серіктестіктер мен шаруа қожалықтарынан тікелей келіп оқып жатқан жастар өте көп. Ветеринария бөліміне былтыр 25 жас алынса, биыл 50 жас қабылданған. Мұндағы оқушылар, соның ішінде болашақ мал дәрігерлері, зоотехниктер бюджет есебінен оқиды, 18 мыңнан 25 мың теңгеге дейін шәкіртақы алады.
Зоотехник, мал дәрігері мамандықтарына сұраныстың артып отырғанын байқататын жайларды осында болған азғантай уақыттың ішінде біз де аңғардық. «Париж коммунасы — XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Г.Тертерян өз есебінен тәжірибелік кабинет жасақтап берген. Алға ауданының Бестамақ ауылында тұрған бұл шаруашылық шошқа өсіреді. Өздеріне қажетті жас мамандарды да осы мүддеге қатысты оқытуда. Арнаулы кабинетті де соған сай байланыстырып жасақтаған. Шошқа өсіретін кешендегідей жабдықтар, құрал-саймандар алып берген. Серіктестік басшысы колледжге жиі келіп, оқушылар алдында лекция оқитын көрінеді. Бұған қоса, осы бөлімде оқитын оқушыларға 12 мың теңге жалақы төлеп, тегін тамақ беріп, өндіріс басында тәжірибелік сабақтар өткізіп тұрады. Содан да жас мамандар мұнда жұмысқа баруға әр кез ынталылық танытады екен. Мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысатын серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшыларына бұл дәстүрдің әзір жұғысты болмай тұрғаны өкінішті.

«Темір академиясын» жалғастырушы

Әйтсе де Тертерян сияқты қамқоршысы болмаса да, мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына қатысты мамандық беретін аудиториялар мен тәжірибелік кабинеттер де осы заманғы оқу орнының деңгейінде жасақталыпты. Оқу орнындағы жағдайдың, білім берудің соңғы жылдары түбірімен өзгергенінен және кәсіптік мамандықтарға деген құштарлықтың артқанынан болар, жастар мұнда, бұрынғыдай емес, көптеп келетін болған. Олардың ішінде ҰБТ-дан тәуір балл алған талапкерлер де бар. Тіпті 100 балл жинаған бір талапкер осы оқу орнын таңдапты. Себебі бұл оқу орнын бітіріп, жұмысшы мамандығын алып шыққан жастардың 90-95 пайызы жұмысқа орналасады.
Бұрын кәсіптік мамандықтар даярлайтын техникум болған бұл оқу орнының материалдық оқу базасы мығым. Кеңес заманында осындай байырғы оқу орны Темір қаласында болғанын жұртшылық жақсы біледі. Оның алғашқы түлектерінің көпшілігі қазір өмірден өтіп кетті. Бұл техникумды бітірген мамандар қызметте тез өсіп, кеңшар директоры, аудан басшысы дәрежесінде жұмыс жасаған. Марқұм Кеңес Нокин ағамыз жиырма жыл бойы Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы болды. Түлектерінің жоғары оқу орнын бітірген кадрлармен тең болатынын еске алып, халық ол оқу орнын техникум демей, «Темірдің академиясы» атаған. Сол білім ордасы тоқсаныншы жылдары жабылып, оқу базасы біз әңгімелеп отырған колледжге берілген. Қазір көптеген оқу құралдары, жабдықтар осындағы аудиторияларда тұр. Соның бірі — біз көрген, сиырдың қаңқасы. Кейбір ағаларымыз білім ордасына келіп, осыларды көргенде: «Темірдегі студенттік күніміз осының айналасында өтіп еді» деп көзіне жас алады екен.
Әрине, бұл бұйымдар қазір мұражайдың жәдігері сынды болып қалған. Бүгінгі оқу орнының базасы осы заманға сай мүлде өзгеше жасақталған. Ауыл шаруашылығы кәсібінің құрал-жабдықтары да, техникасы мен қолданылатын әдіс-тәсілі де бөлек. Өркениетті елдердің озық технологиясы келген, білім берудің жаңа талабы енген. Мамандық бұрынғы болғанмен, оқитын аудитория, тәжірибелік кабинеттер, ұстап-тұтатын құрал-жабдықтар мүлде басқа, техника да өзгеше, көпшілігі үр жаңа. Дәріс беретін ұстаздар қауымы білікті, білімді, ғылым кандидаты, Мәскеудің Тимирязов атындағы академиясын бітірген адамдар сабақ береді.

