Басты жаңалықтарДенсаулық

Дәрі-дәрмек жеткілікті

Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен «СҚ Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаевтың қатысуымен жиын өтті. Шараға денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мен аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты.
Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді айтып өтті.
— Мемлекет басшысының қолға алуымен денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты түрлі бағдарламалар қолға алынып, бүгінде олар өз нәтижесін бере бастады. Биыл «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталды. Аталған бағдарлама аясында республика көлемінде қыруар шаруа тындырылды. Сондай-ақ, биылдан бастап жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Оның ішінде дәрі-дәрмек мәселесі, сақтандыру шараларына қатысты жұмыстар қарқын алады, — деген облыс әкімі «СҚ Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаевтың облысқа жасаған сапарына сәттілік тілеп, алда бірігіп атқарылатын шаруаларға тоқталды.
Нұржан Әлібаев «СҚ Фармация» серіктестігі елімізде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында дәрілік заттарды сатып алу мен жабдықтаушыларды қамтамасыз ету бағытында бірыңғай дистрибьютордың қызметін атқарып отырғанын, осы ретте бірқатар жобалардың қолға алынғанын айтты. Оның ішінде дәрілік заттардың сапасы, лизингке алынатын медициналық жабдықтар, отандық өнімнің үлесі, дәрі-дәрмекті сақтау секілді мәселелерге тоқталды. Аймаққа дәрі-дәрмек жеткізуде «Стофарм» ЖШС-ның жұмысы да назарға алынатыны айтылды. Қазіргі күні өңірге жеткізілетін дәрі-дәрмек серіктестіктің халықаралық стандарттарға сай қоймасында сақталады.
Сондай-ақ, жиында облыстағы емдеу мекемелерінің серіктестік алдындағы дебиторлық қарызы өскені белгілі болды. Мәселен, өткен жылы іске қосылған облыстық аурухананың берешегі 150 миллион теңге болса, жедел медициналық көмек ауруханасының қарызы 320 миллион теңгеге жеткен. Жиында аурухананың бас дәрігерлері қарыздың не себепті өскенін түсіндірді. Облыстық аурухана басшысы Самат Данияров желтоқсан айының соңына дейін қарыз толық қайтарылатынын айтса, жедел медициналық көмек ауруханасының бас дәрігері Арыстан Рақымжан жыл соңына дейін 104 миллион теңге өтелетінін, қалған сома алдағы үш жылда қайтарылатынын айтты. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы мәселелер де ортаға салынды. Емдеу мекемелерінің басшыларына республикалық және жергілікті бюджет қаржысына жалтақтамай, өз беттерінше жұмыс істеу керектігі ескертілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button