Ауыл

Жастарға жақсы үлгі

Облыс әкімі айтқан мәселе

Елбасының жыл сайынғы халыққа арналған Жолдауында кәсіпкерлікті кең ауқымда қолдау, шағын және орта бизнесті кеңейту мәселелері баса айтылып келеді. Алайда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын бұл жұмыстар өз мәнінде жүргізіліп отыр деп айта алмаймыз.
Ауданда орта және шағын бизнестің өріс ала алмай отырғанын жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың сынағаны белгілі. Дегенмен осы салада талпынып, өзгелерге үлгі көрсетіп жүргендер аз да болса, бар. Соның бірі — Кеңқияқ ауылының тұрғыны, кәсіпкер Рая Қартмағанбетова.
Кәсіпкерліктегі алғашқы қадамын Рая Кенжеғалиқызы 2008 жылы Сазды аумағының «Кеңқияқ» атауымен азық-түлік дүкенін ашумен бастады. Азық-түлік дүкені ауылға кіреберіс жерде, күре жолдың бойына салынған. Мұның да әсері болар, күнделікті тұтынушылар саны күннен-күнге көбейе бастады. Басқа сауда нүктелеріне қарағанда бұл дүкенде келушілерге тез әрі сапалы қызмет көрсетіліп, аз уақытта халықтың көп баратын жеріне айналды. Осыны ескеріп, кәсіпкер ауыл ішінен және бір «Кеңқияқ» азық-түлік дүкенін салып, іске қосты.
Ол дүкен ашумен бірге, негізі азық-түлік және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімді бағада болуына көңіл бөлді. Барлық есептік және сауда айналымының дұрыс жүруін қадағалады. Жұмыскерлерінің еңбекақысын уақтылы төлеп, алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасады. Кәсіпкердің ұстанымы — ел игілігіне қызмет істеу. Осыны басты парыз санайды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі: «Қандай да болмасын дағдарыс кезінде ша¬ғын және орта бизнес қалыптасқан жағдайға икемді болып келеді және одан шығудың тиімді жолдарын тез табады», — деп кәсіпкерлікке үлкен сенім артқан болатын. Президент жұмыс орындарын қысқартпай, әр жұмысшы-қызметкерді сақтап жұмыс істеуді талап етіп отырған қазіргі сәтте бұл мәселенің маңызы зор
«Тамшыдан тама берсе, дария болар» дейді халқымыз. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дейтінді де айтқан қазақ. Р.Қартмағанбетова бір шаруаны бітірдім деп, қанағаттанып қарап отырмайтын адам. Ол өзінің азық-түлік дүкендері жанынан шағын наубайхана ашты. Жұмыс жүргізудің жолын тауып, ауыл халқын ыстық нан, тоқаш, бөлке сияқты нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Наубайханаға жылда облыс әкімі шешімімен «Жаңа Әлжан» комбинатынан жеңілдікпен бірінші сортты ұн беріліп отырады. Бір салғанда нан пісіру пешінен 45 минуттың ішінде 100 нан пісіп шығады. Күніне 500 нан пісіріледі. Нан өнімдеріне деген сұраныс артса, бұдан да көбірек пісіруге болады екен. Нанның бағасы — 55 теңгеден, бөлкенің бағасы — 90 теңгеден. Ол шығарған нан өнімдері өте сапалы әрі дәмді. Наубайхана шетелдің жаңа технологиясымен жабдықталған. Нан өнімдерінің бірнеше түрін шығарады.
Ауыл кәсіпкері алдағы уақытта өз ісін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Жеке кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, наубайхананың жанынан халықтың сұранысына сай тәтті тоқаш, бәліш, балкүлше, тағы басқа да нан тағамдарын сатымға шығармақ. Бірақ әзір қаржысының ауылдан 40 орындық қонақүй салуға кетіп жатқанын айтады. Қонақ үй ауыл үшін бірінші кезектегі шаруа болып тұр.
— Өйткені өндірісті аймақ болғасын сырттан жұмысшылар көп келеді. Олардың жататын орны жоқ. Осыны ескеріп 1000 шаршы метр аумақты алып жатқан 40 орындық қонақ үй салып жатырмыз. Кеңқияқ мұнайшылар жабдықтау бөлімшесінің жиырма жылдай басшысы болдым. 2011 жылы зейнеткерлікке шықтым. Бір кезде мұнайшылар қонақүйіне де басшылық жасадым. Сол кезде 35 орындық қонақүйге мұнайшылар әзер сиятын. Қонақүйдің жұмыс жүйесін жақсы білемін, — дейді кәсіпкер.
Қазіргі таңда кәсіпкерлік — заман талабы. Осы тұрғыдан келгенде, Рая Кенжеғалиқызының қазіргі ісі жастарға жақсы үлгі.

М.КЕМЕШЕВ,
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button