Тәжірибемен ұштасқан оқу

Агрономия бөлімінде топырақтану дейтін сабақ қазақ тілінде жүреді. Практикалық сабақ үстіне келгендіктен, оқушылардың аудиторияда алған теориялық білімдерін тәжірибемен қалай ұштастыратынын көрдік. Бұл бөлімде өзіміздің өңірдің астықты аудандарының балаларымен бірге, Қызылорда облысының жастары да оқиды. Оқу орнының шағын жылыжайында осы шәкірттердің өз қолымен отырғызылған көкөністің, дәнді дақылдың 47 түрі өсіп тұр.
Колледждің шарбағындағы тәжірибелік танаптарда өсірілген қарбыз-қауын, асқабақ, көкөністің жаңа сорттары биыл бітік шығыпты. Бұған қоса, 10 гектар алқапқа егілген картоп та жақсы өнім берген. Оқу орнының жанында қосалқы шаруашылық ірге тепкен. Бұл жердегі соңғы жылдары жүзеге асырылған жаңалықтармен танысу үшін автобусқа мінуге тура келді. Өткен жылы осы оқу орнына арнайы берілген жаңа көлік. Жайшылықта бұл көлікпен қалада тұратын оқушыларды ертеңгілік сабаққа әкеліп, кешкілік үйлеріне жеткізеді екен.
Қосалқы шаруашылықта кешегі кездегі бір кеңшардың тіршілігіндей жұмыстар жүріп жатыр. Асыл тұқымды төрт түлік мал да, тіпті күркетауық, қаз-үйрек, бөдене, қырғауыл сияқты құстың небір түрлері де бар. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін кешен жұмыс істейді. Оның шебері Бауыржан шәкірттерге сан техниканың тілін үйретумен бірге, қаладан, ауылдан келетін клиенттерге ақылы қызмет көрсетеді. Шебердің қолы және осы жерге орнатылған озық қондырғылар көліктерді мінсіз жөндеуге жағдай жасайды. Шеберхана жанында күн сайын практикалық сабақтар өтеді.
Колледждің инновациялық өз зертханасы бар. Мұндағы мамандар шәкірттердің қолымен дәрі-дәрмек шығаруды қолға алып жатыр. Осындай сан түрлі жұмыстарды өрістетіп отырған білім ордасының тіректері — Астана, Алматы қалаларындағы аграрлық және зоотехникалық-ветеринарлық академиялар екен. Колледж қазақтың қарашаңырақтары атанған осы оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Тәжірибе алқабын, жылыжайды көріп, агрономия мамандығының мұғалімі Гүлнар Ешжановамен пікірлесіп, 47 түрлі отырғызылған өсімдікті тамашалап, бүгінгі шәкірттерді бір қырынан танығандай болып едік, колледж жанындағы қосалқы шаруашылықты аралауымыз мүлде тың әсер берді.
— Осының бәрі биыл үш айда салынды. Бұрын қорамыз болды, бірақ шағын әрі нашарлау болатын, — дейді осы бөлімнің меңгерушісі Бибігүл Ешбаева.

Жаңару қарқыны. Ұлғаю жоспары

Жалпы мұнда соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқын алып, колледждің бұрынғы алқа-салқа болып тұратын көне ғимараттары жаңарып, кірсе шыққысыз болған екен. Ішіне еурожөндеу жүріп, жаңа жиһаздар кірсе, сыртқы сәулеті де түрлене қалған.
Оқу ғимаратының биігінен қарағанда бұл маңдағы атқарылған және атқарылу үстіндегі барлық жұмыстар алақандағыдай көрінді екен. Колледж директоры Аманкелді Есіркепов осы жерде болашақтың жоспарын да алдымызға жайып салды. Бұл азаматты бұрыннан білетінбіз, облыстық оқу бөлімінде қызмет атқарды. Облыс әкімінің орынбасары болып көп жұмыс жасады. Дегенмен мынадай шаруашылық жүргізудің нағыз шебері болар деп ойламаппыз. Үлкен ағалар да ризалығын жасыра алмай: «Өзің келген бір-екі жылдың ішінде біраз жұмыс бітірген екенсің!» деп сүйсінген. Алайда бұған талайды көрген сыралғы басшы: «Мұны ұжымның еңбегі дегеніміз дұрыс болар. Сосын мемлекет тарапынан оқу орындарына жылма-жыл қаржы да жақсы бөлініп келеді» деп аударып жіберді.
Әрине, басшының бұл сөзі де орынды. Елбасының көрегендік саясатының арқасында оқу орындарына, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ордаларына айтарлықтай қаржылық қолдау көрсетіліп жатқаны да рас. Бірақ көп жағдайда соның өз орнына жұмсалып, нәтиже бергенін көру де арман. Игерілмей қалатын жағдайлары да аз емес.
Ал бұл колледждің директоры оқу орнының көкжиегін кеңейтіп, әлі де жаңа мамандықтар ашуды мақсат етеді. Қазір жастар оқу орнына көп келе бастаған. Осы жылы алғаш рет оқуға жастар бәсекемен, бірқатары алғаш рет ақылы бөлімдерге қабылданды. Жаңадан мамандықтар ашылды. Мәселен, геодезия мамандығына 36 талапкер қабылданды. Бұл мамандардың ертең қайда жұмыс істейтіні қазірден белгілі. Себебі облыстың, ауданның жерге орналастыру мекемелері мұндай мамандарға зәру. Ауылшаруашылық кәсіптеріне, жұмысшы мамандықтарына қабылдауды ұлғайтудың сәті келіп-ақ тұр. Осы ретте колледж директоры:
— Аудандардағы кәсіптік-техникалық училищелер бір күнде колледжге айналды. Мен олардың жағдайын жақсы білемін. Бұл оқу орындары мемлекет меншігінде. Бір кезде ауыл шаруашылығының орта буын мамандарын Темірдің техникумы жалғыз дайындағаны белгілі. Біздің оқу базамыз, мүмкіндігіміз қазір одан артық. Сондықтан бізге мемлекеттік тапсырысты молайтуға болар еді. Қазір бұл — 425 адам. Мемлекеттік тұрғыдан қарағанда жауапты және аса қажетті кадрларды даярлауды бір жерден жүргізген экономикалық жағынан да тиімді болар еді, — деген ойын білдірді. Әрине, бұл — ойластырып шешетін мәселе.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button